ХАЛҚЫМЫЗ КЕШЕ БІРТУАР ПЕРЗЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫ ҰЛЫҚТАДЫ
Тарих толқындарындағы талай-талай тар жол, тайғақ кешулердің өткелегінен өтіп келіп толысқан тәуелсіздігіміздің жиырмасыншы жылының тағы бір таңы тамылжи атты. Сәуір туса да тәуір болмай тұрған Арқаның ауа райы бүгін тағы тосын мінез танытып, май тоңғысыз мамырдай маужырай қалды. Арайлана көтерілген шуақты күн нұрлы сәулесін молынан төгіп, елдігіміздің айбары, ерендігіміздің айғағы Астанаға шырайлы көктемнің, шынайы көктемнің 8 сәуір күні келгенін паш етті.
Иә, тәуелсіз Қазақ елі тағы бір айтулы тарихи оқиға құшағында. Алатаудан Алтайға, Атыраудан Арқаға дейінгі алып атырапқа қоныстанған жасампаз халық күні кеше, 3 сәуір күні таңдауынан таймайтын тұтастығын тағы да айқын танытып, ел Президентін сайласа, міне, кеше Қазақстан Республикасының Президентін ақ киізге көтеріп, ұлықтау рәсіміне бас қосты. Тылсым табиғат тынысы мен ертеңіне деген ерен сенімін үкілеген еркін ел тілегін табыстырған елорда – Астана да шынайы көктемнің қызуына балқып, ұлан-ғайыр Қазақ даласының төрт құбыласынан түгел келген қонақтарын құшақ жая қарсы алып, бұрынғыдан да келбеттене, көріктене құлпырып тұрды.
Сағат таңертеңгі 10.00. «Қазақ елі» ескерткіші алдындағы орталық алаңға Мемлекет басшысын, өркениет әлемінің өркенді болашағына өрісті қадам басқан қазақ жұртының Көшбасшысын құрметтеуге қырық мыңнан астам астаналықтар мен қала қонақтары жиналыпты. Көктемнің қызулы күні жомарттана өпкен жұрт жүзі жайдары, көңілдері көтеріңкі. Мереке құшағындағы алаң ХХІ ғасыр баспалдағында жаһандық кеңістікте киелі келісім кілтін ұстаған қазақ халқының келешегі кемел, болашағы жарқын екенін жалпақ әлемге жария еткендей. Тәуелсіздік сарайы алдындағы бас алаңда Сарыарқа самалымен баяу тербелген сансыз көк тулар шөкімдей бұлты жоқ шайдай ашық көк аспанмен астасып, біртуар ұлын ұлықтауға келген көшелі халықтың ақтығы мен пәктігін айғақтайды.
Тәуелсіздік сарайы демекші, тәуелсіз еліміздің бас сарайына әлем назары ауғанына екі жылдың өрмегі ауды. Өткен жылдың желтоқсан айында дүние жүзіндегі аса мәртебелі ұйым – ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің басшылары бас қосып, жаһанды толғандырған келелі мәселелерді де осы сарай қабырғасында талқылаған. Сол кезде бірлік пен берекені ту еткен мемлекетіміздің Елбасын ұлықтау рәсімі өткен Тәуелсіздік сарайының үлкен залында тарих шежіресінде мәңгілік көрініс тапқан Астана Декларациясы қабылданған болатын.
Міне, халқымыздың шежіресіндегі тағы бір ұлы оқиға, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсімі де осы тарихи залда өткелі отыр. Ұлықтау рәсімі Тәуелсіздік сарайының үлкен залына Мемлекеттік ту, Президент штандарты және Қазақстан Республикасының Конституциясын салтанатты түрде әкелуден бастау алды. Сымдай тартылған сарбаздар әрбір қадамын болашаққа бастаған баспалдақтай сарт-сарт ұрып, үлкен зал төріндегі салтанатты сахнаға мемлекет рәміздерін қондырды.
Сағат таңертеңгі 10.45. Ақордадан салтанатты шерумен шыққан Президент кортежі «Қазақ елі» монументі алдындағы бас алаңға бет алды. Салтанатты кортеж Сарыарқа төсінде ХХІ ғасыр ғажайыбы ретінде бой көтерген арман қала – Астананың зәулім ғимараттар сап түзеген сәнді көшелерімен жылжып келеді. Ашық аспанға Қазақстан айбынын асқақтата көтерген бұл ғасыр құрылыстарының әрқайсысында Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бар. Иә, бүгінгі «ақ түйенің қарыны жарылған» ақжарылқап күнде де айтылар ақиқат біреу – үшінші мыңжылдықтағы әлемнің сегізінші кереметіне айналған Астананың авторы да – Елбасы, сәулет өнерінің сұңғыла үлгісі елорданың бас архитекторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.
Қуаныш құшағындағы Астана аспанына шашу болып атылған артиллериялық салют залпымен ілесе Мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайына бет түзеді. Қазақ елі ескерткішінен Тәуелсіздік сарайына дейін жайылған оқалы қызыл кілем төсенішпен жүріп өткен Елбасын қос қанаттағы сансыз халық қол бұлғап, қошеметпен құрметтеп отырды. Сарайдың бас қақпасының алдында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Республикалық Ұланның бас қолбасшысы Абай Тасболатов баянат берді.
Сағат 11.00. Ұлтының дарабозы, халқының маңдайына біткен біртуар перзенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына қадам басты. Ұшқан құстың қанаты талар Қазақ даласының төрт бұрышынан түгел жиналған зал толы жұрт, өңір өкілдері Қазақ елінің Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тік тұрып, зор құрметпен қарсы алды. Атшаптырым зал кеңістігін Елбасының сөзіне жазылған әуезді ән – «Елім менің» асқақтай кернеп кетті.
Ел және Елбасы! Біртұтас жерің, тәуелсіз елің барда бір-бірінен ажырамас, айырылмас егіз ұғым. Міне, бүгін ажырамас осы қос қасиетіміз тұтаса қабысып, алты алаштың айбынын асқақтатты. «Елімнің табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын» дейтін дана тұлға, халқының ақберен басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сарайдың салтанатты төріне көтерілді. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов еліміздің Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кірісетіндігі туралы мәлімдеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып, салтанатты жағдайда ант қабылдады:
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!
Содан кейін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын сүйді. Іле шырқалған қуатты әнұран әуезімен зал ішін бір сәт толқыған сезім, тебіреністі көңіл-күй кернеп кетті. Бас алаңды қайыстырған 40 мыңнан астам халық, зал толы жұрт жүректеріне қолын қойып, еркін елдің айбарлы әнұранын асқақтата шалқытты. Астана аспанына қуатты елдің, шуақты елдің шашуындай 21 дүркін артиллериялық залп берілді.
Салтанатты зал төріне Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов шығып, салтанатты рәсім жағдайында Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Мемлекет басшысы биік мінберден ұлықтау рәсіміндегі Қазақстан халқына арнаған жүрекжарды сөзін жолдады. (Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзі газетімізде жеке жарияланып отыр).
Мемлекет басшысының Қазақстанның, Қазақстан халқының алдағы уақытта дамуын, өсіп-өркендеуін паш еткен салиқалы да салмақты сөзінен кейін ел Президентін ұлықтау салтанаты Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Қарулы Күштерінің салтанатты шеруін қабылдауымен қорытындыланды.
Елбасы Тәуелсіздік сарайының бас кіреберісінен Қазақ елі алаңына шыққанда, Жоғарғы Бас қолбасшыны еліміздің Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков күтіп алып, Жоғарғы Бас қолбасшыға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлері Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтауға арналған сапқа тұрғызылғанын баянат етті. Бұл кезде мерекелік әскери үлгіде киінген жауынгерлер сымдай тартылып, салтанатты шеруді бастауға пәрмен күтіп тұрған еді.
– Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер? – деді осы сәтте Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев. Ал взводтар мен роталарға бөлініп, сапта тұрған сарбаздар: «Сәлеметсіз бе, Жоғарғы Бас қолбасшы?» деді де, іле-шала үш мәрте «уралап» Президентке құрмет көрсетті. Артынша әскери шеруді бастауға пәрмен берілді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әркез мемлекеттік символдардың қатарында тұрады. Өйткені, мемлекеттіліктің, Тәуелсіздіктің негіздерінің бірі саналатын отандық әскердің еліміз дамуындағы рөлі ерекше маңызды және әрқашанда да маңызды бола бермек. Еліміз егемендігін ала салысымен, Президент өз Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылдағаны есімізде. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстанның төл армиясы дүниеге келген еді. Бұл 1992 жылдың 7 мамыры болатын. Мемлекет басшысының осынау тарихи Жарлығынан бергі уақыт ішінде еңселі еліміздің Қарулы Күштері аспанкөк түсті Мемлекеттік туымызда айшықталған құс төресі – текті де тәкаппар қыран секілді қанатын кеңге жайып, көкке самғап келеді.
Жан-жағымызға қарап қоямыз. «Қазақ елі» алаңы толған халық. Олар болса, Президенттің өз лауазымына кірісу құрметіне арналған әскери шеру жасап, өтіп бара жатқан жауынгерлердің қимыл-қозғалысынан, сондай-ақ әскери шеруді қабылдаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан көз алар емес. Бәрі дұрыс, барлығы жөн. Өйткені, еліміздің Тұңғыш Президенті өзінің сарабдал саясаты арқылы, орнымен жүзеге асырған реформалары арқылы Қазақстанды әлем жұртшылығына танытты. Тәуелсіз елдің тәуелсіз Қарулы Күштерін құру арқылы, оны еліміздің қауіпсіздігін қорғайтын қуатты күшке жеткізді.
Ұлықтау шеруіне қатысқан Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлері жүктелген міндеттерді ойдағыдай, жоғары деңгейде орындады деуге болады. Бұл салтанатты шеру барысында да, оны тамашалаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл-күйінен де, жиналған қалың қауымның жарқын жүздерінен де анық байқалып тұрды.
Қазақстан Қарулы Күштері бүгінде қажетті әскери техникалармен, білікті кадрлармен жеткілікті түрде жасақталып жатыр деуімізге әбден болады. Міне, бұл Қарулы Күштер саласына мемлекет тарапынан қаржылай қамқорлық жасалып жатқанының нақты көрінісі. Мемлекет басшысының қолдауымен қорғаныс саласын қаржыландыру 25 есеге көбейді. Мысалы, 1992 жылы ол 8 миллиард теңге болса, бүгінде 200 миллиард теңгеден асты. «Армиясы күшті мемлекет қана қуатты ел бола алады» деген қағиданы ұстанғанның нәтижесі осындай болса керек. Бұл жерде әскери жаттығулардың орны бөлек болатыны белгілі. Осыған байланысты оқ атудан 16 мың, әскери техниканы жүргізуден 5 мыңдай жаттығулар өтті. Ал әуе қорғанысы күштерінің жылына ұшу сағаты 25 мыңнан асты. Енді Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерін ХХІ ғасырдың талаптарына сай қылу міндетін қойып отыр.
Әскери шеру Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрінің жүріп өтуімен аяқталды. Президентті ұлықтау салтанаты өткен күн енді тарихымызға алтын әріптермен жазылатын болады. Елі сенген Елбасының әр қадамы қарышты, келешегі кемел Қазақстанның әр ісі табысты болғай.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанатына Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы Соттың судьялары, елімізде тіркелген шет ел елшіліктерінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Конституциялық Кеңестің мүшелері, саяси-қоғамдық бірлестіктердің басшылары, тағы басқа құрылымдардың өкілдері қатысты.
Сөзіміздің басында айтылғандай, алтын Арқа жеріне нағыз көктемнің келгенінің хабаршысындай болып, арайлап атқан ақ таңның шуақты шапағына бөленген осынау күні ақ маңдайы жарқырап келіп, халқының алдында Президент антын қабылдаған Елбасының осынау мерейлі шағында халқымыздың атақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың мынадай бір ауыз өлеңі ойымызға орала кетті.
Ерте күнде отты
Күннен Гүн туған,
Отты Гүннен от боп ойнап мен туғам.
Жүзімді де қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған,
Гүннен туған пайғамбар!
Иә, өркениетті Еуропа мен сан мыңжылдық тарихы бар алып Азияның арасын қосып жатқан осынау ұлы сайын даламызда бізге дейін халық есінде қалған небір айшықты оқиғалар өткені анық. Соның бірі осыдан мың жыл уақыт бұрынғы ғұн, түркі бабаларымыздың дәуірлеген тұсы. Жоғарыдағы өлеңімен Мағжан Жұмабаев бір кездегі керемет тарихымызды еске алып, сонан кейінгі ғасырларға созылған бодандықтан еңсесі басылған халқымыздың рухын көтергісі келген болса керек.
Сарыарқа төсінде сол рух бүгін тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық белесінде халқымыз бөле-жарылмай бірігіп сайлаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесімен асқақтай көтерілді десек, артық болмас.
Кешегі өткен сайлаудың халықты біріктіруге қызмет еткенін Елбасын ұлықтау рәсіміне еліміздің барлық қоғамдық ұйымдары, саяси партиялары, соның ішінде оппозиция лидерлері де қатысқаны, сөйтіп орасан мәнді осы оқиғаға ортақтасқаны қосымша дәлелдей алады. Әуелде сайлауға бойкот жасауға шақыруға дейін барған оппозиция басшыларының бұл қадамын құптау жөн. Басылымымыздың басшысы С.Абдрахманов бізге инаугурациядан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбаймен қысқа қайырым тілдесіп қалғанын әңгімелеп берді. Сайлау барысында өзінен сұхбат алмағаны үшін газетті зілсіз айыптай сөйлеген Жармахан Айтбайұлы баламалы кандидаттар Елбасына лайықты қарсылас бола алмады деген сыңайдағы сынын айтыпты. Сонымен қатар, бұл сайлаудың Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқы алдындағы биік беделін танытқанын да атапты. С.Абдрахмановтың: «Елдің бір азаматы ретінде Назарбаев сіздің де Президентіңіз ғой. Құтты болсын айтпайсыз ба?» деп тақымдаған сөзіне орай Ж.Тұяқбай Елбасын сайлаудағы жеңісімен құттықтайтынын айтыпты. Бұл да білгендіктің бір белгісі деп бағаладық.
Халқымыздың қалтқысыз қалауын дәл бүгін табиғат-ананың өзі қоштағандай. Дәл осы күні жарқырай ашылған ашық күнді алдағы жақсылықтың белгісі деп ұқтық. Тегінде қоғамдық ортада болатын ұлы дүбір оқиғалар мен табиғи құбылыстардың сәйкес келуінің астарында да бізге жұмбақ бір сыр бар секілді. Мұны, яғни тарихи оқиғалардың өрбу барысын, алған бағытын әлемдік рухпен байланыстыратын немістің идеалистік философиясының атасы Гегель табиғат пен қоғамдық орта қарым-қатынасының тарихи заңдылығы ретінде түсіндіреді. Гегель әлемдік тарихи тұлғалар деп Әлемдік рух пен Тарихи сана еркіндегі субстанциялық элементтен құралған аздаған көрнекті адамдар тобын атай келе, олардың қызмет әрекеттерінің заңдылықтары туралы былай дейді: «Олар өздерінің мақсаттары мен қызметтерін мазасыз, тәртіпке түскен құбылыстардан емес, маңызы әлі ашылмаған, әлі де «жер астында» жасырын жатқан, бірақ жұмыртқаны жарып шығу үшін әлсіз ғана қозғалыс білдіретін балапан секілді жер бетіне шығуға ұмтылатын, яғни көпшілік үшін бейтаныс құбылыстардан туындатады. Олар тек саяси және практикалық қайраткерлер ғана емес, сонымен қатар заман үшін ненің қажеттігін және не істеу қажеттігін түсінетін, көпшілікті өз соңынан ерте алатын ойлы адамдар, рухани жетекшілер болып табылады. Бұл адамдар маңызы әлі дәлелденбеген тарихи қажеттілікті санамен түйсініп, жүрекпен сезіну арқылы инстинкті түрде ұғынып, соған жетуге күш салады. Сондықтан да мұндай адамдардың өз әрекеттері мен істерінде еркін болуының маңызы зор. Бірақ әлемдік тарихи тұлғалардың үлкен трагедиясы сонда, олар «өздеріне өздері ие емес», олар Әлемдік рухтың қолындағы белгілі бір мақсаттарға арналған құрал ғана. Әрине, жай құрал емес, аса қуатты да құдіретті құрал».
Халқымыз өз Президентін ұлықтап шаттанған, төбеде күн жарқырай күлген осы сәтте біз әлемдік дүниетаным философиясының астарында белгілі бір көзқарасты білдіретін осынау ойларды айтып қалдық. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» демеп пе еді Абай атамыз. Ендеше дүние алмағайып түсіп жатқан мына заманда бір Аллаға сыйынып, ел сайлаған Президентімізге халықтың қалауымен қалтқысыз сенім артып, алғы күндерге қадам баса берейік, халайық демекпіз.
«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.