Жапонияның Саппоро қаласында өткен VIII қысқы Азия ойындарында айбарымызды аспандатқан Қазақстан ұлттық құрамасы спортшыларының алғашқы легі елге оралды. Спортшыларымызды Алматы әуежайынан жұрт болып жұмыла қарсы алдық.
Жанкүйерлер әсіресе, конькимен жүгіруден үшінші орынды еншілеген Федор Мезенцевті, шаңғымен тұғырдан секіру бойынша күміс жүлде алған Сабыржан Мүмінов пен Константин Соколенконы және хоккейден үшінші орын иеленген қыздар құрамасын айрықша құрметпен қарсы алды. Жүлдегерлер Жапония жеріндегі жарыс сәтті өтсе де, іште сәл әттеген-айлары бар екенін айтып, келесі жарыстарда бұл тұғырдан да биіктен көрінуге талпынатынын жеткізді.
Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Федор Мезенцев: «Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жапония мен Корея елінің спортшылары Азия аумағында ғана емес жалпы әлемдік деңгейдегі бәсекелерде де біздің басты қарсыласымыз. Қолымыздан келгенін көрсетуге тырысып бақтық. Дайындығымыз да тыңғылықты болды. Еңбегімізді елеп, аяғымызды жерге тигізбей қарсы алған отандастарымызға айтар алғысымыз шексіз. Әлі талай жарыстарда еліміздің атын әлемге танытамыз», деп ағынан жарылды.
Шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Павель Васильев: «Басында бір медаль алсақ деп жоспарлағанбыз, бірақ қатарынан үш медаль жеңіп алдық. Бұл біз үшін өте жақсы нәтиже. Әрине, жарыс қиын болды. Өйткені, төрешілер құрамында біздің қазақстандық өкілдер болған жоқ. Сондықтан, жапониялық төрешілер бізге төмен балл қоюға тырысты. Дегенмен, жігіттер қашықтық бойынша да, техникалық шеберлік бойынша да барлығын жақсы орындап оларға мүмкіндік қалдырмады», деп өз ойын ортаға салды.
«Жарыс өзім ойлағаннан да сәтті өтті. Жүлде алған сәттегі көңіл күйімді жеткізе алмаймын. Ауа райының жайсыздығы сәл қолайсыздық туғызды. Жапонияда жел көп тұрады екен, ал бізге жел әрқашан кедергі келтіреді. Дегенмен, сәттілік жолдас болды деп есептеймін», дейді шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Азиада ойындарының күміс жүлдегері Константин Соколенко.
Естеріңізге сала кетсек VIII қысқы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы алғанда 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) төртінші орынға тұрақтаған болатын.
Арман ОКТЯБРЬ,
журналист
АЛМАТЫ