27 Ақпан, 2017

Ешкі өсіру неге екінші орынға ысырылады?

970 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ертеректе ешкі өсіріп күнелтуді кәсібіне айналдырған ауылдың бір қызы қой көрмесек те, қи көрдік, ешкілі ауылдың қызы едік деген екен. Сол айтқандай, ешкі өсіру ата кәсібіміздің бір тармағы болып келгені рас. Бірақ кейінгі кездерде ешкіге деген көзқарас екінші кезекке ысырылып, қой шаруашылығының көлеңкесінде қалып қойды. Тіпті оның саны мен өсіміне де көз жұма, елеусіз түрде қарауды әдетке айналдырық. Пәленбай ауданда немесе пәленбай шаруашылықта осыншама қой, ешкі бар деп ешкінің санын қойдың есебіне қосып жіберетін жағдайымыз да бар. Осы дұрыс па? Осы олқылықтардың орнын толтыру жолында Ақтөбе аймағында жарқын жобалар жасалған. Әсіресе, мұнда сүтті ешкі шаруашылығын құру ісіндегі қадамдар атап айтуға тұрарлықтай. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 21 асыл тұқымды ешкі өсіретін шаруашылық құрылғанына көз жеткіземіз. Бұл ілкімді іс өз бастауын 2015 жылдың қараша айынан алады екен. Бұл жерде мәселенің басты мәнісі мынада. Ешкі кешегі кеңестік кезеңде, тіпті тәуелсіздікке қол жеткізген тұстың өзінде еліміздің қай түпкірінде де аз болмаған. Бүгінгі күні де оның саны жеткілікті десек, артық айтқандық емес. Алайда, бұлардың бәрі асылдандырылмаған, генетикалық сұрыптау сатысынан өтпеген, тұрқы мен өнімділігі төмен, ұсақ, жай ешкілер еді. Ал қазіргі кезде облыста тек бірыңғай асыл тұқымды ешкі өсіруге бағыт ұсталғаны бұрынғы кезбен салыстырғанда жаңғыртылған саланың өзгешелігін әрі артықшылығын айғақтайды. Осы орайда өңірде асыл тұқымды ешкі өсірумен айналысатын «Шекшек ата» кооперативі ауызға бірінші кезекте ілігеді. Осы іспен беттесуге бел буған ұсақ өндірісшілердің аталған кооперативтің төңірегіне топтасуға бағыт ұстауы да қайтадан жанданған істі жатсынбағанының дәлелі. Аталған кооператив пен асыл тұқымды ешкі өсіретін кәсіп иелері негізінен ешкі сүтін өндіруге бағыт ұстап отыр. Өнімді өндіру бар да, оны өңдеу әрі өткізу ісі тағы да бар емес пе. Тіпті соңғы екі мәселе алдыңғысына қарағанда әлдеқайда күрделірек болуы да әбден мүмкін. Облыстағы білікті мамандардың бірі Нұрлыбек Әлімбековтің айтуынша, ешкі сүтінің өтуінде ешқандай кідіріс жоқ. Тұрғындар тарапынан мал өнімінің бұл жеңсік түріне деген сұраныс күннен-күн­ге артып келе жатқаны байқалады. Коо­ператив мүшелері тек ешкі сүтін өндірумен шектелмей, ірімшік, айран, қатық, сүзбе және құрт секілді әртүрлі өнімдер шығарып, оны ішкі рынокқа жібере бастапты. Бұл үшін облыс орталығындағы сауда орындарымен тиісті келісімшарттар жасалған. Өзінің дәмдік құрамы мен қасиеті жөнінен ешкі сүті ана сүтіне ең жақыны болып шығатынын диетолог ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп берген. Сондықтан, оны сәби рационы есебіне қосатын болса, бұл оның қалыпты өсіп-жетілуіне негіз қалайды. Бүгінгі күні кооперативте өндірілетін ешкі сүтіне еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті таяу шетелдерден де түсіп жатқан сұраныстар бар. Осыған орай экспортқа өнім шығарудың жолдарын да ойластырып отырмыз. Бұл үшін бірінші кезекте өнім өндіру ауқымын кеңейтуді әрі әзір өнімді жоғары сервистік талаптарға сай жабдықтауды жөн көреміз, дейді асыл тұқымды ешкі өсіретін кооперативтің құрылтайшысы Амантай Үмбетай. Қазіргі күні өңірде асыл тұқымды шаруашылықтардың одан әрі дамуына қолайлы жағдай туғызудың кешенді жоспарлары бекітілген. Соның аясында құнарлы мал азығы мен осы ұсақ тұяқты жандықтар сүйсініп жейтін көп жылдық екпе шөптің көлемін өсіру көзделген. Соның ішінде мал азығы үшін оның әр басына 5000 теңгедей қаржылай қолдау берілген. Оның қатарында «Шекшек ата» кооперативі де бар. Бір бас асыл тұқымды ешкіні сатып алудың өзіндік құны 300-350 мың теңгеден кем түспейтінін ескерсек, мұның тым аз екені де бірден көрінеді. Дегенмен, оның мөлшері аз-көп екендігіне қарамастан, көмектің аты қай кезде көмек екенін айтқан жөн. Бұл асыл тұқымды малдар Ресейің Орынбор облысынан және Башқұртстаннан сатып алынып, жеткізіліпті. Түптеп келгенде, асыл тұқымды ешкілер респуб­ли­каның өзге өңірлерінде де кездесіп жүр­гені күмәнсіз. Сондықтан да осы істің басы-қасында жүргендер бұған дейін құрылған жылқының, ірі қараның және қойдың палатасы секілді Қазақстанда да дербес асыл тұқымды сүтті және түбітті ешкінің республикалық палатасы құрыл­ғанын жөн санайды. Әйтпесе, оның түбегейлі мемлекеттік қолдауға ие болуы да екіталай дейді олар. Сондай-ақ, ма­ман­дар­дың пікірінше, мұндай құрылым асыл тұқымды ешкілерді сату мен өнімдерін өткізуге де қолайлы жағдайлар туғызбақ. Өңірде бүгінгі әңгімемізге арқау болып тартылған асыл тұқымды ешкі ша­руашылығында өсім байқала ма? Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын-ақ. Өйткені, облыста бұрынғы ата кәсібімізге тән, сіңісті болған істің қайта оралғанына көп уақыт өте қоймаған. Бар болғаны бір жылдың о жақ, бұ жағында ғана. Дегенмен, оны қойдың санына қоса салмай, арнайы статистикалық есепке енгізу жөнінде қам-қаракет жасалғанының өзі аз олжа болмаса керек. Бұл ретте биылғы жартыжылдықтың қорытындысындағы есепке жиырма бір шаруашылық­тағы ешкі өсімі түгелдей кіріп үлгермеге­ні­не де түсіністікпен қарауға болатын секіл­ді. Өсімтал түліктің жай-күйі тұтас­тай өткен жылдың қорытындысы бойын­ша жинақталатын егжей-тегжейлі есепте белгілі болады деп күтілуде. Міне, Ақтөбе аймағында ата кәсібіміз­дің қайтадан жаңғыртылған бір тармағы – ешкі өсіру ісінің бүгінгі жай-күйі мен кейбір қырлары осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ