Чемпиондар лигасының 1/8 финалының қалған төрт ойыны өткен аптада өтті. Бұл матчтарда «Манчестер Сити», «Атлетико», «Ювентус», «Севилья» жеңіске жетті. Тең ойын тіркелмеді.
● Англияда нағыз футбол драмасына куә болдық. Хосеп Гвардиола жаттықтыратын «Манчестер Сити» өз алаңында «Монаконы» қабылдады. Бұл ойын тарихқа плей-оффтағы ең нәтижелі кездесу ретінде енді. Матчта 8 гол соғылды. Оның бесеуі алаң иелеріне тиесілі.
Есепті 26-минутта «Сити» жартылай қорғаушысы Рахим Стерлинг ашты. Бірақ үзіліске дейін қонақтар алға шықты. Алдымен Радамель Фалькао таразы басын теңестірсе, екінші голды Килиан Мбаппе соқты.
Екінші таймның басында Фалькаоның есепті 3:1-ге жеткізуіне тамаша мүмкіндігі болды. Өкінішке қарай, колумбиялық шабуылшы пенальтиді дәл орындай алмады. Осыдан кейін футболдың жазылмаған «Сен соқпасаң – саған соғады» деген заңы жүзеге асты. «Манчестер Ситидің» оқтаулы мылтығы Серхио Агуэро таблодағы көрсеткішті теңестіріп, жанкүйерлерді сабасына түсірді. Дегенмен, Фалькао өзінің қателігін жуып-шаюға тырысты. «Монако» капитаны 61-минутта командасын матчта екінші рет алға шығарды.
Бұдан кейін Гвардиола шәкірттері мінез танытып, қатарынан үш гол соқты. Сөйтіп, жеңісті жұлып алды. Алдымен Агуэро матчтағы екінші добына байғазы сұраса, сонан соң Джона Стоунс көзге түсті де, Лерой Зане соңғы нүктені қойды.
● Ал Германиядағы «Байер» мен «Атлетико» кездесуінде қонақтар жеңіске жетті. Киевтің «Динамосынан» неміс командасына ауысқан австриялық қорғаушы Александр Драгович үшін «қаралы күн» болды. Қорғаушы Гризманн, Гамейро секілді «Атлетико» жұлдыздарынан көз жазып қала берді. Симеоненің сарбаздары алғашқы ойында төрт гол соғып, ширек финалға бір қадам жасады.
Осыдан 16 жыл бұрын Мадридтің «Реалымен» финалда кездескен қауқарлы «Байерді» соңғы жылдары мүлдем байқамай жүрміз. Бұл күнде команда финал тұрмақ, топтың өзінен әрең ғана шығып жүр.
– Біз қиын ойын болатынын жақсы білдік. Бірақ соған қарамастан, жеңіске жету үшін барымызды салдық. Ол қолымыздан келді. Дегенмен қарымта ойын да оңай болмайды. «Атлетиконың» тарихында өз есімімді жазып қалдырып жатқаныма көңілім толады. Әрі қарай осы қарқынымды жалғастырғым келеді. Матч бойы «Байер» футболшылары қаншама рет қыспаққа алуға тырысты. Бапкеріміздің арқасында жақсы тактика құрып, қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Мен шабуылдағы әріптесім Гамейромен жақсы түсінісіп ойнаймын. Бүгін Торрес екеуі де гол соқты. Алдағы уақытта да осы беттерінен таймай, қуанта береді деп ойлаймын. Гамейро маған жеті пас берді. Ал мен үш рет жауап қайтардым. Екеуміз де французбыз. Сондықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз, – деді «Атлетико» шабуылшысы Гризманн.
● Сәрсенбінің түнінде Буффон мен Касильястың кезекті теке-тіресіне тағы куә болдық. Осы уақытқа дейін қос қақпашыны Италия мен Испания, «Ювентус» пен «Реал» кездесулерінен көретін едік. Бұл жолы олар «Порту» мен «Ювентус» ойынында жолықты. Португалияға қонаққа барған Турин командасы қарсыласынан шоқтығы биік екенін дәлелдей алды. Екінші кезеңде екі доп соққан Италия командасы да ширек финалға шығуға жақын.
● Соңғы жұп «Севилья» мен «Лестер-дің» Чемпиондар лигасындағы тәжірибесі аса көп емес. Әсіресе, соңғысының. Былтыр футболда барлығын ақша шешпейтінін дәлелдеп, Англия чемпионы атанған Раньери шәкірттері алғаш рет Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына жетті. Ал «Севилья» бұған дейін екі рет 1/8 финалда ойнаған. Бірақ, ширек финалға шығып көрмеген. Осы жолы үздік сегіздіктің қатарына кіруге мүмкіндігі бар.
Ойын 2:1 есебімен аяқталды. Қонақтар Вардидың голының арқасында келесі кезеңге шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Егер өз алаңында жеңіске жететін болса, «Лестерді» ширек финалдан көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Ойын нәтижелері:
«Манчестер Сити» – «Монако» – 5:3
Голдар: Стерлинг, 26 (1:0). Фалькао, 32 (1:1). Мбаппе, 40 (1:2). Агуэро, 58 (2:2). Фалькао, 61 (2:3). Агуэро, 71 (3:3). Стоунс, 77 (4:3). Сане, 82 (5:3).
«Байер» – «Атлетико» – 2:4
Голдар: Сауль, 17 (0:1). Гризманн, 25 (0:2). Беллараби, 48 (1:2). Гамейро, 59 (1:3). Савич, 68 (2:3). Фернандо Торрес, 86 (2:4).
«Порту» – «Ювентус» – 0:2
Голдар: Пьяца, 72 (0:1). Алвес, 74 (0:2).
«Севилья» – «Лестер» – 2:1
Голдар: Сарабия, 25 (1:0). Корреа, 62 (2:0).Варди, 73 (2:1).
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА