Мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін тұрғын үйге байланысты депутаттар ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтавтың атына кезекті рет депутаттық сауал жіберді. Атап айтар болсақ, депутаттар мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған үйді берудегі әділетсіздіктер, қымбаттығы мен сапасыздығын айтты.
"Мемлекеттік бағдарламамен үй алған азаматтардың баспана сапасының төмен екенін айтушылар саны көбейіп келе жатыр", - делінген депутаттық сауалда.
Депутаттардың айтуынша, құрылыс салуға пайдаланылатын құрылыс материалдарының 70 пайызы, кейді тіпті одан да көп бөлігі Қытайдан әкелінеді. Бірақ билік ресми түрде құрылыс материалдарының 80 пайызы отандық өнім екенін айтады. Тіпті, отандық құрылыс материалдарының өзі сапасы мен номенклатура көлемі сын көтермейді.
Заң шығарушылардың айтуынша, 12 жылдан бері миллиардтаған теңге қаржы бөлінгенімен, халыққа үй әлі де жетпей жатыр. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, үйге мұқтаж азаматтар саны 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 248,9 пайызға көбейген.
Осыған байланысты мәжілісмендер Сағынтаевтан мына нәрселерді сұрап отыр:
1) Қолжетімді баспананы тарату кезінде ашықтықты қамтамасыз ету тетігін дайындау;
2) Шаршы метрдің бағасын азайту мен құрылысқа сапалы және арзан отандық материалдарды қолдану;
3) Тұрғын үй сапасын бақылаудың дұрыс тетігін қалыптастыру;
4) Қазақстандық кәсіпорындардың құрылыс материалдарын шығаруда мемлекеттік стандарт талаптарын арттыру;
5) Нысандарды мемлекеттік қабылдау тетіктерін дайындау. Бұрын мемлекеттік қабылдау комиссиясында 20 адам жұмыс істесе, қазір комиссия 4 адамнан тұрады. Бұл саладағы жемқорлыққа жол ашып, бақылаудың тиімді еместігін көрсетуде;
6) Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй салатын компагияларды іріктеу тәртіптерін қатаңдату;
7) Өңірлерде құрылыс нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жоқтығы мәселесін қарау.