27 Ақпан, 2017

«Хат қоржын»

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
...жақсылығын жеткізеді

Аудан абаттанып келеді

Шу өңірі – егемен еліміздегі берекелі, мейірманды көп ұлттан тұратын үлкен бір отбасындай тату-тәтті гүлденген ауданның бірі. Тоғыз жылдың торабындағы қасиетті өңір жылдан-жылға қанатын жайып өркендеу үстінде. Шу қаласы мен аудан орталығында жаңа көшелер бой түзеп, екі елді мекен бір-біріне қосылып кетті. Өңірімізде алып химия паркі бой көтеруде. Ол іске қосылғанда 1500-2000 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, Қытайға жеткізіліп жатқан газ құбырынан аудан көлеміне көгілдір отын тартылып игілігімізге асып жатыр. Пайдасы көл-көсір ауруға мыңда бір емдік қасиеті бар мия өңдеу зауыты іске қосылды. Өсімдік майын шығаратын, мұнай өңдейтін, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істеуде. Ауданымызда төрт түлік мал басы көбейіп, жерді тиімді пайдалану арқылы көптеп өнім алынуда. Елге қызмет көрсететін мәдени шара, білім беру, денсаулық, жұмыспен қамту мекемесінде көптен істейтін, өз жұмыстарына өте сергек қарайтын мамандар баршылық. Әр маман өздеріне сеніп берген жұмыстарын тиянақты атқарса еліміздің дамыған 30 елдің ішінен нық орын аларымыз айдан анық. Қосшығұл Машахаев, Ақсақалдар алқасының төрағасы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылы ...үлгі тұтады

Ардагердің батасын алды

Елбасының Жолдауындағы жастар арасындағы патриотизмді дамыту бағытын басшылыққа алып Шетпеде жастардың қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Олар Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шетпедегі тыл және еңбек ардагері Қарғабай Еңсепбергеновтің үйіне барып тыныс-тіршілігімен танысты. Шараға белсенді жастар мен еріктілер тобынан құралған 20-ға жуық жас жұмылдырылып, 90 жасқа жақындаған ардагердің үйінің алдын, қора, сарайын қардан тазалап қол көмегін созды. Қ.Еңсепбергенов жастайынан аудандық су шаруашылығы, коммуналдық қызмет саласында табан аудармастан 60 жылға жуық қызмет жасады. Дәлірек айтқанда, су тасушы, көлік жүргізушісі қызметінде болды. Бүгінде денсаулығына байланысты төсек тартып жатыр. Кемпірі Ізімхан Еңсепбергенова зейнеткер. «Бүгінгі шараны ұйымдастыруға мұрындық болған жастар орталығына алғысым шексіз. Біз сияқты қарияларға көмектесіп есік алдын тазалауға атсалысқанына рахметтен басқа айтарым жоқ» – деп батасын берді Қарғабай ақсақал. Аллаберген ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы ...дабыл қағады

Кiрме сөздер өзiмiздікі болып кетпесін

Ана тiлiне орыс сөзiн араластырмай сөйлейтiн қазақты мына заманда кездестiру – қиынның қиыны. Қит етсе «потому что», «конечно», «вообще», «молодец» деп сайрай жөнелетiн қазақтар көбейдi бүгiнде. Тiптi, осы бiр кiрме сөздер ата-бабасынан қалған мұра секiлдi. Ол ол ма, тiлi ендi шығып келе жатқан сәбидiң «мама», «папа» деп жылағанына не дерсiз. Бүйте берсек, орыстың мыңдаған сөзi қазақтың қанына сiңiсiп, өз сөзiндей болып кетпесiне кiм кепiл? Кiрме сөздер күн сайын тiлiмiзге төпелеп ене берсе, ертең қазақтың тiлiн тазалау қиынға соғады. Қайсысы қай жақтан енгенiн өзiмiз де бiлмей отыратын боламыз. Сондықтан қазiрден бастап сөйлеген сөзiмiзге мән берiп, айтар кезде ойланып, ана тiлiмiздiң тазалығын сақтауға айрықша мән берейiк. Ө.ПIСТЕБЕК Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы ...алғыс айтады

Үміт оты маздады

Өткен жылы отбасымызға ауыр сынақ түсті. Жағдайыма қара­мастан Қызылорда мен Алматы арасына шапқыладық. Қызымның басындағы ауыртпалықты жеңу үшін бәріне көнуге тура келді. Пәтер дауы, ақша дауы, бала дауы басымызды айналдырып жіберді. Қатты қиналдық. Жасым алпыстан асқанда дәл осындай тығырыққа тірелемін деп ойлаппын ба? Күдеріміз үзіліп тұрған жерде үміт оты маздады. Ол отты маздатқан алматылық білікті заңгер-адвокат Жүнісбай Мақсұтұлы Қадырханов еді. Алланың қолдауымен 3 рет сот болды. Мұндай айқасты кім көрген, мұндай тартыста кімнің жеңерін, уақыттың ақырына дейін әділдіктің кімнің жағына шығарын білмейді екенсің. Қысқасын айтқанда, дәл осы азаматтың көмегімен үш сотта да жеңіп шықтық. Жанымызды шүберекке түйіп қиналып жүрген аса қиын сәтте қолұшын беріп, мәселенің түйінін шешіп берген Жүнісбай Қадырхановқа аналық зор алғыстан басқа айтарым жоқ. Несібелі ОРДАНОВА, көп балалы ана, зейнеткер Алматы ...әсерімен бөліседі

Кітапханада өнегелі кеш өтті

Дінмұхамед Ахметұлы бабамыздың 105 жыл толуына орай көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Павлодар облыстық арнайы кітапханасында еске алу кеші өткізілді. Басқосуда Қонаевтың өмірбаяны әңгіме арқауына айналып, елі үшін, жері үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, халқы үшін аянбағанын еске түсіріп, естелік бейнебаяндар көрсетіліп, өлеңдер оқылды. Осы кітапханаға мен жиі келемін, өйткені, мұнда осындай көңілге қонымды шаралар жиі өтеді. Кітапханадағы қызмет­керлердің жұмысы ауыр, өйткені келушілердің көбінің көзі көр­мейтіндер. Осындай үлгілі де өнегелі шараны ұйымдастырған зағиптар кітапханасы басшысының орынбасары Ләззат Қуантаева, бұқаралық-ақпараттар бөлімінің басшысы Айнагүл Қожаханова, кітапханашылар Гүлайым Түсүпова мен Баян Рахметоваға алғы­сымыз шексіз. Бақжамал АККУЗИНОВА, зейнеткер-ұстаз ПАВЛОДАР