09 Сәуір, 2011

Біздің беріктігіміз – бірлікте

412 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақия десе, біз осы топырақтағы тарихи-мәдени көне шаһарлар мен қорықтарды, кесенелер мен мазар­лар­ды, әртүрлі ескі заман ескерткіштерін еске түсіреміз. Солардың жуан орта­сында Көне Отырар, Түркістан, Сайрам, Тараз, Қарнақ, Сығанақ, Бекет ата, Айша бибі, Қарахан, Баба Түкті шаш­т­ы Әзиз, Оқшы Ата, Бестам, Көкке­се­не, т.б. секілді тарихи жәдігерлерді елестетеміз. Қазақия десе, бүгінгі әсем қала­лар: Алматы, Астана, Тараз, Ақтау, Қа­р­а­ғанды, т.б. көз алдымызға келіп тұра қалады. Бұл қалалардағы жекелеген әсем ғимараттар мен көрікті кө­шелер, жаңа ескерткіштер мен жай­лы қонақ үйлер тағы да ойыңды бөле береді, санаңа сәуле құяды. Қазақия десе, ұлтымыздың дипло­матиясының көш ба­сында тұратын, білгір де көреген қол­бас­шы, елдіктің іргетасын бекітуге ерен еңбек сіңірген аты­шу­лы хан – Абылай, еуропалық мәдениет пен ұлттық дәстүрді қатар еншілеген ға­лым-этнограф, сая­хат­шы Ш.Уәлиханов, ұлтымыздың тұңғыш білімді ұстаз-оқыту­шы, ағартушы, қа­лам­гері Ы.Ал­ты­нсарин, қа­зақ поэ­зия­сының қа­ра нары, ұлттың ар-ұя­тына айналған Абай көз алды­мызға келіп тұра қал­мас па! Қазақия десе, осы елдің әдебиет-мәдениет һәм спорт саласында ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ХХ ға­сырда әлемді таң қалдырған алдыңғы қатарлы ұл-қыздарын ойлайсыз. Заңғар жазушы М.Әуезовті, үлкен ғалым Қ. Сәт­­баевты, жезтаңдай әншілер К. Бай­сейіт­ованы, Ә.Қашаубаевты, атақты балуан Қ.Мұңайтпасовты, тарихшы-ғалым Ә.Мар­ғұланды, т.б. есімін құрметпен ауызға алғың келіп тұрады. Қазақия десе, ХХ ғасыр ішінде тұл­ғаланып көрінген мемлекетшіл-ұлт­шыл азаматтар Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұр­сы­нов, М. Шоқай, Н.Төреқұлов, С.Мең­де­шев, М.Тынышбаев, Т.Рысқұлов, С.Қо­жанов, Н.Оңдасынов, Ж. Шаяхметов, Д.Қонаев, І.Омаров, Ж.Тәшенов, Ө. Жә­ні­­беков, т.б. есімі ойыңды бөле береді. Қазақия десе, өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, оны баянды ету жолында аянбай тер төгіп келе жатқан, осынау бұралаңды жолдың ыстығы мен суы­ғына тоңып та, күйіп те көріп, бірақ жасымаған, әлі де туған халқын жаңа биіктерге бар ынта-ықыласымен бастай беруге бейілді басшы Н.Назарбаев бастаған бүгінгі күннің көп­теген қоғам, мемлекет қайраткерлері тіл ұшында тұрады. *** Біз, міне, биылғы жылы өз тәуел­сіздігіміздің жиырма жылдық белесіне шыққанымызды марқая айтып, мақ­тана тойлау үстіндеміз. Әр күні айға, әр айы жылға бергісіз осы жиырма жыл – Қазақ елі үшін жай ғана дата ма? Әлбетте, жоқ. Бұл қысқа кезеңде біздің халық қиындықты да, таршы­лықты да көре отырып, сара бағыт, сәтті істің арқасында қиын өткелден аман-есен, еш шығынсыз, қан-төгіссіз өте алды. Бұл – жетістік! Бұл – қуана айтарлық жақсы қадам! Дүние жүзіндегі мойны озық, тә­жірибесі мол, көргені көп талай-талай елдер жас, тәуелсіз Қазақстанға күдік­пен, тіпті сенімсіздікпен қарағаны да өтірік емес. Осы жылдар ішінде ел ішіндегі қиыншылықтарды сылтау етіп, ұрыс-жанжал өрті тұтанып кетуі де ықтимал еді. Қантөгіс те аяқ асты­нан басталып кетуі мүмкін болатын. Тіпті, ашығын айтқанда, кейбір жы­мыс­қы ойлы «саясаткерлер» солай ойлап, ел арасына іріткі түскенін де іштей қалағаны жа­сы­рын емес. Біздің бұлай ба­тыл сөйлеуіміздің шын сыры мен бет-бейнесі мынада: тоқ­саныншы жыл­дары ел ішінде анау айт­қан жақсы жағдай қа­лыптаса қой­ма­ды, ел­де азық-түлік тап­шы­лығы бай­қалды, ет-шұжық, май өнім­дері дү­кен­дерден кө­рінбей кетті, тіпті қа­рапайым сабынның өзі көзден бұлбұл ұш­­ты, құны қанша болса да, сабын көр­се сатып алуға бейілді болды жұрт... Біздің бұл саланы түбірлей жазуымыздың тағы бір ішкі себебі – сондай қиын күндерде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, өз ішімізден де әртүрлі әңгіме-өсек­ке ерік беріп, ел арасына іріткі жүгіртушілер де табылып қалып жатты. Біздің қинала сөз сабақтап отыруы­мыздың сосынғы бір сыры мынада: сол тұста әр-әр жерден бас көтеріп, ұлтара­лық араздық алауын тұтатуға бейіл жандар байқалды, өздерін «оппозиция өкіл­деріміз» деп алып, елге теріс үгіт жүргізу­шілер де бой көрсетті, халық шын жана­шыр кім екенін түсіне алмай, дағдарып қалған шақтар да көз алдымызда... Қарапайым азаматтар арасында рухани күйзеліске тап болып, болашаққа сенімнен гөрі кү­дікпен қараушылар да табылып қалып жатты. Олар Қазақ елінің өз бетінше бейтарап, тәуелсіз, еркін өмір сүріп кетіп, жаңа заман тудыра алатынына, жаңа жетістіктерге жете білеріне көбіне күдіктене көз тікті. Бұл, расымен-ақ, қиын жылдар бол­ды. Сол шақта ел басқару, ел тізгінін қолға ұстау, сөйтіп барша қиыншылықтарды жеңуге білек сыбана кірісу – кез келген азаматтың қолынан келе бермес батыл шаруа екені айтпаса да түсінікті. Еліміз 1991 жылдан бастап өзінің жаңа жолын – сара жолын таңдап қана қойған жоқ, сол жолмен қалай қадам басып, қалай биікке көтерілуге бола­тынын да алдын-ала болжады. Өзіңіз-ақ ойлаңызшы, сол жылдардағы әр­түр­лі экономикалық һәм саяси шешімдерді қабылдаудың астарында қаншалық тартысты ойлар мен тайталас пікірлер бүркемеленіп жатыр еді. Басты бағыт – ел әл-ауқатын көтеру, зейнетақыны уақтылы беру, айлық жалақы көлемін көтеру, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолдау көрсету, зауыт-фабрика мен ірі кәсіп­орын­дар­дағы жұмысшыларға жағдай жасау – міне, осылай тармақталып кете бере­тін-ді. Ал осы айтқан салалардың әрқайсысы өзінше өзекті мәселе һәм күрмеуі қиын жауапты істер болатын. Содан да болар, Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы кезекті жол­дау­ларында осы салаларды жіліктеп талдап, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып отырды. Айта кету керек, Президент жолдау­лары­ның ішіндегі ерекшесі – 2030 жыл­дарға дейінгі кешенді бағдарлама еді. Міне, осы жолдауда біздің еліміз­дің негізгі жолы мен барар бағыты һәм жетер биігі тайға таңба басқандай айтылып өтті, өз көрінісін молынан тапты. Елбасы жолдаулары әр жылдарда ауылды өркендетуге, тарихты тірілтуге һәм әлеуметтік саланы көтеруге, т.б. салаларға бағытталып отырды. Әрбір жылдардың өткен жиырма жыл ішіндегі өсу жолдарына тигізген ықпалы мен белестерге көтерілуге мұрындық болғаны айтпаса да түсінікті ақиқат. *** Қазақ елін бұл күнде әлем жұрт­шы­лығы танып қана қойған жоқ, тіпті бұл елге қызыға да, құмарта да қараушы елдер табылып жатқаны рас. Бұл, әри­не, ең алдымен елдегі саяси тұрақ­ты­лық пен экономикалық қарышты өсу бағыты­мыздың айшықты көрінісі екені даусыз. Ұлтымызды ұлағаттап, әлемге та­ныстыруда әртүрлі саяси, эконо­мика­лық һәм діни басқосулар мен конфе­рен­циялардың да рөлі басым болды. Ондай толыққанды іс-шаралар шеңбе­рінде біздің ауызбірлігіміз, бірсөзділі­гіміз бен татулығымыз тағы да сырт елден келушілерді таң қалдырды. Ең үлкен форум – 2010 жылы Еуро­падағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­­тық ұйымына төрағалық ете оты­рып, сол ұйымның кезекті саммитінің біздің елде, оның ішінде Астанада өтуі болды. ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті екі күнге созылса, сол екі күнде әлем назары біздің Қазақияға ауды. Бүкіл ақпарат құралдары Қазақия топырағы­нан барша әлемге шұғыл хабарлар тар­атып жатты. Қазақстан биыл Ислам Ұйымы кон­ференциясына төрағалық етеді. Дүние­жүзіндегі 57 мемлекет мүше бо­лып саналатын бұл Ұйым жұмысы кезінде де еліміз әлем назарына ілігетіні анық десек, осы күндердің өзінде-ақ интернет арқылы Қазақ елінен әртүрлі жағымды хабарларды көптеп оқуға болады. Соның бір парасы мынаған саяды: Қазақстан тұрақтылық пен татулық берік орын алған бірлігі күшті ел, бұл елде өткен жиырма жыл ішінде эконо­ми­калық, саяси һәм мәдени өрлеу орын ал­ды, халықтың әл-ауқаты артып, тұр­мыс деңгейі жақсарды, зейнетақы тұ­рақты беріліп тұрады және жылма-жыл оның көлемі өсіп келеді, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған отбасы­ларына өкімет тарапынан қолғабыс көрсетілуде. Тағы бір сала мынадай: Қазақ елі өзінің болашағын алғыр жас кадрлармен байланыстырып, білімді де білікті жастарға үлкен үміт артып отыр, осы күнге дейін шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен әлденеше жүздеген жастар оқып, өз еліне қайта оралды. Олардың алдыңғы толқыны қазірдің өзінде билік бұтақтарынан өз орнын тауып, оң істерімен мейлінше көзге түсе қызмет ете бастады. Сосынғы бір сала мынау: Елбасы осы күні әдебиет пен мәдениет һәм спорт саласына да барынша көңіл аударуда. Шығармашылық жастарға жыл са­йын шәкіртақы тағайындалады, спорт­­шыларға тиісті көмек көрсетіледі. Сөз ретіне қарай айта кетуге бо­лады, Қазақ елінің Президенті өнер­ге жақын адам, ол өзі де өлең жазады, содан да болар, Елбасы өз халқынан шыққан ең талантты һәм ойлы қа­лам­гер қауыммен бір емес, бірнеше рет кездесіп, ой-пікір алмасты. Соның алғашқыларының бірі – 1993 жылы болды, ол кезде қазақ әдебиетінің көптеген абыз-ақсақалдары тірі еді, солармен ой бөлісті. Елбасының ерекше қадап айтар тағы бір қасиеті – жазушылармен тек сөйлесіп қана қоймайды, олармен хат та жазысып отырады, бұл көңілге қуа­ныш ұялатар ізгі қасиет емес пе! *** Кезектен тыс Президент сайлауы­ның алғашқы қорытындыларына көз жүгіртер болсақ, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облысындағы сай­лау­шылардың ұйымшылдығы мен белсенділігі байқалды. Бұл көрсеткіш әсіресе халқы тығыз орналасқан аудандарда, ауылдарда барынша айшықтала көрінгенін айтуға тиіспіз. Мысалы, Алматы облысының Панфилов, Ұйғыр аудандарында, Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Созақ ауданында, Шы­ғыс Қазақстан облысының Ұлан ауда­нында, Қарағанды облысындағы Нұра, Жаңарқа аудандарында, т. б. елді мекендерде сайлаушылардың 99 пайыз­дан астамы дауыс беруге белсене қа­тыс­са, Қазақстанның көптеген село­лары мен ауылдарында сайлаушы­лардың бұл додаға 100 пайыз қатысуы көрініс беріп, оң нәтижелі болды. *** Алдымызда қандай асулар күтіп тұр? Ең алдымен 2020 жылға дейін ел экономикасы барынша өсіп, халықтың тұрмысы бұдан да жақсара түспек. Базар нарығы мен айлық жалақының тепе-теңдігі орын алып жатса, бұл үлкен жетістік болмақ! Қай мемлекеттің болсын ең үлкен байлығы – адам! Халқының саны өскен елдің бағы да өсе түспек. Әрине, әлемде аз ғана саны бар елдер де өзінің өркениеттегі орнын іздеп, шарқ ұрып отырғанын білеміз. Бірақ, аздың аты – аз, көптің аты – көп. Осы орайда мемлекетіміз өзінің алдына ұлт санын өсіруді де үлкен мақсат етіп қойды. 2020 жылдары қазақ халқының саны  20 млн болып жатса, бұл тек қолдауды қажет ететін үрдіс болмақ. Мемлекет бар жерде билік бұтақ­тарымен бірге оппозициялық бағыт ұстанған топтар да болатыны даусыз ақиқат. Әрине, ашығын айту керек, билікте отырғандар да барлық уақытта тек дұрыс жолды таңдап, ешқашан қателес­пейді десек, бұл артық сөз. Елдегі әр­түр­лі саяси-экономикалық жағ­дай­ларға байланысты кейде асығыс ше­шімдер де қабылданып кетіп жатуы әбден мүмкін. Алайда, оны өз халқын сүймегендіктен һәм жаны ашыма­ған­дықтан істелген іс деп біржақты баға бере салсақ – бұл да артық пікір! Демек, ел бар жерде пікір алуандығы мен ой тайталасы қатар жүре береді. Бұл ретте оппозициялық ба­ғыт ұстанған­дар­ды да жерден алып, жерден салу орын­сыз болмақ. Олар да өз көз­қара­сын білдіріп отырғаны дұрыс-ақ. Әйткенмен, еркіндіктің жолы осы екен деп аузына не түссе соны айтып, тіпті арға тиетін әңгімеге ерік берсе – бұл мәдениетсіздік! Иә, елге ең алдымен, бес саусақтай бірікк­ен бірлік керек! Ал бірлік үшін – тамырлы татулық қажет. Соның бәріне ие болып, жұртшылықты бұлжымас сара жолға бастау үшін көреген басшы керек! Ондай басшыны ел өзі таңдады. Жолтай ЖҰМАТ, жазушы.