27 Ақпан, 2017

Ұзын бойлы жігіттің арманы да асқақ

575 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15 жасына дейін басқа балалар секілді өсті, мектепте оқыды. Рас, мінезі тұйық еді. Ата-әжесінің тәрбиесінде болған Бақыттың құлағында мүкісі барын әке-шешесі де аңғармаған. «Миында ісік бар» деген дәрігер сөзі анасы Мәншүкке ауыр үкімдей естілді. Ота жасалды. Аман қалды. Бірақ, «екінші топ мүгедегі» деген сөз тағдырына таңба болып басылды. Соған қарамастан, кешкі мектепті бітірді. Одан кейін Халел Досмұ­хамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде бей­нелеу өнері мамандығын мең­герді. Қазір кәсіби суретші. Кіш­кене кезінен бергі ақ адал досы болған қылқаламын бір сәтке де қолынан тастаған емес. Түрлі деңгейдегі суретшілер байқау­ларынан жүлдесіз қайтқан күні аз. Ауыр науқасқа шалдыққаннан кейін Бақыттың бойы шамадан тыс өсе берген. Қазір жасы 32-де, бойы 2 метр 10 см. Ол Атыраудағы ең бойы ұзын адам. 52-ші мөлшерлі аяқ киім киеді. Жергілікті сауда орталықтарынан оған шақ келетін киім табу мүмкін емес, сондықтан тек тапсырыспен алдырады. Бақыт Салиев тылсым таби­ғаттың үнін көкірегімен түйсінеді. Дүниедегі сезінгенінің бәрін қағазға түсіруге асығады. Салған суреттері де сан қилы, бірде тып-тыныш табиғат мүлгісе, бірде аласапыран теңіз толқыны жағаны ұрып жатады, бірде қыз бен жігіттің махаббаты мөлдірейді, бірде ержүрек батырдың портреті рух береді. Ол үшін өмір деген – сурет. Өмір сүру деген – сурет салу. Мемлекеттен алатын жәрдемақысының бәрін дерлік қағаз бен бояуға жұмсайды. Жанының қалауы сол ғана, дегенмен, ол да армандайды... Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ