Елбасымыз «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауындағы төртінші басымдықта білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыра отырып, орнықты білім арқылы елімізді озық елдердің қатарына қосуды мақсат тұтып отыр.
Ұлттық музейде «Қазақстан демократиялық жаңару белесінде» тақырыбында өткен республикалық конференцияда білім саласындағы реформа және билік тармақтарында өкілеттіктерді қайта бөлу, Ата Заңға өзгеріс енгізу мәселелері кеңінен әңгіме болды.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жастардың барлығының жоғары оқу орындарында грантпен оқуға мүмкіндіктері жоқ, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Талдыбек Нұрпейіс. – Амал жоқ, ақылы оқу орындарына барады. Содан ақша табу үшін сабақтан кейін жұмыс істейді. Бұл әрине, студентке көп күш түсіріп, оқуына кедергі келтіреді. Міне, биылғы Жолдауда кәсіптік білім беруді ақысыз ету мәселесі нақты айтылған. Бұл дегеніміз – жоғары оқу орнына дайындық әрі жастар мейлінше мамандықсыз қалмайды деген сөз.
Жиында сондай-ақ, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Қалиев, Жангелді Махашов сынды ғалымдар өз ой-пікірлерін білдіріп, Жолдаудың алға қойған мақсаттарын кеңінен саралап берді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА