27 Ақпан, 2017

Стойловтың командасы немесе Суперкубок алдындағы сөз

144 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Астана» туралы әңгіме басталғанда көз алдымызда Станимирдің суреті тұрады. Бұл өзі Стойловтың командасы. Жеке меншігі емес, әрине. Қолтумасы. Ішкі тіршіліктегі біраз шаруа бас бапкердің араласуымен бітетін секілді. Мысалы, Неманья Максимовичтің биыл қосалқы ойыншыға айналғанын айтайық. Джордже Деспотовичтің «Тобылға» тартуын да тілге тиек ете аламыз. Ол жақсы ғой. Бас жаттықтырушыда билік болғаны. Табысқа кенелетіндер де солар: жоғарыға ұсынысы өтіп, сөзі жүретіндер. Қожайынға жалтақтаумен күні өтетін бапкерлердің жеңіске жетуі екіталай. Міне, «Астана» туралы жазайық деп ойлаған бетте Стойловқа тіре­ліп қалдық. Мықты маман. Сөз жоқ. Өз ісін біледі. Үш жыл бойы еш­­кімге дес бермеді. Жетістік пе? «Ас­тананың» ойынын қойып бер­ді. Фут­болшылар алаңда еркін кө­­сіле алатын дәрежеге жетті. Қар­сыластың азуын көріп талып қалмайды, қайта «келсең кел­ге» салып, білек сыбанады. Шә­кірт­те­р­ін доппен тіл табыстырды. Так­ти­каның не екенін ұқтырды. Ойын­шылар да ұға алды. Футбол мәд­ениетін меңгерді. Әлгі доп­ты шекесімен, арқасымен, балты­ры­мен тоқтатса да, бытыраша ша­шы­­ратпайды. Қайта магнитке ма­тыр­ған­дай, байлап алады. Иелік еткен бет­те шешім іздейді. Немесе, доп ке­ле жатқанда не істейтінін біліп тұ­ратын деңгейге жетті. Рас, кеу­де­ге піскен «наннан» құтыла ал­май қалатын кездері болады, ол өзімізге ғана тиесілі мінезден. Тіп­ті, Станимир де сылып тастай ал­май келеді. Еуропаны аралатты. Чем­пиондар лигасының негізгі жа­ры­сына қосты. Еуропа лигасында да ойнатты. Еңбек, ерен еңбек сі­ңір­ді. Енді ентігіп қалмаса екен. Ол да оңай. Соңғы отыз жыл көлемінде біз­дің елде мұндай бапкер аз жолықты. Оған да себеп көп. Стойловтың ба­ғына Саян бітті. Хамитжанов. Ста­ни­мирді бағалады, қадіріне жет­ті. Іздеткенін тапты, сұрағанын ұсы­н­ды. Мұндай басшыны Ста­ни­мир әлемді алты айналса кездестіре ме? «Анау шақырды, мынау күтіп отыр», дейді ғой. Баруы мүмкін. Ко­мандасын ұшпаққа шығаруы екі­талай. Дәл Астанадағыдай жағ­дай Стойловқа жасала салмайды. Төрт жыл бұрын кім еді? Енді кім? Қақпашы – екеу. Тізімде одан көп еке­нін білеміз. Мысалы, Абылайхан Дүйсен. Салмақ Александр Мокин мен Ненад Эричке түсетіні анық. Алдымыздағы наурызда Алматыда «Қайратпен» болатын Суперкубок жолындағы матчта қақпаны Мокин күзететін шығар. Былтырғы салтқа сай. Бізге солай көріне ме, әлде бір кілтипан бар ма, бас бапкер Мо­кин­ді негізгі қақпашыға айналды­руды да ойлайтын секілді. Өзі бі­ле­ді. Екеуі де мықты. Енді қор­­­­ғанысқа келейік. Негізгі тірегі – Марин Ани­чич. Соңғы жылдардағы ел бірін­ші­лігіндегі ең үздік қорғаушы. Біл­ге­нінен биыл да жаңыла қоймас. Қа­сын­да Юрий Логвиненко жүретін ш­ы­ғар. Евгений Постников те се­нім­ді ақтайды. Старый Осколда өс­кен ұл «Арсеналға» қарсы ойында оң қанатта да сауаттылық танытты. Орта­да ойнай алады. Белорус Игорь Шитов те әбден шыңдалған. Ерте есей­ген Дмитрий Шомконың нағыз то­лысқан шағы. Абзал Бейсебеков те «ат ерттесе, тоқымды аудармайды». Қорғанысы тастай, алынбас қамал секілденген «Астанаға» гол соғу талай командаға биыл да қол жетпес арманға айналар. Орта тұста елеулі өзгерістер орын алды. Әуелі Рохер Каньясты айтайық. Бүгінгі «Астанаға» аса қажет ойыншы Рохер. Кипр асып кет­ті. Өз бетімен емес. Мүмкін, Стой­ловтың ақылымен. Әлде, Ста­ни­мир Еуро додасының алдында Ка­ньясты қарт құрлықта шыңдап алу­ды жөн көрген?! Бұл да қисынға ке­леді, демек қатты қажет кезде Каньяс өз жұмысына оралады. Рас, Иван Маевскийді шақырды. Иван да шама-шарқы келгенше өз деңгейінде өнер көрсетеді ғой, бірақ Рохерді алмастыра алмайды. Максимович жазда «Валенсияға» ке­теді. Қазірдің өзінде қиялымен «Мес­тальяны» шарлап жүрген жі­гіт­ті ойынға жұмсау қисынсыз. Ақыл­ды Станимир оны анық біледі. Сол себепті Неманьяның одан әрі қиял­­дауына бөгет болмауы тиіс. Серікжан Мужиковтің бабын тап­қан да Станимир. Стойловтың тә­лімінен кейін түлеп сала берді. Әрине, кейде техникалық білімнің кем­шілігі, кейде қара күштің аз­ды­ғы тұсау болады. Бірақ, ерік-жі­гер Серікжанға қосымша қуат бе­ретін се­кілді. Оның үстіне білікті ма­ман­ның тапсырмасын анық ұғып, со­ны орындап шығудан оңай нәрсе бар ма. Асқат Тағыберген. Талант. Өз ісіне мығым. Кейде футбол­ды өнер деп қабылдайтыны алаң­да­­ғ­ы қимыл-қозғалысына қанат бі­ті­­реді. Ол не артықшылық, неме­се кем­шілік. Оны Станимирдің өзі жо­р­ысын. Патрик Твумаси. Си­рек ойыншылар санатында. Тез ой­лайды, жылдам қимылдайды. Мі­незі ұшқалақ дейтіндер бар. Бә­рін біледі. Білгенін алаңда жү­зеге асыра алады. «Астана» са­пын­дағы сапалы ойыншының бі­рі. Мүмкін бірегейі. Жас лектен Абай Жүнісов ұнады. Өзіне се­німді. Фут­болыңызды кәдімгідей мең­ге­ре бастады. Болашағынан үміт күттіретін ойыншы. Аздрен Лулаку. Біржақты пі­кір айту қиын. Төрт-бес ойынын көрдік. Бәлендей әсер ет­педі. Мүм­кін, кейін түсінерміз, кім еке­нін. Кеткендердің орнын толтыра ала ма? Джуниор Кабананга. Адам­ға бақтың қонуы да оңай ғой. Қа­ра құрлықтағы жарысқа зорға ілін­ді де, зорайып шыға келді. Өз құ­ра­ма­сы­ның бас мергеніне айналды. Оқу-жат­тығу жиынына келген бетте іс­ке кірісіп, әлгі биігінде қалықтап тұ­рып қалды. Төмен түсе ме, биікке са­м­ғай ма? Алдағы мау­сым жауабын берсін. Джуниор да тү­сінде Еу­ропаны көре бастаған секілді. «Астанаға» тағы бір шабуылшы керек. Кімді алады, қашан ала­ды? Роман Мұртазаев бар дедіңіз бе? Мүмкін, ойнап кетер. Му­жиковтер секілді. Несі бар, Ста­ни­мир талайдың шырағын жақ­қан. Құлағын бапкерге жақын ұс­та­са бол­ғаны, ұғарын санасы біледі. Мұғалім бар ғой. Амангелді СЕЙІТХАНОВ, журналист АСТАНА