Зеренді ауданындағы ауысымына 250 адамға дейін қабылдай алатын құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланған медициналық мекеме өткен жылдың бірінші тоқсанында салтанатты түрде ашылған болатын. Алайда, аудандық әкімдік хабарлағандай, келісімшарттың толық жүзеге аспауынан бүгінде емхана жұмыс істемей тұр.
Яғни, мердігердің өз келісімшарттық міндеттемесін орындамауынан технологиялық құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізілмеген. Әзірге аталған компания қажетті құрал-жабдықтардың тек 22 пайызын ғана жеткізіпті. Сондықтан да, облыстық құрылыс басқармасы медициналық мекемені облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне өткізе алмай отыр. Себебі, қабылдап алу актісі болмаған жағдайда емхана өз жұмысын бастай алмайды.
Осыған орай өткен жылы облыстық құрылыс басқармасы «Астана-Автострой» ЖШС құрылыс компаниясы үстінен шағымданып, жеткізіліп бермеген технологиялық құрал-жабдықтардың құнын өндірмек болған еді. Бұл талап Ақмола облысы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты тарапынан қанағаттандырылғанын айта кету керек. Егер мердігер келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындайтын болса, емхана өз жұмысын бастайтын болады. Әзірге бұл мәселе шешімін таппай тұр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы