Тәуелсіздік сарайында елордалық оқушылар арасында робототехникадан чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа қатысушылар 3 санат бойынша өзара бақ сынасады: «Сызық бойындағы жарыс», «Тапсырманы орындау» және «Робосума».
Шара Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру, жастар мен балалардың инновацияларға және жоғары технологияларға қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған. Оны Астана қаласының білім басқармасы «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы «Білім инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесе ұйымдастырып отыр.
Чемпионатта елорданың 31 мектебі мен лицейлерінен барлығы 82 команда тіркелді. Қалалық кезеңге 23 білім беру мекемесінен 46 команда жолдама алды. Жарысқа 10-19 жас аралығындағы балалар қатысады. Әрбір команда құрамына екі спортшы және бір робот кіреді.
Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Жанғозин бұл чемпионат алғаш рет өткізіліп отырғанын айтты.