Құрамына еліміздің таңдаулы ұлттық, мемлекеттік, акционерлік мәртебедегі 41 университеті енетін республикалық Ректорлар кеңесінің кезекті мәжілісінде Елбасының Үшінші жаңғыру туралы халыққа Жолдауы аясындағы білім және ғылым мәселесі талқыланды.
Кеңес жұмысын ашқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғары оқу орындары алдында тұрған мақсат-міндеттерді жүйелеп айтып өтті. Сала басшысы серпінді технологиялық жаңғыру үдерісінде ректорлар мен жетекші ғалымдар жауапкершілігіне де тоқталды. Сондай-ақ, саясаттанушы мамандар мен ғылыми орталықтардың реформалар мәнін түсіндірудегі рөлін басшылардың қаперіне салды.
Аталған кеңес төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов арнайы баяндамасында: «Мемлекет басшысының жаңа белесімізді анықтайтын Жолдауы қоғамның бар саласына, соның ішінде әсіресе жоғары білім саласына зор қозғау салып отыр. Өйткені, бір салаға да жауапты азаматтар – білікті де білімді мамандар. Кеше ғана Ұлттық ғылым академиясының мерейтойына байланысты өткен салтанатты жиында Елбасы ғылымға тың күш қосу мен зердесі жоғары ғалымдар шоғырын қалыптастырудың маңызына айрықша тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғалымдар дәуір сұранысына сай өз дүниетанымын, ғылыми қөзқарасын қайта қарауы керек» деген тапсырмасы Жолдаудағы негізігі тұжырымдамалардың мәнін айқындай түседі», деп атап көрсетті.
Мұнан кейін сөйлеген Білім және ғылым министрлігі Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки, Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры Нұргүл Шәмшиева, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов жаңа талап аясындағы өз салаларының жұмыс жоспарларымен, игілікті бастамаларымен және кеңесіп шешетін ортақ мәселелермен таныстырды.
Бұл ретте сала дамуындағы тың өзгерістерге ықпал ететін басқару мен академиялық еркіндік жайы, стратегиялық жоспарлау ерекшелігі, университет жағдайындағы іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымды дамыту мәні, оқуға қабылдау мен қажетті мамандар даярлаудың тиімді жолдары жан-жақты сөз болды.
Талқылауға қатысқан ректорлар Елбасының Жолдауын, сондай-ақ кешегі Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық салтанатында сөйлеген сөзін зор кәсіби жауапкершілікпен қабылдағандарын және айқындалған маңызды ғылым-білім міндеттерін жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын құрып, орындауға кірісіп кеткендерін мәлімдеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА