20 Ақпан, 2017

Баспана бағасы баянды бола ма?

324 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй қоры бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. Тұрғын үй құ­рылысының ырғақты да­муы, Аста­наның салынуы еліміз­дің экономикасын өрге сүй­реп, Қазақстанды бүкіл ТМД мемле­кеттерінің ішіндегі әлеу­ет­ті құрылыс индустриясын қа­лып­тастырған көшбасшы елге айналдырды. Тек тәуелсіздік жыл­дарының өзінде ғана елімізде 1 мил­лионнан астам отбасы баспана жағдайын жақсартты. Алайда, тұрғын үйге деген сұраныс одан да жоғары. Жылдан-жылға өсіп келе жатқан осы сұраныс елімізде жан-жақты дамыған тұрғын үй рыногын қалыптастырды. Иә, бүгінде еліміздегі ең бір табысты да жетекші биз­­нес – тұрғын үй рыногы десек, ақиқаттан алыс кет­пей­міз. Азаматтардың тұр­мыс дең­гейінің сапасын айқын­дай­тын негізгі көр­сеткіш қолай­лы баспана екен­дігі дау­сыз. Сондықтан, тұр­ғын­дар­дың экономикалық бел­сенді­лігі артқан сайын тұрғын үй рыно­гының айналымы да еселенеді. Сонымен бірге, көп­шіліктің мүддесіне қатысы бар баспана биз­несі ешкімді де бейжай қал­дыра алмайды. Ендеше, еліміз­дегі бүгінгі тұр­ғын үй рыно­гының беталысы қалай, баспана бағасының нарқы қандай? 2016 жылы елімізде пай­далануға берілген тұрғын үй көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылы тек Астана қаласының өзінде ғана бұрын жоспарланған 1,3 миллион шаршы метрдің орнына, 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге, осы жылы доллар баға­мының 80 пайызға дейін қым­баттауы тұрғындардың шет ел валютасымен, негізінен АҚШ долларымен жинаған са­лым­дарының еселенуіне жағдай жасады. Ал доллар салымдары банктердегі депозиттердің 70 пайызын құраған болатын. Бұл өз кезегінде тұрғындарының табысы жоғары өңірлерде жылжымайтын мүлікке деген сұранысты арттырды. Мамандардың дерегі бойын­ша, соңғы екі жыл ішінде бірқатар өңірлерде пәтерлерді сату және сатып алу көлемі айтарлықтай деңгейге өс­кен. Мәселен, 2016 жылы Аста­на қаласының тұрғын үй рыно­гындағы сауда-саттық көлемі 61 пайызға, Алматыда – 48 пай­ызға, Ақтауда – 42 пайызға, Шымкентте 18 пайызға өскен екен. Сөйтіп, соңғы жылдарда пай­далануға берілетін тұр­ғын үй көлемінің күрт ар­туы, доллар бағамының қымбат­тауы еліміздің тұрғын үй рыно­гында пәтерлер бағасының ар­зандауына алып келді. Еске сала кететін болсақ, 2016 жыл­ғы қаңтар айында 1 АҚШ дол­ларының бағамы 380 теңгеге дейін (мәселен, 22 қаңтарда 1 доллар – 384 теңге) көтерілді. Ал дәл осы кезеңде Астана мен Алматы қалаларында сау­даға шығарылған ескі пәтер­лердің шаршы метрі 1175 дол­лардан айналып тұрған. Оны теңгеге шаққанда әлгі пә­терлердің шаршы метрі 450 мың теңгеге шарықтап шы­ға келді. Енді тұрғын үй ры­ногындағы риэлтор мен дел­далдардың шаршы метрді арзандатпасқа амалы қалмады. Оның үстіне, 2016 жылғы ақпанда елімізде бағаны АҚШ долларымен көрсетуге тыйым салған электронды сауданың жаңа ережесі қабылданды. Жылжымайтын мүлік нары­ғында ұзақ жылдардан бері үстемдік құрып келе жатқан АҚШ долларын мүлде тежеп тастау мүмкін емес еді. Де­генмен, тұрғын үй рыногын долларсыздандырудың алғашқы қадамдары басталды. Сарапшылардың дерегі бойынша, тұрғын үй рыногында бағаны доллармен көрсетуге тыйым салынысымен, пәтер бағасы бірден 10-15 пайызға арзандаған екен. Мәселен, «Крыша» сайтының есебі бойынша, 2016 жылдың мамыр-маусым айларында Астана және Алматы қалаларының тұрғын үй рыногындағы жыл­жымайтын мүлік бағасы 15 пайызға арзандаған көрінеді. Сөйтіп, 2016 жылдың соңында еліміздің өңірлеріндегі тұрғын үй рыногында сатылатын пә­­терлердің орташа бағасы 18-28 пайыз аралығында төмендеп­ті. Оны төмендегі инфографикадан айқын байқауға болады. Жалпы, өткен жылы тұрғын үй рыногындағы бағаның бір­­шама тұрақтануы сауда-сат­тықтың көтерілуіне жағдай жасады. Мәселен, 2016 жылы қазақстандықтар пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер рыногында 190 мың сауда-саттық жасаған. Бұл 2015 жылы жасалған сауда-саттықтан 24 мың бір­лікке артқан. Өткен жылы жылжымайтын мүлік саласында сауда-саттық шарасын жасау­дың көшбасшысы Астана қаласы болды. Жыл ішінде мұн­да 26,5 мың сауда-саттық жасалған. Бұл 2015 жылғы көр­сеткіштен 54 пайызға көп болды. Тұрғын үй рыногындағы сауда-саттықтың көтерілуіне қазақстандықтардың нақты табысының төмендеп кетуі де кедергі бола алмады. Ал 2016 жылы соңғы 6 жыл кө­лемінде елімізде бірінші рет тұрғындардың нақты табысы орта есеппен 5 пайызға төмендегені тіркелген болатын. Осы орайда арендалық тұр­­ғын үй мәселесі туралы да бір-екі ауыз айта кеткен жөн сияқты. Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы елімізде арендалық тұрғын үй саласын дамыту мәселесіне үнемі ба­сымдық беріп келеді. Қазіргі кезде Қазақстандағы арендалық тұрғын үй секторы бұл қызмет түрін көрсететін негізгі үш бағытта айқындалады. Бұл, біріншіден, жеке меншік тұр­ғын үй рыногы. Ол сти­хия­лық сұраныспен реттеледі жә­не алыпсатарлық сипат ал­ған. Себебі, пәтерге де­ген сұ­­раныс өте жоғары. Мәсе­лен, бүгінде Астана және Ал­маты қалаларында жеке мен­шік сектор жалға беретін пә­терлердің бір айлық ақысы орта есеппен 70 мың теңгеден айналады. Арендалық тұрғын үй секторының екінші ойыншысы – негізінен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ тарапынан көрсетілетін мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі болып табылады. Бұл әріп­тестік негізінен жұм­салған қаржыны қайтару мақ­­сатында коммерциялық бағыт­ты ұста­нады. Сондықтан, оның пәтер­лерді жалға беру бағасы да жоғары. Арендалық тұрғын үймен жабдықтаудың бұл түрі табысы шектеулі тұрғындардың басым бөлігі үшін тиімсіз. Бұл қызмет түрін көп ретте та­бы­сы жоғары ұлттық компа­ния­лардың қызметкерлері не­месе ортаң қол кәсіпкерлер ғана пайдаланады. Арендалық тұрғын үй секторының жал­­­пыға тиімді үшінші ойын­шысы коммуналдық кәсіп­­орын сипатында қызмет көр­­сететін мемлекет болып табы­лады. «Қол­жетімді бас­пана» бағ­дар­ламасы бо­­йын­ша мемлекет тарапынан көр­сеті­летін арен­далық тұр­ғын үй қызметі тиімді әрі қолжетімді. 2017 жылы еліміздің тұр­­­ғын үй рыногында 2016 жылы қалыптасқан жағдай жал­ғасын табатын түрі бар. Оған сарапшылардың 2017 жылғы қаңтар айындағы бас­пана бағасының нарқы туралы деректері дәлел болмақ. Мә­селен, биылғы қаңтарда Астана қаласындағы пәтер бағасының шаршы метрі орта есеппен 332 860 теңгеден айналған. Яғни, желтоқсан айындағы бағадан шаршы метрі 1,6 пайызға немесе 5440 теңгеге төмен сатылды. Алматыдағы пәтер бағасының шаршы метрі қаңтарда 359080 теңгеден айналған немесе желтоқсан айындағыдан 7420 теңге төмен. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда, 2017 жылдың қаңтарында Астана қаласында пәтер бағасы 19,5 пайызға, Алматы қаласында 17 пайызға арзандаған. Яғни, өткен жыл­дың қаңтарында Астанада пәтер бағасының шаршы мет­рі 413 500 теңге болса, биылғы қаңтарда 332 860 теңге болған немесе 80640 теңгеге арзандаған, Алматыда 2016 жылдың қаңтарында пәтердің шаршы метрі 434200 теңге болса, биылғы қаңтарда 359080 теңге немесе 75120 теңгеге арзан бағаланып отыр. Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй рыногында қалып­тасқан қазіргі жағдай 2017 жыл­дың соңына дейін сақталады. Дуалы ауыз мамандардың көпшілігінің пікірінше, тұрғын үйдің қайталама рыногында сатылатын пәтерлердің ба­ға­сы жыл ішінде тағы да 15 пайызға арзандайды. «THS GROUP» құрылыс хол­дин­гінің құрылтайшысы Қай­рат Құдайберген «2017 жы­лы қайталама рыноктағы пәтер­лер бағасы 15-20 пайызға төмендейді, ал жаңа пәтерлерге деген сұраныс, Алматы және Астана қалаларында жо­ғары болады, соған сәйкес бұл қала­ларда жаңа пәтерлердің баға­сында айтарлықтай ауытқу болмайды», дейді. «Өткен жылы тұрғындардың нақты табы­сы едәуір төмендеді. Ал тұрғын үй құрылысының қар­қыны бұрынғыдан да жоғары. Бір жылда елімізде 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұндай көрсеткіш кеңестік дәуір кезе­ңінде де болып көрген емес. Сондықтан, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде пәтер бағасы төмендейтін бо­лады», деген пікірін алға тартады «Almagest» атты консалтингтік компанияның бас директоры Айдархан Құсайынов. Сарапшылар соңғы бір-екі жылда қалыптасқан жағдайға байланысты тұрғын үй рыно­гындағы баға арзандады деп «алақайлағанымен», біздің ойымызша, Қазақстандағы бас­пана шаршы метрінің бағасы әлі де жоғары. Себе­бі, тұрғындардың нақты табы­сының көлемі мен пәтер бағасы ара­сындағы айырмашылық тым алшақ жатыр. Қалай де­ген­мен де, тұрғын үй рыно­гын­дағы баға деңгейін сұра­ныс көлемі реттейтін болады. Егер, экономикамызда шыны­мен нарық заңдары жұмыс істей­тін болса, алдағы уақыт­та да еліміздің тұрғын үй рыно­гындағы пәтерлердің бағасы айтарлықтай төмендеуге тиіс. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»