27 Ақпан, 2017

Бұл реформаларды халық жылы қабылдады

126 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 25 қаңтарында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуін жариялай отырып, соған сәйкес қолға алынған конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну туралы шешім қабылдаған-ды. Осылайша, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын халық белгіленген бір ай көлемінде кеңінен талқылады. Енді, міне, бұл талқылауға берілген мерзім күні кеше аяқталды. Осы орайда бүгін біз Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевпен жолығып, әңгімелескен едік. – Мәулен Сағатханұлы, халық еліміздегі конституциялық рефор­маларға қатысты заң жобасын бір ай бойы кеңінен талқылады. Сіздің пікіріңізше, бұл талқылау қандай деңгейде өтті және ол күтілген нәтиже береді деп ойлайсыз ба? – Мемлекет басшысы тарапынан күн тәртібіне қойылып, жалпы­халықтық талқылауға ұсынылған бұл реформа үлкен стратегиялық мән­ге ие. Оның еліміздің бүгіні мен келе­шегі үшін аса маңызды екенін халық ә дегеннен түсінді. Сондықтан, Елба­сы Үндеуінде негізгі қағидалары, мақ­сат-міндеттері нақтыланған, Конс­титуцияға енгізілуі ықтимал өзге­ріс­тер мен толықтырулар қамтыл­ған бұл жобаны талқылау барысында қоға­мымыз жоғары деңгейде бел­сенді­лік көрсетті. Ал халық бел­сен­ділік таны­тып, қызу қолдау білдірген іс нәти­желі болады емес пе... – Халықпен кездескен сәтте­рі­ңізде көпшілік тарапынан қандай жағдаяттар тұрғысында көбірек сөз болды? – Елмен етене әңгімелесу кезінде жиналған қауым көңілге қонымды, Елбасының саясатымен үндес мәселелерді көбірек қозғады. Әрине, оның барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен, халықты жиірек толғандыратын бірді-екілі жайтты айта кетейін. Тәуелсіздік жылдарында қол жет­кізілген табыстарымыздың барлығы пре­зиденттік билікпен, Елбасымен тіке­лей байланысты екенін алға тартқан жұрт­шылық қолға алынған бұл реформаларды жүзеге асыру президенттік тегеурінді билікті әлсіретіп жібер­мей ме деп алаңдаушылық біл­дірумен болды. Біз өз кезегімізде оларға бұл реформаларды прези­денттік билікті әлсіретеді деп қабылдамау керектігін, керісінше, оның Президентке халықтың, елдің болашағына қатысты үлкен стратегиялық мәселелермен шұ­ғыл­­дануға мүмкіндік береті­нін түсіндірдік. Сондай-ақ, Мем­лекет басшысының билік тармақ­тары арасындағы үйлесімді жұмыс­ты қамтамасыз етіп отыратын жоғарғы арбитр рөлін атқара­тынын жеткіздік. – Жұмыс тобына Парламент­тің рөлін, Үкіметтің және жер­гілікті билік органдарының жауапкершілігін күшейту, құқық қорғау қызметін және сот жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, меншік құқығы мәселелері бойынша үш мыңдай өтініш келіп түскен екен. Енді іс барысы қалай өрбиді? – Жұмыс тобының мүшелері өздеріне түскен барлық ұсыныс­тар­ды жинақ­тап, қорытып, мұ­қият қарастырады, жүйелейд­і. Содан кейін БАҚ-та жарияланған «Қазақ­стан Республикасының Конс­титуциясы­на өзгерістер мен тол­ық­тырулар ен­гізу туралы» заң­ның жобасы жалпыха­лық­тық талқылау қорытындылары бойынша жетілдіріліп, толықтыры­лып, Президенттің қарауына ұсынылады. Егер, Елбасы оны қолдап жатса, жоба Парламентке жолданады. – Осы арада мемлекеттік басқару жүйесін реформалау мәселелерінің ішкі иірімдеріне, бүгінгі кезеңнің сұраныстарына тұспалдас келетін мазмұнына аз-кем тоқтала кетсеңіз. – Еліміздегі бұл бастамалар дер кезін­де күн тәртібіне шыға­ры­лып отыр. Мұн­дағы негізгі мақ­сат – мемлекетіміздің бас­қару жүйе­сінің тиімділігін арттыру. Бүгін­де жұмыс істеп жатқан саяси жү­йе­міз өз қызметін 1995 жылы қабылдан­ған Конституцияның негізінде атқарып келеді. Содан бері 22 жыл өтіпті. Осы ара­лықта әлемде де, елімізде де көп өзгеріс болды. Соның барлығын ескере келіп, Елбасы мемлекеттік басқару жүйе­сін жаңғырту керектігін алға тартуда. Өздеріңіз білесіздер, 25 жыл­дың ішінде Қазақстан реформаларды жүзеге асыруда «Алды­мен – экономика, содан кейін сая­сат» қағидасын ұстанды. Осы қағи­дат негізінде көп шаруа жүзе­ге асырылды. Экономикада, әлеу­мет­тік салада, басқа да бағыттарда жақсы, жағымды өзгерістер орын алды, маңызды реформалар жүзеге асты. Ендігі уақытта «Ал­ды­мен – экономика, одан кейін саясат» қағидасынан «Экономика мен саяси реформаларды қатар алып жүру» деген ұстанымға ойы­сып жатырмыз. Сондықтан, қазір­гі таңда Елбасы Жолдауында айтыл­ған экономика­­лық жаңғыруға қатысты реформалар мен біз сөз етіп отырған конституциялық рефор­малар қатарластырыла қолға алынып отыр. Осы арада халық тарапынан «Бұл реформалар не үшін жасалып жатыр?» деген мазмұнда сұрақ туындауда. Халықпен кездесу кездерінде мұндай мазмұндағы сауалдар сан мәрте қойылды. Бірінші кезекте бұл реформаларды жүзеге асырудың арқасында Қазақ­стандағы жағдайды одан әрі жақсартуға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі көтеруге мүмкіндіктер туатын болады. Барлық реформалардың негізгі мақ­саты халықтың экономикалық-әлеу­меттік жағдайын көтеру еке­нін естен шығармауымыз керек. – Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қандай нақты міндеттерді ат­қаруымыз керек, қандай тетіктерді пай­да­ланғанымыз жөн? – Біріншіден, билік тар­мақтары ара­сындағы теңге­рімді қалып­тастыруымыз керек. Мәселен, Парламент пен Үкімет және сот билігі өз өкілеттіктері аясында, теңгерімді жағдайда жұмыс іс­тер болса, бұл жақсылыққа бастайды. Ал бұлардың біреуі күшейіп кетсе, қиын. Мысалы, Парламент рөлі тым күшей­тіліп, Үкіметке жұмыс істетпей жатса, бұл дамуға кері әсерін тигізеді. Тек, бұл арада Үкімет жұмысы нашарласа, соған байланысты Парламенттің тиісті шаралар қабылдауына мүмкіндіктері болуы керек. Тағы бір айта кетер жайт, Үкі­меттің кейбір бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысты өзіндік бірқатар өкілеттігі болуы керек. Жалпы, Парламенттің рөлін күшейту, өкілеттіктерін кеңейту деген сөз, ол – Парламентті ре­сурс­­тық тұрғыдан қам­тамасыз ету дегенді де білдіреді. Түсін­діре сөй­­лер болсам, біз көп заңға бас­та­ма­шы болып жүрміз. Бұл оңай­шы­лықпен іске асатын жұмыс емес. Оны жан-жақты сараптау керек. Барлық заңдарды қарап шығу керек. Сондай-ақ, халықаралық заңдарды да жіті қарамай болмайды. Сондықтан, Парламент­тің жанында заң жобаларын қарап, қате тұстарын түзеп, күзеп отыратын ғылыми институттар, сарап­­тамалық орталықтар болуы қажет. Мә­селен, Үкімет жанында ғылыми-зерт­теу инс­титуттары жұмыс істейді. Осын­дай мүм­кіндік Парламентте де бол­ғаны абзал. Парламент көп мәселеде Үкі­мет­ке тәуелді. Заң жобасын жаса­сақ, Үкіметпен келісіп, Үкімет­т­ің қорытындысын алуымыз керек. Үкімет келіспей жатса, оны ай­налымға алып шығу қиын болады. Сондықтан, осындай мәсе­лелерді рет­теу арқылы заң шы­ғарушы билікке мүм­кін­діктер берілгені дұрыс. Заңдарды шы­ғаруға, көмектесіп отыратын әлгі институттар осындайда керек. Міне, билік тармақтары ара­сындағы теңгерім деген мәселе осыларды да қамтиды. Екіншіден, Үкіметтің, Пар­ла­мент­тің жұмысындағы ашық­тықты қамтамасыз ету маңыз­ды. Соңғы жылдың ішінде Ел­басы­ның тапсырмасына сәйкес, Парламенттің ашықтығын қам­тамасыз етуге ұмтылып жа­тыр­мыз. Мәселен, біздің жұ­мыс топ­тарымызға әртүрлі үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкіл­дері, Пар­ла­ментке кірмеген пар­тия­лар­дың өкілдері келіп, өздерінің ұсы­ныс­тарын бере алады. Бірақ біз мұны бүгінгі тың реформа­лар аясында жаңа деңгейге көтеруі­міз керек. Үкімет те осы бағыт­ты ұстануы тиіс. Үкіметтің, ми­нистр­ліктердің отырыстарына аза­мат­тық қоғам ұйымдары­ның өкіл­дері келіп, пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізе алуы қажет. Маңызды шешімдер қабыл­данатын кезеңде азаматтық қоғам­ның соған қатысты сараптамасы, ұсыныстары ескерілуі тиіс. Осылайша, азаматтық қо­ғам өкіл­дерінің шешімдердің дұрыс қабыл­дануына септігін, үле­сін тигізе­тіндей мүмкіндіктер бол­ға­ны жөн. Осындай тетіктер қалып­тастыру қажет. Үшіншіден, Елбасы Үндеуінде айтыл­ғандай, парламенттік сай­лауда жеңген партияның Үкіметті жасақтауға тікелей мүмкіндігі болуы керек. Бұл орайда Үкімет­ті жасақтаудың нақты тетік­тері анықталуы тиіс. Ол заңға ег­жей-тег­жейлі жазылғаны абзал. Әрине, бұл Үкі­метті түгел жа­сақ­тауға қатысу керек деген сөзді білдірмейді. Өйткені, сырт­­қы саясат, ұлттық қауіпсіздік, қор­­­ғаныс салаларындағы ве­домств­олар Пре­зиденттің құзы­р­етінде болады. Бұл жерде әлеуметтік-экономкалық сала­дағы министрлерді тағайындауда Пар­ламенттің рөліне қатысты тетіктерді анықтау қажет. Осы тұста ерекше тоқтала кетер бір жайт, Парламент Мәжілісін сайлау болған кезде саяси партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен бәсекеге түседі. Осындай саяси науқан кезінде халық өзіне қай партияның бағдарла­масы ұнаса, соған дауыс береді. Сол партия шын мәнінде саяси додада жеңіп, Парламентке келіп жатса, ол Үкіметті жасақтауда шешуші рөлге ие болады. Ал жаңадан жасақталған Үкімет өзін қалыптастырған әлгі партияның бағдарламасын жүзеге асыруы тиіс. Сөйтіп, біз енді халыққа тек қана заң шығарушы билікті ғана емес, атқарушы билікті де қалыптастыруға мүмкін­дік береміз. Конституция бойынша, биліктің қайнар көзі – халық. Халық заң шығару­шы билікті өзі тікелей таңдай отырып, өздері сайлаған депутаттар арқылы Үкіметті де жасақтауға әсер ететін болады. Осылай­ша, халық ат­қарушы билікті де, заң шығарушы билікті де өзі қалыптастырады. Бұдан кейін, Үкімет жеңген партияның бағдарламасының орындалуы бойынша Парламентке, депутаттар халықтың алдында есеп береді. Егер осы жүйе дұрыс орнығып жатса, бұл халықтың көкейіндегісінің, пікірлерінің ескерілуіне, мәселелерінің шеші­луіне ықпал етеді. Өйткені, партия бағдарламасы халық ұсы­ны­сы негізінде қабылданады. Бұл, айналып келгенде, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істейді. Міне, біз осы бағытты ұстануымыз керек. Сол үшін, жеңген партияның Үкіметті жасақтаудағы тетіктерін анықтап, нақтылау қажет. – Конституцияға аталған рефор­ма­ларға қатысты өзге­ріс­тер мен толық­тырулар енгі­з­ілген соң бәрі де әп-сәтте жүйе­леніп, желісін тауып шыға келеді деп санайтын азаматтар да жоқ емес... – Ел ішіне барып, халықпен кездескенде дәл сіз айтқан­дай ойлайтын азаматтарды да жолық­тырдық... Конституцияға өзгерістер ен­гізілген соң түйін бірден тарқа­тылып кете қой­майды. Бұл істе науқаншылыққа салыну­ға әсте болмайды. Саяси реформалар ұзақ мерзімді қажет етеді. Конституцияға өзгерістер ен­гізілген соң, қажет деп табылған заңнамаларды қайта қарау мәселесі туындайды. Оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ісі алдымыздан шығатыны сөзсіз. Сондай-ақ, Конституцияда негізгі мәселелер ғана қамтылатынын ескере сөй­лесек, жаңа заңдар қабылдануы мүм­кін. Бұған қоса, олардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл да саяси реформалар аясында атқарылатын жұмыстар. Заңдарды қарап, «оның тетіктері жұмыс істеп жатыр ма?», «кейбір тұстарын өзгерту керек пе» дегендей сұ­рақтар туындамай қоймайды. Мұ­ның барлығы көп уақытты алады. Сондықтан, еліміздегі бүгінгі сая­си реформаларды аз ғана уақыт­тың ішін­­де жүзеге асырыла қояды деп есеп­темеуіміз керек. Қоғам болып, халық болып реформалардың жүзеге асырылу бары­сын, аяқ алысын сараптап, талдау ісі де қаперден шықпауы қажет. Әлі де жетілдіре түсуді қажетсінетін тұстар кездесіп жатса, оны терең зерделеген жөн. – Жалпы, осы реформа­лар­дың сәтті жүзеге асуы үшін қажет­ті қандай негізгі шарттарды айтар едіңіз? – Жоғарыда айтып өткенім­дей, саяси реформалар мен эконо­микалық реформаларды қатар алып жүретін кезеңге келіп жатырмыз. Осы реформалардың нәти­же­сінде елімізде демократия­лық қағидаларға берік сүйенген мемлекеттік басқару жүйесі қалып­тасады деп сенеміз. Бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеп кетуінің бірнеше шарты бар. Олардың негізгісі – осы реформаларды жалпы қоғамымыздың барынша қолдауы. Бұл жерде Парламент, Үкімет, әкімдіктер, министрліктер ашық түрде жұмыс істеу керек. Әкімдіктердің, мем­лекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер­дің жұмысын жандандыру маңызды. Азаматтық қоғам институттары, белсенді азаматтар өздерінің пікірлерін айтып, мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеуге ұмтылыс білдірсе, қанеки. Бұл орайда аза­маттық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық қоз­ға­лыстар мен партиялардың бел­сен­ді іс-қимылы үлкен маңызға ие. Сонымен қатар, реформа­лардың сәтті жүзеге асуы үшін елімізде мықты саяси партиялар болуы керек. Олар бәсекеге қабілетті, қоғамға ықпалды бол­ғаны маңызды. Сол үшін қазақ­стандық партиялар жаңа биікке көтеріліп, жаңғыруы тиіс. Бұл – реформалар үшін қажетті шарт­тың бірі. Қорыта айтқанда, еліміздің басқару жүйесін одан әрі жаң­ғырту, жетілдіру, сол арқы­лы мем­леке­тімізді дамытып, хал­қымыздың әл-ауқатын көтеру мақсатында қолға алынып отырған бұл реформаларды жүзеге асыруға баршамыз жұмыла атсалыссақ, халқымыз оның жемісін көретініне сенім мол. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»