27 Ақпан, 2017

Ақ Азиада аяқталды

187 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Жапонияның Саппоро қаласында VIII қысқы Азия ойындары салтанатты түрде жабылды. Бір апта бойы алақандай аралды дүбірге бөлеген Ақ Азиада додасында 32 елдің атынан келген атлеттер спорттың 11 түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салды. Қазақстан құрамасы Сары құрлық спортшыларының бұл сайысында жаман өнер көрсеткен жоқ. Рас, үздік үштіктің ішіне кіре алмадық. Бір жағынан мұның да кешіріммен қарарлықтай өзіндік себептері болды. Мәселен, Саппородағы бұл сайыс Алматы қаласында өткен XXVIII Дү­ниежүзілік қысқы Универсиададан соң іле басталды да, біздің мықты деген спорт­­шымыздың көбі Ақ Азиада алдында ты­нығып үлгермеді. Оның үстіне, ел құ­ра­масындағы көшбасшы саналатын бір­қа­тар спортшымыз дәл осы уақыт ара­­лығында өтіп жатқан әлем чемпионат­та­ры мен Әлем кубогы сындарында өнер көрсетті... Ақ Азиаданың жетінші күні фристайл шебері Юлия Галышева қосарланған могул бойынша сайыстың алтын жүлдесін жеңіп алды. Іріктеу сынында Юлия жапонның екі бірдей спортшысы – Хинако Томитаки және Кисара Симиошиді артқа қалдырды. Ал алтын медаль үшін болған айқаста Галышева Күншығыс елінің тағы бір өкілі Арису Муратудан мықты екенін дәлелдеді. Қола жүлде жапон қызы Мики Итоға бұйырды. Ал бұдан бір күн бұрын биатлоннан өткен аралас эстафета сынында (2х6 +2+7,5) өнер көрсеткен екі бірдей құрама командамыз ел қоржынына алтын және күміс медаль салған болатын. Құрамында Азиаданың бірнеше дүркін чемпионы Галина Вишневская, Дарья Усанова, Максим Браун және Ян Савицкий сынды саңлақтар бар бірінші құрама үздік шығып чемпион атанса, Алина Райкова, Анна Кистанова, Василий Подкорытов және Антон Пантов сияқты шеберлерден құралған екінші командамыз күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал бұл сында жапондық командаға бұйырғаны қола жүлде болды. Жалпы, бұл Азиада сынын Г.Виш­нев­­скаяның бенефисі десе де болады. Жарыстың соңғы күні биатлоншы қызымыз 12,5 шақырымдық масс-старт бәсекесінде 39 минут 26,6 се­кун­д көрсеткішпен тағы да қар­сы­лас­та­рын қапы қалдырды. Со­нымен, Г.Виш­невская мұның алдында спринт, қу­да­лау жарысы және аралас эстафета сынын­да алған үш алтын жүлдесінің санын төртке жеткізді! Ал бұдан бұрын ерлер арасындағы 15 шақырымдық масс-старт сынында Ян Савицкий нысанаға үш мәрте тигізе алмағанына қарамастан, қашықтықты 44 ми­нут 12,2 секунд көрсеткішпен жүгіріп өтіп, алтыннан алқа таққан болатын. Ақ Азиаданың соңғы күнінде шайбалы хоккей додасында алтын жүлде иегері анықталды. Финалдық жекпе-жекте Жапония хоккейшілерімен күш сынасқан Қазақстан құрамасы 7:0 есебімен ірі же­­ңіс­ке жетіп, Азия ойындарының чем­­пионы атанды. Біздің құрама са­пы­нан Ярослав Евдокимов (1-ші және 30-минуттар), Илья Ковзалов (3-ші және 59-шы), Кирилл Савицкий (5-ші), Никита Ми­хайлис (13-ші) және Константин Са­венков (36-шы) сынды хоккейшілер мер­ген­діктерімен көзге түсті. Ал хоккейші қыздар арасындағы үшін­ші орын үшін болған бәсекеде Қазақстан құрамасы Таиланд командасын 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, қола жүл­деге ие болды. Сонымен, спорт тарихының қой­на­у­ы­­на кеткен бұл Ақ Азиада сынында Қазақстан құрама командасы барлығы 32 ме­даль (9 алтын, 11 күміс және 12 қо­ла) алып, жал­пы­командалық есеп бойын­ша Жа­пония (74 ме­даль – 27, 21, 26), Оң­түс­тік Корея (50 – 16, 18, 16) және Қытай (35 – 12, 14, 9) елдерінен кейін төртінші орынға табан тіреді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»