12 Сәуір, 2011

700 млрд. АҚШ доллары жымқырылған

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Египеттің билік басындағылар осы елдің бұрынғы президенті Хосни Мүба­рак­қа үлкен мөлшердегі қаражатты жымқырды деген айып тағып отыр. Бүгінде прокуратура өкілдері осы бір сыбайлас жемқорлыққа қатысты  экс-президент және оның екі ұлынан жауап алуда.     Каирдағы Америка елшілігі өздері­нің Египет билігімен қаржының қайда кеткеніне қатысты ынтымақтастық орнатуға әзір екендіктерін жеткізген. Себебі, «жоғалған» қаржының басым бөлігі Америкадан, соңғы 30 жыл ішінде түрлі деңгейдегі шетелдік көмек түрінде келген екен. Еске сала кетейік, Мүбарак өткен аптаның соңында халық алдына шығып, мәлімдеме жасаған болатын. Бұл мәлімдеме құқық қорғау органдары өкілдері мен ереуілшілдер арасындағы қақтығысқа алып келген еді. «Свобода» радиосының  хабарлауы бойынша,  82 жастағы Хосни Мүбарактың алдын ала жазылған аудиоүндеуіндегі дауыс ырғағы билік басында тұрған адамның дауысындай сұсты естілген. ПӘРЕНЖІ КИЮШІЛЕР ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚТЫ Кеше, 11 сәуір күні Францияда жаңа заң өз күшіне енді. Ол заң бойынша бұл елде әйел азаматшаларға көшеге, оның ішінде қоғамдық орындарға – дүкендерге, парктерге, мұражайларға пәренжі немесе никаб киіп шығуға тыйым салынған. Егер, бет-жүзді тұтастай бүркемелейтін пәренжі, никаб киіп көшеге шықса, ол адам заң жүзінде жазаланып, оған 150 евро көлемінде айыппұл салынады. Алайда,  өткен сенбі күні Париждегі Ұлт алаңында жаңадан қабылданған бұл заңға өздерінің қарсылықтарын білдірген 100-ге тарта азаматша ереуілге шықты. Заң орган­дарының өкілдері 61 адамды қамауға алды, олардың 19-ы әйел. Бұл жерде атап өтерлігі, Франция парламентінің (сенат) палатасы аталған заңның қабылдануы жөнінде былтырғы жылдың 15 қыркүйегінде мәселе көтерген болатын. Конституциялық кеңес бұл заң жобасын мақұлдаған. Биліктен бас тартуын талап етуде Парсы шығанағындағы Араб елдері Йеменнің президентін өз орнынан кетуге шақырды. Нәтижесінде Али Абдалла Салех өз билігін орынбасарына тапсырып, оппозицияға жаңа үкіметті жасақтауға тапсырма беруі тиіс. Сондай жағдайда ғана ол өзіне және өзінің отбасына қауіпсіздік кепілдемесін ала алмақ. Мұның алдында  Катар әмірі Йемен президентіне биліктен кету жөнінде ақыл-кеңес берген. Алайда, Салех өзінің биліктен бас тартпайтынын, сондықтан оның ақыл-кеңесіне жүгінбейтінін айтқан. Бүгінде Йемендегі билікке жастардың жаппай қарсылық білдіруі биылғы жылдың ақпан айынан бері жалғасып келеді.  Елдегі жағдай наурыздың 18 күні тіпті ушығып кеткен. Оған президенттің төтенше жағдай режімін енгізіп, ал үкіметтің ереуілге шыққандарға оқ атқандары себеп болған. Бүгінгі күнге дейін елдегі қақтығыстардың салдарынан ондаған адам көз жұмған. Қаза тапқандар саны өсе түсуде Жапониядағы алапат жер сілкінісі мен оның артын ала орын алған жойқын цунамидің салдары­нан кейінгі бір айдағы жағдай бойынша 14 мың адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл жөнінде Kyodo агенттігі мәлімдеді. Аталған елдің заң жүйесіне сәйкес, қайда жүргендігі және тағдыр-талайы белгісіз адам 3 айға дейін із-түзсіз жоғалғандардың санатында болады. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Жапонияның солтүстік-шығысындағы 151 мыңға тарта тұрғын өз баспаналарынан айырылған. Ал алапат цунами мен жойқын жер сілкінісінің құрбандары 13 мың адамды құрап отыр. 12 өңірдің  импортына тыйым салды Жапониямен көршілес елдер «Фукусима-1» аймағын­дағы теңіз суының ластануына қатты алаңдаушы­лық­тарын білдіріп отыр. Мәселен, Қытай Токио басшылығынан өңірдегі жағдай жөнінде толықтай есеп беруін талап етті. Кытай тарапының ақпараты бойынша, Жапониядан келген ұшақтар мен теңіз кемелерінің оншақтысынан жоғары көр­сеткішті радиация белгілері анық­талған. Осыған байланысты ҚХР Жапонияның 12 өңірінен  кейбір азық-түлік өнімдерінің импортталуына тыйым салған. Ал Токио тарапы өз кезегінде  «Фукусима-1» АЭС маңайын­дағы апатты жағдайға қарамас­тан, Жапонияда өндірілген өнім түрлерінде ешқандай радиоактивті элементтердің жоқ екенін айтуда.  Бүгінде аса қауіп­ті апатты жағдайда тұрған атом стансасы маңайындағы теңіз суындағы радиация мөлшері күн санап көтерілуде. Мәселен, 9 сәуір күні ТЕРСО компания-операторының мәлімдемесі бойынша,  «Фукусима-1» АЭС-тің солтүстігіндегі теңіз суының 131-йодымен ластануы 110 мегабеккерелге жеткен. Бұл жол берілетін шектен 2800 есе артық. Қақтығыстың шегі көрінбейді Ливияның көшбасшысы, полковник Муаммар Каддафи Афри­ка­лық одақ делегациясының бітімгершілік жөніндегі жобасы­мен келісетінін айтты. Бұл жө­нінде ливиялық лидермен келіс­сөз жүргізген, ливиялық қақ­ты­ғысқа қатысты арадағы делдал – Оңтүстік Африка Респуб­ли­ка­сы­ның президенті Джейкоб Зума мәлімдеді. Дипломаттар ливиялық дағдарысты осылайша бейбіт жолмен шешуге ұмтылыс танытып жатқанымен, Каддафи армиясы мен оппозицияны жақтаушы көтірілісшілер арасындағы қақтығыс толастамауда.  Бұл жөнінде «Вести» арнасы мәлімдеді. Асқан қатыгездікке құрылған үлкен қақтығыс  стратегиялық тұрғыдағы маңызды қала – Адждабия қаласында орын алуда. Адждабия – Бенгазидің оңтүстігінен небәрі 140 км. шақырымдық қашықтықта жатыр. Кеше түнде көтерілісшілер өз  ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік алды. Оларға НАТО авиациясы көмекке келген.   Жойғыш ұшақтар Каддафидің 25-ке жуық танкісін күл-талқан еткен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.