Кеше еліміздің сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі Асқар Абдрахманов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кезекті брифинг өткізіп, аптадағы іс-шаралар барысымен таныстырды.
Ресми өкілдің хабарлағанындай, Қазақстан Үкіметі Жапониядағы зілзала мен цунамиден орын алған апат салдарын қалпына келтіруге қаржылай және гуманитарлық көмек ретінде осы елге 1 миллион АҚШ долларын беру және 33 тонна ет консервілерін жеткізу жөнінде шешім қабылдаған. «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы осы жүкпен бүгін Жапонияға аттанады», деді ресми өкіл. Ал 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы Жапонияның Қызыл Крест қоғамының есеп-шотына аударылады.
Тағы бір белгілі болғаны – Тәжікстан астанасы Душанбеде Қазақстан дипломатына шабуыл жасалғандығы. Асқар Абдрахмановтың Душанбедегі Қазақстан Республикасы елшілігінің мәліметіне сүйеніп келтірген деректеріне қарағанда, кеше кешкісін сағат 5.00 кезінде Душанбенің Айни көшесінің бойында елшіліктің екінші хатшысы Әмір Жанаевқа шамамен 6-7 (25-30 жас аралығындағы) жергілікті ұлт өкілі тарапынан шабуыл жасалған. Ә. Жанаевтың жанында бұл оқиға кезінде жұбайы мен 4 жасар баласы болған. Соның салдарынан елшілік қызметкері бірқатар жарақат алған. Қазіргі кезде оның денсаулық жағдайы қалпына келуде.
Ресми өкіл мынадай да мәліметтерді келтіре кетті. Өкініштісі сол, жергілікті полиция өкілдері оқиға орнына тек 20 минөттен кейін ғана келген. Жапа шеккен қазақстандық дипломатқа көшенің бойындағы жергілікті тұрғындар тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген. Ресми өкілдің айтуынша, ҚР елшілігі бұл жөнінде Тәжікстанның билік орындарына тиісті мәлімдеме жасады. Аталған мәлімдемеде ұлтшылдық және шовинистік әрекеттердің ұлтаралық арандатуға соқтыруы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірілген. Ал Тәжікстан билік органдары бұзақыларды тез арада анықтап, оларды ұстайтынына сенім білдіріп отыр. Душанбенің құқық қорғау органдары осы мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар, А.Абдрахманов 15-16 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингхтің Астанаға ресми сапары болатынын хабарлады. Еліміз сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: «Жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ, сапар аясында екіжақты экономикалық ынтымақтастық бойынша бірқатар келісімдерге қол қою жоспарлануда», – деді. Қазақстан тарабы алдағы сапар екі мемлекет арасындағы стартегиялық әріптестіктің дамуына елеулі үлес қосатынына, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін беретініне сенім артуда.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.