Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Горбан Сейфимен кездесті.
Кездесу барысында дипломат біздің мемлекетіміздің адам құқықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде заңнамалық базаны жетілдіру мен құқық қолдану тәжірибесі, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өзара әрекеттесуі, ел халқының құқықтық ағарту саласындағы қызметімен танысты.
Г. Сейфи Қазақстанның ұлтаралық келісім, ұлттық азшылықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, діни төзімділік, гендерлік теңдік саласындағы саясатын жоғары бағалады.
Елші қазақстандық Омбудсменді Тегеран қаласында 2011 жылдың мамырында өтетін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің және Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі органдары басшыларының бірінші отырысына қатысуға шақырды, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.