Табиғатымыздағы басты байлықтардың бірі – жануарлар дүниесі. Осы жануарлар дүниесін сақтап қалудың бірден-бір жолы – аңшылық шаруашылықтарды көбейтіп, оларды білікті мамандардың қолына беру. Қазіргі кезде Қазақстанда 700-ден астам аңшылық шаруашылық бар. Олар өз жұмыстарын атқарып жатыр.
Аңшылық кәсіп елімізде көне заманнан белгілі және оның алатын орны ерекше. Мәселен, ұлттық аңшылығымыздың ит жүгірту, құс салу және шиті мылтықпен ірі аңдарды атып алу секілді бірнеше түрі болған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауында, дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу, елдің экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндеті қойылып отыр.
Осы орайда, аң шаруашылығын дамыту ел экономикасына үлкен үлес қосып аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп қоймай, аймақта туындайтын басқа да мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Мәселен, аңшылық туризмі бүгінгі таңда ең болашағы бар бизнес көзі болып табылады. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе баяғыда жолға қойылған. Күні ертең өткізгелі отырған ЭКСПО-2017 көрмесіне Астанаға 3 айдың ішінде 5 миллионның үстінде адам келеді деп күтіліп отыр. Бұл миллиондардың ішінде тек инвесторлар ғана емес, сонымен бірге туристер де, журналистер де, аңшылар да болады. Осы ЭКСПО-2017 көрмесінің еліміздің туризм саласын дамытуға мол мүмкіндіктер ашатынын барынша пайдалануымыз керек. Аңшылық туризм – елімізді бүкіл әлемге танытудың бірден-бір жолы.
Осы орайда, жер көлемі ауқымды және жануарлардың көптеген түрлері кездесетін Қазақстан үшін Еуропадағы кішкене ғана мемлекет Сербияның тәжірибесінен үлгі алуымызға болады. Сербтер өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында аңшылық туризмі туралы заң қабылдап, аңшылық шаруашылықтарына қолдау көрсету нәтижесінде, серб үкіметі бұл күндері осы саладан миллиондаған еуро табыс табуда. Ал енді осы елге көршілес Венгрияға жыл сайын басқа мемлекеттерден 25-30 мыңнан астам аңшы-туристер келіп, әрқайсысы 3000-5000 еуро көлемінде қаржы қалдырып кетеді. Есептеп көрсеңіз қыруар қаржы. Ал осы екі елдің көлемі біздің кейбір ірі облыстарымыздың да аумағына жетпейді.
Бүгінгі күні біздің Үкімет тарапынан аңшылық шаруашылықтарға жеткілікті көңіл бөлінуде деп айта алмаймыз. Ал егер осы мәселелерді шешуге тиісті мемлекеттік құрылымдар қатысып, қажет болған жағдайда көмегін берсе, өз жеріміздің байлығының қызығын халқымыз көрер еді. Еліміздегі аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 228 млн гектарды құрайды, оның 120 млн гектары (53,0%) аңшылық шаруашылықтарына қарасты. Жалпы, болашақта аңшылық ел экономикасының тиімді бір саласы болуға тиіс. Ол жай ғана сауық-сайран, уақыт өткізу емес, қып-қызыл пайданың көзі. Тек соны дұрыс жолға қою керек.
Ал бізде әзірге бәрі керісінше болып тұр. Бүгінгі күні аңдардың мемлекет меншігі екеніне қарамастан, ауыл шаруашылығы мен аңшылық шаруашылығына мемлекет тарапынан көзқарас әртүрлі – айырмашылығы жер мен көктей. Ауыл шаруашылығын мемлекет жан-жақты қолдайды. Әртүрлі дотациялар, жеңілдіктер бар, ал олар зиян шеккен жағдайда түрлі көмек, өтемақы қарастырылған. Аңшылық шаруашылығында олардың бірі де жоқ. Керісінше, мемлекет шенеуніктерінің кейбір әрекеттері аңшылық шаруашылықтарының дамып, өркендеуіне кедергілер келтіруде. Өткен жылғы желтоқсан айының аяғында «Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Осы бұйрық арқылы бұдан былай 16 ақпан мен 14 маусым аралығында аң аулауға тыйым салынды. Яғни, енді құстарды көктемгі аулау болмайды. Қазіргі кезде аталған бұйрық жұртты алаңдатып отыр. Тек еліміздегі аңшылар қоғамы емес, сонымен қатар, ондаған жылдар бойы байланыстары қалыптасқан Франция, Германия, Австрия, Швецария, Ресей, Марокко т.б. көптеген шетелдік аңшылар ұйымдары комитеттің бұйрығына наразылықтарын білдіруде. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан т.б. облыстардың аңшылық шаруашылықтары 20 жылдан аса уақыт әлемнің көптеген елдерімен байланыс жасап, олардан келетін аңшылар үшін аңшылықты және алдын ала олар үшін құжат ресімдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жасап келеді. Ал енді соның бәріне аяқастынан тыйым салудың дұрыс емес екендігін, бұл шешімнің туризмді дамыту туралы Үкімет қаулысына қайшы екенін айтады олар өздерінің жолдаған хаттарында.
«Біз бұл шешімді аңшылық шаруашылықты жүргізуден бейхабар шенеуніктер шығарған бұйрық деп есептейміз. Олар тіпті, көктемгі аңшылық кезінде үйректер мен аталық үйректер арасында олардың көптігінен үйректерге ұя салуға мүмкіндік бермеуіне байланысты қатынастарын реттеу жүргізілетіндігін білмейді. Шенеуніктер осылайша браконьерлікті жоямыз десе, бұл дұрыс емес. Жыл сайын көктемгі және күзгі маусым кезінде аңшылардың өздері аң аулау ережесін бұзатындармен күресіп келеді. Браконьерлермен күресу үшін облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясын штатпен және автокөлікпен қамтуды күшейту керек. Біздің облысымызда бар-жоғы 3 инспектор, олардың өзі көліктің және жанармайдың тапшылығынан өздерінің тікелей міндеттерін атқара алмай отыр», дейді өзінің республика аңшылық қоғамдарына жолдаған үндеуінде Атырау облыстық аңшылар және балықшылар қоғамының төрағасы Ғайнет Қуанғали.
Бір мысал келтіре кетейін. Үкіметтің 2015 жылғы 25 шілде №969 қаулысымен, ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа, Қазақстанның бүкіл аумағында киіктерді ату, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынған. Заңсыз киік аулағандар үшін өте ауыр қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда, қатаң тыйым салуға, жазаның қатаңдығына қарамастан браконьерлік әлі күнге дейін тиылмай отыр.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына көңіл аударсақ, оның өн бойынан қарама-қайшылықты аңғаруға болады.
Бүгінгі күні Аң аулау ережелерін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығы күшінде және қолданыста. Осы қолданыстағы Аң аулау ережесіне сәйкес, көктемгі мезгілде аталық үйректі, аталық балықты, жыл құсын, саңырау құрды және құрларды аулауға рұқсат берілген.
Ал жоғарыдағы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы қолданыстағы министрліктің бұйрығына қайшы. Бұлай болуы мүмкін емес. «Құқықтық нормалар» туралы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес үкіметтік құрылымдардың төменгі жүйелерінің бұйрықтары жоғары сатыларының бұйрықтарына қарама-қайшы келмеуі тиіс. Яғни, комитеттің бұйрығы күші жойылмаған өзінен жоғары нормативтік актілерге қайшы болмауы керек. Сондықтан комитеттің бұйрығы заңсыз, қате және сауатсыз жазылған құжат.
Енді осы бұйрықтың туындауына қандай негіз болды, шынында да еліміздегі аң-құстардың тағдыры соншама қауіпті жағдайда ма деген сұраққа жауап іздейтін болсақ мынаны айтуға болады. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Зоология институтының директоры А.Мелдебековтің айтуынша, «Мұндай шешім қабылдау үшін осы жануарлардың саны жайлы нақты көп жылдық мәліметтер қажет». Институт директоры өзінің Сенат депутаттарына жолдаған хатында, олардың еліміздегі аңдардың түрлерін сақтауға алаңдаушылықтарын қолдайтынын айта келіп, еліміздің түрлі облыстарындағы түрлі жануарлардың таралу жағдайы әртүрлі болатынын ескере отырып, дегенмен аулауды шектейтін жануарлар түрін нақты анықтау керек екенін ескертеді. Ал қазіргі бекітілген ереже бойынша көктемгі аң аулау науқанында ресми түрде үйрек атуға рұқсат етiлген лимиттер 5%-дан артық бөлiнбейтінін ескерсек, барлығы 15-ақ күнге созылатын көктемгі құс ату мерзімінде құстардың жалпы санына төнетін соншалықты қатердің жоқ екенін аңғаруға болады. Ал осы тыйым салудың аңшылық шаруашылығы субъектiлерiне келтіретін зияны айтарлықтай.
Нағыз аңшының бүгінгі кездегі басты міндеті – туған жердің аң-құстарын сақтап қалу және көбейту. Сондықтан да аңшы жануарлардың кез келгенін ата бермейді. Олар, аңшылық қоғам мүшелері аңшылық шаруашылықтарда жабайы жануарларға арналып азық дайындауға көмектеседі. Осы азықтар аңдарды қыстың қиын кездерінен аман алып қалады. Шөлді аймақтарда бөгеттер тұрғызып, су қоймаларын жасайды, ағзаларында минералды заттар жетіспеген кезде жануарлар жалайтын тұздар қойылады. Жыл сайын аңшылық шаруашылықтарында жануарларды есепке алу жұмыстарын жүргізеді, санитарлық, ветеринарлық шаралар жасалады. Ең бастысы, жануарларды қорғайды, заңсыз аң аулаушылармен күреседі.
Өзім жетекшілік етіп отырған қауымдастықтың басты мақсаты аңшылыққа, жалпы, аң аулауға байланысты қалыптасқан теріс көзқарастарды өзгертуге бағытталған. Аңшылық шаруашылығын тек есепсіз аң атып, ерігу орны деп түсініп, өкінішке қарай, ондағы қызметкерлердің жан-жануарларды қорғаумен бірге олардың төлін өсіру арқылы, өз тараптарынан еліміздің байлығына үлкен үлес қосып жатқандары ескерілмейді. Осындай біржақты ұғым аңшылық проблемаларына Үкіметтің селқос қарауына әкеп соқтыруда, ал мұның салдары кейін өте ауыр болуы мүмкін.
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
«Қансонар» қауымдастығының басқарма төрағасы