24 Ақпан, 2017

Қазақ қандай халық?

2131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы сұрақтың ара-тұра, ара-тұра дейміз-ау, кейде, тіпті, жиілетіп те қойылатын кездері бар. Көбінесе, оң тұрғыдан жауабы да беріліп жатады. Академик Әбдуәли Қайдар ана бір жылы дүркіретіп кетпектей кітап шығарып, нақ осы сұрақты кітаптың атауында қойған болатын. Иә, сонымен, шынында да, осы қазақ қандай халық? Әу дегеннен айтарымыз сол, қа­зақ өзінің қандай халық екендігін бе­рі салғанда үш мыңжылдық тарихы­мен дәлелдеп келеді, ешкімнен ұял­май­тын сол ұлы да асқақ тарихты өзі­нің қанымен, жанымен, маңдайдан сорғалаған терімен жазып келеді. Осы тарихқа қарасақ, зерделеп жіті үңіл­сек, қазақтың ең әуелі рухы күш­ті, ер халық, бір Тәңірден басқаға та­бын­ба­ған өр халық екенін көреміз. Осы өр­шіл рухты сонау кеңестік кер заманда да қазақтың талай буын ұрпағы атақты Қасым ақынның: «Ей, тәкаппар дүние, Ма­ған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы!» деп ке­ле­тін сәулелі жырларынан бойларына сі­ңіріп өскені де анық. Бодандықты да, бопсаны да, ашар­шылықты да, азапты да, талай тауқымет пен тозақты да көрген қа­зақ қалай бол­ған­да да рухын жасыт­пады, әр сыннан кейін еңсесін қайтара тіктеді. Алаш арыстары оянуға шақырғанда, ояна білді. Одан кейін ойланды. Ерлігі кә­міл қазақ өзінің санасын білім нұ­рымен оятуға да, ақыл-парасатпен зейін қойып ойлануға да, замана бағ­да­рын әр кез салмақтап саралауға да қа­бі­летті екендігін көрсетіп отырды. Сөй­т­іп, тарих толқынының төңкеріліп түс­­кен бір тайталас бұрмасында ер қа­зақ өзінің ежелден аңсаған Еркін­ді­гі­не қол жеткізді. Мәңгілік тәу етер Тәу­ел­сіз­дігімен табысты. Ендеше, «Қа­зақ қан­дай халық?» дегенде біз оны ең ал­дымен осы қымбаттан да қымбат Тәу­­ел­сіздігіне лайықты халық дер едік. Бір кездерде елім бар деп айта ал­маған, «Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым... Жақсы менен жаманды айыр­мадың... Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» деп күңіреніп қа­мыққан Абай хакім, данышпан атамыз бүгінгі бостан, айдынды Қазақ елін көр­се бұрынғы күйініштің орны толып сүйінер еді-ау, шіркін! Иә, бүгінгі қа­зақ жақсы мен жаманды айырған, та­ғыны жетіп қайырған, береке-бір­лігі қош, бір-бірімен тату-тәтті дос. Сонд­ық­­т­ан, қолға алған ісі де болмайды бос. Көре алмаушының да құлағына алтын сырға, қазақ осындай халық. Иә, қазақ ежелден дарқан, қай­ы­рым­ды, қонақжай халық. Сол мәр­тті­­гінің ар­қасында еліміз он сан ұлт­тар дос­ты­ғының ұйыған ордасына ай­нал­ды. Әлеуметтік желіде гер­ман­ия­лық бір не­міс азаматы жа­қында ға­на жү­­рек­жар­ды лебізімен қа­зақтың кең пей­ілін риясыз ас­қақ­татып паш ет­к­еніне сүйсіндік. Қа­зақты жамандайтын­дар әуелі өздері қазақ­тай болып алсын деп саң­қыл­да­ды-ау сабазың. Өткен ғасырдың басында-ақ Григорий Потанин «Маған бүкіл қа­зақ даласы ән салып тұрғандай болып кө­рінеді» деп еді. Иә, қазақ әнші, күйші, ақын халық, өнерге жақын халық. Күні кеше Димаш баламыз Қытайда шырқаған әнімен әлемді баурады, жан жүректерін, ықыластарын жаулады. Тәуелсіздік талай дарындарымыздың тұма бұлақтарын ашып жатыр. Шы­нық­қан шымыр да қазақ екендігін со­нау Америкада Қанат Ислам бауыры­мыз дәлелдеп қуантуда. Иә, бокста да бәсіміз жоғары. Соның алдында ға­на Алматыда өткен Универсиада, осы күндердегі Саппорадағы Азиада қазақтың спорттан да қаражаяу емес­тігін танытқан үстіне танытып жатыр. Ақын Қадыр Мырза Әлі қазақты шет­­елдік қонаққа таныстырған бел­гілі жырында халқымыздың қан­ша­ма қабырғалы, кәделі қа­сиет­те­рін са­­намалап өтеді. Иә, ай­та бер­­сек, қа­­зақ­та ғибрат көп, өнеге же­тер­лік. Өр­кениеттің, жа­һандық жаң­ғы­ру­лар­дың жаңа беле­сі­не көтеріліп те жа­тыр қазақ. Құдай қаласа, ЭКСПО-ны да өткізуге са­қадай сайланып болып қалдық. Қазақ қан­дай дегенде, хал­қымыздың әлем жұрты алдындағы абы­рой-беделін, та­сы­ған мерейін та­ра­­тып та айта аламыз. Осындай еңбекшіл, ойшыл хал­қы­мыз тойшыл тобырға айналмаса екен дейміз. Бір Шымкентте 1000 той­хана бар деп мазаланады бір депутат­ы­мыз. Ал сондағы тойлардың көбі не­сиеге алған қаражатқа жасалады. Осын­дайда тым дарақылана бермей, көр­пеге қарай көсілсек қайтеді деп те ой­­лаймыз-ау. Елбасы Ұлттық Ғылым акаде­мия­­сының салтанатты жиналысында ХХІ ға­сыр – ғылым мен білімнің ға­сыры екен­­дігін қадап айтты. Қазақ қан­дай ха­­л­ық дегенде ендігі жерде ұл­ты­мыз ұм­тылар темірқазық нысана да осы бол­мақ. Қазақ әнші, дарқан, ақын, өнер­паз халық қана емес, қазақ ға­лым ха­лық, білімпаз халық, адами капиталды алға оздырған инттеллектуалды ұлт деп мақтанатын болайық.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»