Иә, тарихта айтыс өнерінің інжу-маржаны саналатын Біржан мен Сара есімі аталған кезде қиыннан қиыстырып, маржан сөз терген қыз бен жігіт көз алдыңа келеді десек, Ақсу ауданының 80 жылдық мерей- тойына орайластырып, әкімдік Алматы мен Ақмола облыстарының арасында «Сараның сіңлілері – Біржанның інілері» атты республикалық ақындар айтысын өткізуді жоспарлап отыр екен.
Осы бастамаға рухани қолдау көрсеткен белгілі телеарналарда өзіндік көзқарасымен, айтар ойларымен танылып, көрермен көзайымына айналған Нұртілеу Иманғалиұлы бар екенін біліп, әріптесімізбен хабарласқан болатынбыз. Нұртілеу өз сөзінде ауданның мерейтойын өткізуге киелі мекеннен түлеп ұшқан азаматтардың да қолдау көрсетуге дайын екенін әңгімеледі.
Тойдың болғанынан қашанда боладысы қызық. Сол қызық шынында да қызып тұр екен. Соның бірі – ақындар бәсекесі. Жәй ғана емес әйгілі ел аузындағы «Біржан мен Сара» айтысын жаңа дәуірдегі соны қырынан таныту, дәстүрлі қыз бен жігіт арасындағы нәзік сезім ұшқынын маздату деуге болады.
Жалпы, айтысқа негізінен Алматы мен Ақмола өңірлерінің қыз-жігіттері қатыстырылмақ. Десе де, ниет білдірген кез келген өзге аймақтағы айтыскер қыз-жігіт өтініш білдіріп жатса, құп алуға болады, дейді Нұртілеу.
Іріктеуден өтіп, айтысқа қатысқан Сараның сіңлілері мен Біржанның інілері қазақ өнерінің белгілі тұлғалары Біржан мен Сара атындағы және Ақсу ауданының суырып- салма шайырлары Ілияс Жансүгіровтен бастап, қарт Толғамбай, Қуат Терібаев, Иманғали Қалиасқарұлы, Қанипа Бұғыбаева және тағы басқа ақындар атындағы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.