27 Ақпан, 2017

"Қазақстанды сенімді дос, бауырлас мемлекет деп санаймыз" (сұхбат)

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты Адиль АЛИЕВПЕН әңгіме – Қазақстанға хош келдіңіз! Біздің елімізде бұған дейін де бірнеше мәрте келгеніңіз есі­мізде... – Көп рахмет! Иә, Қазақстанға үшінші мәрте жолым түсіп отыр. Ең алғаш бірнеше жыл бұрын ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының отырысына келген болатынбыз. Екінші рет өткен жылдың наурыз айында Қазақ­стандағы парламенттік сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатыс­тық. Сайлаудың халықаралық талап­тар­ға сай, әділ өткеніне куә болдық. Осы жолы Әзербайжан-Қазақстан пар­ла­ментаралық достық тобының жетек­шісі ретінде келіп отырмын. Алдағы уақытта сіздердің елдеріңізге тағы да жолым түседі деген үміттемін. – Жалпы, Әзербайжан мен Қа­зақ­стан арасындағы қарым-қатынас­тар­дың даму барысын қалай баға­лайсыз? – Біз Қазақстанды Әзер­бай­жан­ның сенім­ді досы, бауырлас мемлекет деп тани­мыз. Екі ел Президент­тері­нің деңгейінде, парламентарийлер деңгейінде өте жақсы достық қатынас­тардың орнағанына көп жыл өтті. Осы уақыт аралығында өзара дос­ты­ғымыз нығайып, қарым-қа­тынас­тарымыз күшейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Біз Қазақстанға және Қа­зақ­стан басшысына ерекше құр­метпен қараймыз. Екі ел бас­шылығының арасындағы дос­тықты жоғары бағалаймыз. Өз басым мемлекеттеріміздің ара­сын­дағы парламентаралық достық тобының жетекшісі ретінде бізге дейін жасалған жұмыстарды одан әрі жетілдіре түсуге мүдделімін. Сондай-ақ, жасаған жұмыстарымыздың алдағы уақыт­та да жалғасын таба беруіне тілектес­пін. Қазақстандық әріптестерімізбен ойымыз бір жерден шығады деп үміттенемін. – Қазақстанды мекендейтін әзер­байжан этносының өкілдері жетерлік. Олардың мұндағы тұрмыс-тіршілігі туралы қандай пікірдесіз? – Биыл әзербайжан халқының Қазақ­стан мен Орталық Азия елдеріне жер аударылғанына сексен жыл толып отыр. Сексен жыл бұрын қазақ халқы біздің қандастарымызға адами тұрғыда үлкен жақсылық жасады. Әзербайжандықтарды шеттетпей, бауырына тартты. Оны біз ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын әзербайжандардың қатары 120 мыңға жуықтайды. Олар өздерін бөтен елде емес, өз елінде жүргендей сезінеді. Қазақстанның тыныс-тіршілігінің бар­лық саласында әзербайжан ұлтының өкілдері бар. Елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне барша қазақстандықтармен бірге үлес қосып жатыр. Қазақстанда халық игілігі үшін жасалып жатқан жақсылықтардың барлығын көруде. Әзербайжан халқының салт-дәс­түріне, тіліне, рухани құнды­лықтарына құрметпен қарап, оларды сақтап қалуға барлық жағдай жасалғанын жақсы білемін. Шынымды айтсам, өз басым, жергілікті әзербайжандардың арасынан бұл елге көңілі толмайтын адамды кездестірген де, ол туралы естіген де емеспін. – Қазақстан-Әзербайжан ара­сын­дағы сауда-эконо­мика­лық қаты­настардың келешегі туралы айтсаңыз. – Екі мемлекеттің бірлес­кен ірі жобалары бар. Әсі­ре­се, мұнай, инвестиция са­ласындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Темір жол, су жолы, автомобиль жолы салаларындағы ин­фра­құ­ры­лымды өрістетуде жақсы же­тістіктерге жеттік. Бұл екі ел­дің де экономикасына серпін беруде. Сонымен қатар, басқа мемлекеттер қаты­сатын жобалар да аз емес. Қазақстан мен Әзербайжанның территория­сы тарихтағы Ұлы Жібек жолының аса маңызды бөлігі екенін білесіз. Осы орайда, Жаңғырған Ұлы Жібек жолы – бірнеше мемлекеттің мүддесін қамтитын аса ірі халықаралық жоба болып отыр. Жалпы, Азия мен Еуропаны байланыс­тыруда екі елдің географиялық орны үлкен маңызға ие, бұл – біздің экономикамызды өрістету үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде Ақтау порты арқылы Еуропадан Азияға, Азиядан Еуропаға жүк тасымалдау жолға қойылған. Қазақстан үшін Әзербайжан порттары арқылы Еуропаға шығу экономикалық жағынан өте тиімді. Әзербайжан да өзі­нің көлік инфрақұрылымын дамы­туға күш салып жатыр. Қазақстан мен Әзербайжан Пре­зиденттері екі елдің мүддесін көз­дейтін, екеуіне де тиімді саяси, эко­номикалық бастамалардың бар­лығын қолдап, қуаттап келеді. Әсі­­ресе, соңғы жылдары байланыс ны­ғайып келе жатыр деп айта ала­­­­мын. Сол себепті, Қа­зақстан-Әзер­­­бай­­жан қаты­настарының бо­ла­ша­­ғы­на зор сеніммен қараған жөн. Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деп білеміз. Қазақстан бас­шы­лығының жүргізіп отырған саясатына қашан­да құрметпен қараймыз. Жалпы, екі ел бас­шылығы халықаралық аренада бір-бірінің баста­маларын үнемі қолдап келеді. Болашақта Қазақ­стан мен Әзербайжанның әріптестік, до­стық қатынастары тереңдей түсетініне кәміл сенемін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»