Бұрнағы күні Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің мұрындық болуымен Мәскеуде «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруы: болашаққа көз тастау» деген тақырып аясында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметі.
Басқосуға ресейлік белді сарапшылар, танымал ғалымдар қатысып, Қазақстан Президентінің ел халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы төңірегінде өзара ой бөлісті. Жиынның беташарында Қазақстан елшілігінің кеңесші-елшілері Марат Сыздықов пен Болат Иманбаев сөз алып, биылғы жылдың басы еліміздің саяси және экономикалық өмірінде ерекше орын алатын оқиғаларға толы болғанына тоқталды. Олар Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі мен Жолдауы бір-бірін толықтырып тұрғанын, еліміздің ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қызмет ететінін айтты. Қазақстандық дипломаттар қазіргі таңда Орталық Азияда болып жатқан оқиғаларға ерекше назар ауып отырғанын, Ресей Президенті Владимир Путиннің осы аймаққа ресми сапары жоспарланып отырғанын жеткізді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Қаржы саясаты департаментінің директоры Тигран Давтянның пікірінше, жастар саясаты, білім беру, бизнесті қорғау және қолдау, қор нарығын дамыту мәселелері Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттердің табысты жүзеге асырылуының негізгі аспектілері болып табылады. Ал оның орынбасары Бембя Хулхачиев Президент Н.Назарбаевтың Жолдауы Қазақстан халқына ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығы үшін маңызға ие деп санайтынын жеткізді. Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының проректоры Андрей Марголин болса Қазақстан Президентінің ауқымды міндеттерді межелеп қана қоймай, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін ұсынғанын жоғары бағалады.
– Жолдаудағы бес басымдықтың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, «Цифрлық Қазақстан» мен адами капиталды дамытуды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес, – дейді сарапшы. Андрей Марголин шикізаттық емес секторды қолдау, оны экспорттау көлемін ұлғайту, аграрлық секторды кешенді түрде дамыту, «Қазақстанда жасалған» брендін қалыптастыру сынды міндеттерге де жиылғандар назарын аударды.
Дөңгелек үстел барысында Еуразиялық кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың экономикалық ынтымақтастығы қауымдастығының президенті Игорь Филькевич баяндама жасап, Қазақстан Президентінің Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдауға, ауыл шаруашылығын дамытуға, білім беру деңгейін көтеруге көңіл бөлінгенін атап айтты.
– Қазақстан көлік-логистикалық кешенді дамытуды жүзеге асыру үшін еуразиялық ықпалдастықтың артықшылықтарын пайдалануы керек деп ойлаймын. Бұл орайда, қазірдің өзінде елдің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қазақстанда соңғы жылдары үлкен өзгерістердің болғанын байқауға болады, – деді И.Филькевич.
«Евразия. Эксперт» порталының бас директоры Вячеслав Сутырин Қазақстан Президентінің Жолдауындағы ықпалдастық тақырыбының маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ортақ экспорттық саясатын қалыптастыру өте өзекті мәселе болып табылады. В.Сутырин өз сөзінде көмірсутегі химиясын, агрохимияны, ақпараттық технологиялар мен логистиканы қамтитын Еуразиялық трансұлттық компаниялар құру идеясы туралы да айтты.
– Еуразиялық трансұлттық компанияларға кейінірек қытайлық әріптестерімізді де тартуға болар еді, – деді ол.
Ресей астанасында өткен дөңгелек үстел барысында басқа да сарапшылар Қазақстан Президентінің ел халқына арнаған Жолдауына қатысты ойларын ортаға салып, оны табысты жүзеге асыру жолдарына қатысты пікірлерімен бөлісті.