«Билайн» брендінің қожайыны болып табылатын ресейлік Vimpelcom телекоммуникациялық компаниясы оның атауын VEON деп өзгертуді ойға алып отыр, деп жазады
abctv.kz.
Компанияның ресми ақпаратында айтылғандай, осы жылдың 30 наурызында өтуге тиіс кезектен тыс жиында акционерлер мақұлдайтын болса, онда атауын өзгертпекші.
«Қазіргі компания 24 ай бұрын болған компания емес, қазір ол ескірген телекоммуникациялық бизнестен VEON технологиялық компания ретінде трансформацияланып жатыр», – делінген хабарламада.
Vimpelcom бұл шешімін осы жылдың соңында бірқатар елде VEON интернет-платформаларды іске қосатындығымен түсіндіреді. Айтуларынша, дәл осындай платформа өткен жылдың соңында Италияда сәтті жүзеге асқан.
Былтырғы қарашада «Рейтер» агенттігі Vimpelcom-ға тиесілі италиялық Wind операторы мен гонконгтық Hutchison бірлесіп өзінің клиенттері үшін VEON деп аталатын тегін мессенджерді іске қосқанын хабарлаған болатын. Ол өзге де танымал мессенджерлер секілді жұмыс істейді, бірақ қолданушылар операторға трафик үшін ақы төлемейді.
Компания өкілдері Амстердамдағы Euronext биржасында қайталама листинг жүргізуді көздеп отырғанын хабарлады. Компанияның штаб-пәтері де осы қалада орналасқанын айта кеткен жөн.
Компания, егер акционерлер бекітетін болса, онда VEON тикерімен сауда жасайтын болады. Компанияның ресми хабарламасында өзгерісті оның құрылымымен де байланыстырған.
«Компания айтарлықтай қайта құрылып, бірнеше жылдық құлдыраудан кейін өсім көрсете бастады», – делінген хабарламада.
2016 жылдың қорытындысы бойынша компания бір акция үшін 23 цент деңгейінде дивидент төлейді. Бұл компанияның жобалар қоржынындағы өзгерістермен байланысты.
Төртінші тоқсанда Vimpelcom-ның түсімі 2,5%-ға, 2,3 млрд долларға дейін өсті. Негізгі өткізу нарығы Ресей болып отыр, ондағы түсім 1,1 млрд долларды құрайды.
Компания Ресей, Қазақстан, Италия, Пәкістан, Алжир, Бангладеш, Украина және Өзбекстанда жұмыс істейді.