Қоғамдық қатынастар жылдам өзгеруде. Әлемдегі экономикалық, қаржылық, әлеуметтік және саяси үрдістер әрбір елге тікелей ықпалдарын тигізеді. Ашық қоғам орнатып жатқан мемлекеттердегі ішкі саяси ахуалға, саяси институттардың қызметіне, халықтың саяси санасы мен мәдениетіне әлемдік саяси үрдістердің шешуші әсері болады. Қазақстан халқы дамыған мемлекеттер халықтары ұстанатын тренділерге ден қойды. Сондықтан ел билігі өзгерудегі әлемдік ерекшеліктерге сәйкес және оларға жауап беретін саяси өзгерістердің Қазақстанда да болғанын қалайды, соған мүдделі.
Экономика мен саясат өзара тәуелді байланыста. Саяси жаңару экономикалық жаңаруға жол ашады. Конституциялық реформа Елбасының 2017 жылға арналған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді шешудің заңдық іргетасын жасайды. Демек, 25 қаңтарда жарияланған Президенттің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен 31 қаңтарда жарияланған Жолдауды бірінен бірі туындайтын, бірін бірі логикалық және тәжірибелік тұрғыдан толықтырып тұратын маңызды мемлекеттік бағдарламалар болып табылады.
Билік тармақтарының бөлінуі, бірін бірі бақылауы және олардың халық пен қоғам алдында жауапты болуы дамыған мемлекеттерге тән экономиканы жасаудың негізгі тетігі. Биліктің бөлінуі болмайынша, экономикадағы монополизм, көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік басқару, аппараттың шектен тыс бюрократиялануы, халықтың мұң-мұқтажын тиімді шешіп отыру, адами капиталды тиімді дамыту сияқты Жолдауда көрсетілген өзекті мәселелер ойдағыдай шешілмейді.
Конституциялық реформалар демократиялық қоғам құрылысын нығайта береді. Ал Жолдаудағы міндеттер дамыған, бәсекеге қабілетті елдерге тән экономиканы жасау міндеттерін шешеді. Демек, Президент ұсынған екі құжаттың да ортақ мақсатқа – Қазақстан халқының жағдайын жақсартуға, заманауи экономикасын құруға және демократиялық қоғамын қалыптастыруға қызмет ететіндігі даусыз. Заманауи талаптарға сәйкес келетін экономиканы демократиялық қатынастарға негізделген мемлекеттік құрылымдар жасайды.
Экономикалық дамуға қол жеткізген мемлекеттердің барлығының саяси жүйелері – демократиялық жүйелер. Авторитарлық, тоталитарлық, диктатуралық саяси жүйелердің табыстары уақытша, қысқа ғана кезеңде болатындығын әлемдік тарих әбден дәлелдеп кетті. Демократиялық саяси жүйелер өз елдерінде экономикалық бостандықтарға жол ашатындығын және материалдық өндірістің гүлденуін қамтамасыз ететіндігін көріп отырмыз. Себебі, билікті демократия құндылықтарына сәйкес құрған мемлекеттер халқы еркін, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін, ішкі таланты мен еңбек әлеуетін ашуға тиімді жолдарды тез табады. Керісінше, жабық автократиялық қоғамдар халқы тұйықталып, тұмшаланып, қорқақтап өзінің ішкі әлеуетін аша алмай өмір сүреді. Экономика мен саясаттағы өзара тәуелді байланыстың ең күрделі жері осында. Әділетті, теңдікті, демократиялық жүйелер экономикалық өрлеуге тірек және реформалардың тиімділігінің кепілі болып келеді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев – осы заңдылықты терең түсінген тұлға. Сондықтан Елбасы елде жүргізіліп келе жатқан демократиялық реформаларға үнемі мұрындық болып келеді. Елбасы 25 қаңтар күні Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Президенттің бұл жолғы ұсыныстарын елдегі конституциялық реформалардың жаңа кезеңі деп батыл айтуға болады. Себебі, ел Конституциясының 18 бабына 22 өзгеріс пен толықтыру енгізу және 2-баптың 4-тармақшасының алынып тасталуы ұсынылған. Бұл өзгерістер мен толықтырулар республикалық референдумға немесе Парламенттің талқылауына түседі. Конституциялық Кеңес мәселеге қатысты шешім қабылдайды.
Өзгерістер мен толықтырулар Конституцияны түбегейлі өзгертуді мақсат тұтпайды. Міндет билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті, өзара тежеуді және бірін-бірі бақылауды қамтамасыз ету. Елдегі билік бөлінісі туралы бұрын да аз айтылған жоқ. Оның дәлелі 2007 жылғы саяси реформалар болатын. 2007 жылғы конституциялық реформалар Қазақстанда қатаң, орталықтандырылған президенттік билік жүйесінен президенттік-парламенттік билік моделіне ауысуды бастады. Президенттің біршама өкілеттігі Парламентке ауысты. 2017 жылғы конституциялық реформаларда осы үрдіс тереңдетілуде. Президент 40-шақты өкілеттікті Парламент пен Үкіметке беруді ұсынды. Биылғы реформалар Үкіметтің атқарушы билік тармағы ретіндегі рөлін арттыра отыра, оның Парламенттің алдындағы жауаптылығын және есептілігін де күшейте түседі. Алдағы уақытта Үкімет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталатын бағдарламаларды жасауға және орындауға толықтай жауап беретін болады. Үкімет өз қызметінің негізгі бағыттары жайында Президент пен Парламент алдында есеп беріп отырады. Парламенттің Үкіметтің қызметін бақылауы мен тексеру тетіктері күшейтіледі. Мысалы, Парламент депутаттарының үштен бірінің бастамасымен Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдау құқы беріледі. Үкімет мүшесінің жұмысы нашар болса, депутаттар үштен екі құрамымен ол адамның қызметтен босауы туралы Президентке өтініш айтуға қақылы. Демек, Үкімет Парламент алдында жауапты бола түседі.
Президент осы уақытқа дейін пайдаланып келген заң күші бар Жарлықтар шығару құқығынан бас тартады. Бұл Парламенттің заң шығарудағы рөлін көтеріп, оның қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Осыған дейін Үкімет өз қызметін ел Президентінің алдында доғаратын болса, алдағы уақытта өкілеттігін жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында тоқтататын болады. Сайлауда жеңген партияның Үкіметті жасақтайтынын есепке алсақ, бұл өзгеріс өте дұрыс. Мәжілісте көп дауыс алған партия Үкімет құрады. Сөйтіп, Үкімет парламенттік сайлауға және оның қызметіне тәуелді болатын ахуал қалыптасады.
Өзгерістер мен толықтырулар елдегі сот билігін де жетілдіре түспек. Жоғарғы сот ендігі жерде жергілікті және басқа да соттардың жұмысын қадағалай алмайды. Әрбір сот ұйымдары тек заңды ғана басшылыққа алады. Заңдардың дұрыс орындалуын прокуратура қадағалайды деп ұсынылады. Ал прокурорлық қадағалау шеңберлері заңмен анықталады. Сонымен, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың ұсынылуы 11 конституциялық заңға, 20 кодекске, 298 заңға өзгерістер енгізуді талап етеді. Солардың ішінде 11 кодекс пен 80 заң Президенттің өкілеттіктеріне қатысты.
Сот билігін күшейтудің жолы – соттардың тәуелсіздігі. Атқарушы биліктің соттарға ешқандай ықпалы болмайтындай жағдай қалыптасуы – саяси жүйедегі тепе-теңдіктің сақталуының кепілі. «Телефон құқығы» ешбір билік субъектісінде болмауына қол жеткізу маңызды. Сондықтан сот ісіне қандай да болсын жолдармен араласу әрекеттері заңмен жазаланады деп көрсетілуі қажеттілік.
Екіншіден, сот пен прокуратура ел халқының еңбек, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени құқықтары бұзылуының қандай да болсын фактілеріне жол бермейді деп көрсетілуі де зәрулік. Әлеуметтік әділеттілік принципін сот билігі ғана қамтамасыз ете алады. Билік пен халық текетіресте емес, керісінше, билік халыққа қызмет ететін құқықтық ахуал қалыптасуы дамудың кепілі болмақ.
Әрине, кәсіпкер саясаткерлер толыққанды демократиялық саяси жүйенің қысқа мерзімде қалыптаса қоймайтынын жақсы түсінеді. Батыс елдеріндегі демократия ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан басталады. Батыс демократиясының 200 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар. Қазіргі демократиялық құндылықтар ХХ ғасырдың 70-жылдарында ғана қалыптасқан. Яғни, бүгінгі жағдайға жету үшін, демократиялық саяси жүйені қалыптастыру үшін Батысқа 150 жылдай уақыт қажет болды. Осы мерзімде халықтың демократиялық мәдениеті, сайлау жүйесі, демократия құндылықтарына берілу психологиясы тәрбиеленді.
Өкінішке қарай, еліміздегі кейбір қоғам қайраткерлері Қазақстанда 25 жылда толықтай демократияның батыстық стандарттарын жасауға болады деп есептейді. Бұлай асығуға болмайды. Қазақстан халқы да, билігі де, саяси жүйесі де әлі демократия қазанында қайнап піскен жоқ. Демократиялық реформаларды тереңдету барысында «халықтың өзі, халық үшін, халықтың басқаруына» біртіндеп қол жеткізе аламыз.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор
АЛМАТЫ