Сандарды сөйлетсек: Атырау облысында жалпы өңірлік өнім 1993 жылы 600 млн теңге болған еді. 2016 жылы бұл көрсеткіш 4 трлн 549 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 трлн 433 млрд теңгеге дейін артты. Қазыналы аймақтың республикадағы үлесі 23,9 пайыз. Бұл – азаттықпен бірге арайланған Атыраудың зор табысы. Елбасы саясатын лайықты жүзеге асырып келе жатқан өңірдің өркенді өрісі. Халық алдында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, болашақтағы мақсаттарды бағдарлаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев проблемаларды да жасырып қалмады. Ел болып шешуге, келешектің қамы үшін бүгін талмай талаптануға шақырды.
Атыраудың басты байлығы қара алтын десек, өткен жылы 33,7 млн тонна мұнай, 15,8 млрд текше метр ілеспе газ өндірілген. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады, оны аймақ басшысы химия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салаларының дамуымен байланыстырды. Мешін жылының маңызды жаңалығының бірі – «Қашаған» кен орнының іске қосылуы. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясы жобаны ұлғайту жөнінде шешім қабылдады. Бұл өз кезегінде мұнай өндіру көлемінің өсуіне мүмкіндік береді. Биыл 37 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Елбасы осы жобаны іске асырған кезде қазақстандық қамтуды арттыруды тапсырған еді. Тауарларда, қызметтерде қазақстандық компаниялардың кең көлемде қатысуы қамтамасыз етіледі.
2016 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 2,8 млрд теңге болатын жеті жоба бастау алды. Жалпы, облыс бойынша 44 217 кәсіпкерлік субъектісі бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы 266 жоба қолдау алды. Бұл бағыттағы жұмыстар 2015 жылмен салыстырғанда 67 пайызға артты. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қор есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы 8,4 млрд теңгеге 53 жоба қаржыландырылды. Мемлекет қамқорлығы әсіресе ауыл кәсіпкерлері үшін үлкен жеңілдік болып отыр. Соңғы төрт жылда ауыл кәсіпкерлерін шағын несиелеуге 807 млн теңге бөлініп, нәтижесінде ауылдарда 202 бизнес-жоба жүзеге асырылды, 468 жаңа жұмыс орны ашылды, деп атап өтті аймақ басшысы.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 61,6 млрд теңге болды. Соңғы үш жылда 643 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берген 17 жоба жүзеге асырылды. Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі болған кезінде Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанда баламасы жоқ жарқын жобалар басталған еді. Сол жұмыстардың лайықты жалғасуын назарда ұстап келе жатқан Н.Ноғаев мұнайлы аймақтағы аталмыш саланың дамуы жайында баяндады. 12 түрлі өнім өндіретін «Первомайский», 15 түрлі өнім шығаратын «Сарайшық» бірлескен кәсіпорындарының еңбегі елге аян. Жылына 400 тонна шұбат, қымыз, айран шығаратын «Алға-1» шаруа қожалығы, 92 млн дана жұмыртқа өндіретін «Алмалы құс», «Атырау сауда» құс фабрикалары, 12,6 млн дана консервіленген ет өнімін дайындайтын «Карат», 370 тонна салат, 75 мың консервіленген өнім өндіретін «АтырауАгроФеликс» серіктестіктерінің де алар асулары мол.
Егін шаруашылығының егіс көлемі өсіп келе жатқанынан хабардар еткен облыс әкімі ауылшаруашылық өнімдерімен, көкөніс, бақша дақылдарымен, жұмыртқа, ет-сүт өнімдерімен аймақ өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы облысқа импортталған көкөніс 242 тонна болса, экспортталған өнім 3 224 тоннаны құраған, яғни мұнайлы өңір өзінен артылғанды басқа облыстарға, тіпті Ресей еліне шығарып келеді.
Қазір облыстағы ауылдық елді мекендердің 79 пайызы газдандыру жүйесімен қамтылған. Бұл саладағы ірі жобалардың бірі – Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінің елді мекендері үшін жоғары қысымды магистральды және кентаралық газ құбыры, Азғыр өңіріндегі 365 шақырым газ құбыры желісінің құрылысы бойынша құжаттар жасалды. Қызылқоға, Исатай аудандарындағы ауылдарға да газ барады, деді әкім. Бұл шын мәнінде шалғайдағы шаруалардың көптен күткен қуанышы.
Соңғы бес жылда елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 52 пайыздан 77,4 пайызға ұлғайды. Биыл тоғыз нысанның құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Нұрлан Асқарұлы айтқан ақжолтай жаңалықтың бірі – «Атырау–Астрахань» тас жолының құрылысына қатысты. «Нұрлы жол» бағдарламасына енген жол құрылысы биыл басталады. Бұрын инертті материалдар аз жеткізілгендіктен, жол құрылысы баяулап қалған еді. Соның өзінде облыс бойынша 167,5 шақырым жол жөнделді. Енді «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен келісімшарт жасалды. Аймақ басшысы биыл 302,5 шақырым автокөлік жолының құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді.
Тағы бір дерек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 2 036,9 млрд теңгеге жеткені. Құрылыс жұмыстарының да көлемі өсіп келеді. Өткен жылы 558,6 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды.
Халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты, құқық қорғау, діни ахуал бойынша да жасалған жұмыстарды ортаға салған облыс әкімі қоршаған ортаны қорғауға байланысты мәселелерден де хабардар етті.
Бұл жиынның бір ерекшелігі, қатаң хаттама негізінде емес, ашық микрофон жағдайында өтті. Жиналған халық мәселелерін айтып, жауап алды. Белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев облыс әкімінің мәдениет саласына деген жанашырлығына алғысын айтып, «Атырау–Астрахань» тас жолын «Бөкей жолы» деп атау жөнінде ұсынысын ортаға салды. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер-журналист Мереке Құлкенов лебіз білдірді. Облыс әкімінің жылдық есебін екі мыңнан астам қатысушылардан бөлек, жергілікті телеарна мен әлеуметтік желілер арқылы облыс тұрғындары тыңдады.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
Атырау облысы