20 Ақпан, 2017

Үзілген әуен қайта жалғасты...

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Әу» демейтін қазақ жоқ». Сайын сах­араға тарыдай шашыла қалған бір­неше миллион ғана болсақ та, дарын­сызымыз кемде-кем. Екеуміздің бі­рі­міз өнерліміз. Десе де, саф алтын­дай хас таланттылардың тасада қалып жат­қан­дары көп-ақ. Бойындағы ғажайыптың булығып, барын бере алмағанына ішің ашиды, көңілің құлазиды. Құдайдың осы әділетсіздігіне қайран қаласың да. Көпте жоқ қасиетті үйіп-төгіп береді де, тағдыр жазуымен көлегейлей салады. Әр тұсынан сетінеген қамыс қалпа­ғын баса киіп қора жағында ұзын сап ай­ыры­мен малына шөп салып, әлдебір әуен­­ді ыңылдап жүретін көрші Кәрібекті ес білгеннен танимын. Көктем шыға таң атар-атпастан күрең атын ерттеп мі­ніп, бір отар қойын алдына салып қыр асып бара жататын. Күн ұясына батып, ір­гені іңір басқан шақта отардың шаңы кө­м­ген қарасы көрінеді. «Әйт-шу, қайт, әй!» деп айқайлай мал қайырған үні ауыл іргесіндегі төбеден аспай жатып ес­тіледі де, артынша әлдебір әнді жал­ғай жөнеледі. «Күміс құмған-ай, Отта тұрған-ай... Әйт-шу, кебенек келгір!» Кейінірек сұр есегін тақымдап үлкен ұлы ілесетін болған. Малдарын ауылдың кезегіне қоспайтын Кәрібектің қысы-жаз­ғы жұмысы осы. Ірі қарасы да аз емес. Жыл сайын бес биеден кем сау­майды. Күнімен қойын өргізсе, түні­мен жыл­қысын жаяды. «Қай уақытта ұйық­тап үлгереді? Осы төрт түліктің жай­ы­­нан басқа түк те білмейтін шығар» деп ойлайтынымыз да рас-ты. Тағы әнде­те­ті­нін қайтерсіз?! *** ...Кәрібектің шын өнерін наурызда көр­дік. Біздің ауылда ұлыстың ұлы күні бө­лекше тойланатын. Ұлттық мейрамға мұқым ауыл атсалысады. Әр көшенің тұр­ғындары төрт-беске бөлініп, бір-бір киіз үй тігеді. Үш көшеден он-он беске жуық шаңырақ бой көтеріп, кереге ке­рі­леді. Дастарқанын жаяды. Бір-бірінің отауына бас сұғып, қастерлі дәмнен ауыз тие­ді. Содан кейін бәсеке басталатын. Әр киіз үйдің иелері араларынан палуа­нын, әншісін, күйшісін, өнердің әр түрінен дүлдүлін әзірлеп, додаға қосады. Дәстүрлі әндердің бәйгесінде біздің ортамыздан қара домбырасын құшақтап Кәрібек шықты ортаға. Халық әндерін орындады. Қоңыр даусы микрофонсыз-ақ көкке әуелеп, көпті елітті. Аңызақ желі әсте тоқтамайтын жазық даланың жотасына қона салған ауыл аспанына шарықтай көтерілген үні дала атау­лыны тамылжытқандай-ақ еді. «Керім-ау айдай, Кермиық-ау жұртың қайда-ай...», деп шырқағанда құлақ құрышын қандырды. «Алма ағаштың гүліндей-ау, Текеметтің түріндей-ау...» деп кө­сілгенде жан-кеудеге шуақ құяды. Кеу-кеулеген жұрт Кәрібекті кішігірім сәкі-сахнадан қос әнмен жібере қойған жоқ. «Әп, бәрекелді! Осындай даусыңды сағындық, сілтей түс!» десті. «Домбыра ұстамай кетіп едің, шырқа, қарағым» деп демеді. *** Үйге келген соң апамнан естідім, Кәрібекті жас кезінде Алматыдағы кон­­сер­­ваторияға емтихансыз қабылдамақ бол­­ған екен. Сондағы ағалар айрықша да­у­­сына тәнті болса керек. Асылды қа­дір­­лей алмайтын қазақылығымыз тұсау сал­­ған ғой. Әкесі марқұм бір аяғын со­ғыс даласына тастап келген майдангер еді. «Қайда барасың? Мал-жанға кім ие бо­­лады? отыр жайыңа» деген. Амал не­шік, домбыраның ішегін қағуға ар­нал­ған саусақтар қойшының таяғын ұс­тап қа­­ла берген. Бұрнағы жылы «Кәрібектің үлкен ұлы Орынбасар консерваторияға түсіпті» деп ес­тідім ел жақтағы ұзынқұлақтан. Қуан­дым. Сонау кездегі Наурыз мере­ке­­сі есі­­ме түсті. Кәрібектің домбыра үні­­мен ас­­тасып, көкке әуелеген қоңыр дау­­сы құ­­ла­ғыма келді. Ал жақында әлеу­мет­тік желіден көршімнің ұлының өзі шы­ғар­ған күйін орындаған бейнетас­па­сын кө­з­ім шалып қалды. Әдейі көріп, кө­ңілім марқайды. «Ат тұяғын тай басқаны» жақсы ғой. Әке­сі Кәрібекті Алматыға жібергенде ше?.. Қазақ өнерінің қара нары атанар ма еді... Жә, Орынбасардың айы оңынан ту­сын! Әкесінің арманын орындады ғой. Асан ӘМЗЕБЕК АСТАНА