Алматылық тауар өндірушілерге сыртқы нарыққа шығуды жолға қою үшін ақысыз қызмет көрсету, шетелдік іссапарларының шығындарын өтеу, экспортты ілгерілету мәселелері бойынша оқыту ұсынылып отыр.
Мемлекеттің мұндай қолдауына ие болу үшін өндіруші қазақстандық қамтудың дайын өнімдерін шығаруы тиіс. Бұл туралы Алматы қаласы мен Алматы облысының экспортқа бағытталған кәсіпорындарымен ұлттық агенттік өткізген кеңес барысында «KAZNEX INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры Асқар Арынов мәлімдеді. Оның айтуынша, өңір өнеркәсібінің ең мұқтаж салалары бұрынғыша тамақ, химия және машина жасау өнеркәсіптері болып қала бермек.
«Алматы Қазақстандағы экспортқа бағытталған компаниялардың саны жағынан көшбасшы болып табылады. Мысалы, біз Zibroo спорт киімдерін шығаратын алматылық компанияға барып көрдік. Өтім нарығының ерекшелігіне талдау жасалғаннан кейін біз компанияға Ресейдің «Спорт киімдері» көрмесіне қатысуға ұсыныс жасадық. Ендігі жерде компанияның барлық шыққан шығындарын 100 пайыз мөлшерде өтейміз. Сондай-ақ, біздің жоспарымызда бір апта ішінде өңірдің шамамен 40 кәсіпорнын барып көру, сонан соң сауда миссияларының жол картасын және салалық халықаралық көрмелердің күнтізбесін құрастыру ниеті бар», дейді Асқар Арынов.
Осы арада 2009-2016 жылдар аралығында Алматы мен Алматы облысы аймағында өндірістік кәсіпорындар 27,8 млн АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасағанын атап өткен жөн. 2010-2016 жылдары сауда миссияларына өңірлік 108 кәсіпорын қатысты, нәтижесінде 100 млн АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасалды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ