28 Ақпан, 2017

Қой өсіруді неге қолдан қиындатып отырмыз?

719 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сарыарқаның ұсақ шоқылары қой шаруашылығын өрістетуге өте қолайлы ме­кен. Алайда, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген ста­тистикалық мәліметтерге сүйенсек, аймақ қой шаруашылығын дамытуда кен­желеп қалған. Еліміз бойынша жетінші орында тұр. Қазақстандағы 17 947 176 бас қой мен ешкінің 1 млн 14 мыңы ғана Қарағандының еншісінде екен. Ешкі мен қойын бөліп санаған тұста, Қазақстандағы шекшек атаның са­ны 2 млн-ның үстінде болса, Арқадағы ешкінің есебі – 205 584. Бұл асыл тұ­қымды қой өсіріп отырған Қарағандыдағы 14 шаруашылықтың 38 844 бас қойын, Қарқаралы ауданындағы Швейцарияның Заанен өлкесінен тараған, қазақ жеріне Ресейдің Челябі аймағынан әкелген заанен тұқымдас 70 бас ешкіні осы санаққа кіргізгендегі есеп.

Қойшының жалақысы қанша?

Ауылдағы ағайынмен хабарлассақ, «қой бағатын адам тапшы» дейді. Табылған күннің өзінде атына мініп, айранын ұрттап, алдындағы бес-алты үйдің малын ауылдың сыртын бір-екі айналдырып келгені үшін кісінің құнын сұрайды. Қазіргі қойшының бір күндік табысы – 3 мың теңге. Айлығы – мұғалімдікінен жоғары. Жалақысы құрысын, жалындырғаны өтіп кетпей ме? Ақы иесі ол қойшығы қой бағудың экзотикасын тегін сыйлап, таза ауада демалып қайтқаны үшін ақша төлеп жүргенін білмейді емес, біледі. Сосын кейін, қойы құрысын дейтін шығар. Расымен де, сиырды ауылдан бір-екі қыр асырып тас­тап, кешке айдап әкелесің. Ал, қойдың соңында жүрмесең, қораңа келуі екіталай. Екіншіден, қазір қойдың етін өткізу қиын шаруа. Қаланың қазағы мәтелдің мәйегін түсінетіндей «қойдың еті қорғасын» деп, асқазанда ұзақ қорытылатынынан қа­ша­тын көрінеді. Қой шаруашылығын бұлай қожыратпай, ауылдағы азаматтар «Алтын асық» қой шаруашылығын несиелеу бағ­дар­ламасымен жұмыс істесе болар еді. Мәселен, былтыр Қарағанды облысы бойынша мемлекет тарапынан «казАгро» институты арқылы 7 196 бас қой алуға несие берілген. Биыл 2000 басқа қаражат қарастырылып отыр. Бұл бағдаларма арқылы кез келген адамның төмендетілген пайызбен несие алып, қойын өргізіп, итін үргізіп отыруына болады. Сонымен бірге, қойды үйде сойып, пышақпен іремей, мал соятын арнайы пукттерде жайғаса, терісін жоғары бағаға өткізуге болады емес пе?

Арқаның қойына арабтардың аңсары қалай ауды?

Қарағанды облысында 3 мың бастан астам қой арнайы рейспен Біріккен Араб Әмірліктеріне жол тартты. Алыс шет елге асыл тұқымды «Еділбай» қойын үш ұшаққа тиеп жөнелткен өзіміздің жаңаарқалық Жамбыл Жүндібаев есімді кәсіпкер азамат. «Етті, сарыарқалық қылшық жүнді ақ түсті» қойларын «Myco Trading FZE» ірі ет өндіру және ауылшаруашылық өнімі үшін сұраныс талабына сай жөнелткен. Шетелдіктер біздің қойлардың еті мен сүтіне экологиялық таза өнім ретінде сұраныс түсірген. Әлекеңнің жоғарыдағы қазақ қойына осыдан бір ғасыр бұрын берген бағасына сонда көзіміз жетті. Содан «Жеңіс» асыл тұқымды мал ша­руа­шылығы зауыты» ЖШС директоры Жам­был Жүндібаев мырзаға хабарластық. Шаруашылық иесінің айтуына қарағанда, келісімшарт бойынша, біз оларға тірі қойларды жібереміз, ал олар өз технологиялары бойынша сояды екен. Олар біздің қой­ды экологиялық таза өнім ретінде ба­ға­лайды. Шама келгенше «Еділбай» тұ­қым­ының ақ қойын экспорттаған жөн. Шет­елдіктер меринос, қаракөл емес, қа­зақ­тың құйрықты, қылшық жүнді, етті, сүт­ті қойына қызығушылық танытуда. Ақ қой неғұрлым радиация өткізбейді және аталмыш шаруашылықтың қойы далада еркін жайылған, ешбір екпе, қоспасыз семіреді. Бүгінгі таңда біз айтып отырған «Жеңіс» шаруа қожалығы Иордания, Катар, БАӘ сынды бес бірдей мемлекетпен келісімшартқа отырып жатқан көрінеді. Сәйкесінше, мұншалықты үлкен жоба бір адамның, я болмаса бір ша­руашылықтың қолынан келмейді. Мә­селен, былтыр экспортталған үш мың қойдың мың шақтысы Нұра ауда­нын­дағы Қанат Отарбаев бас­қара­тын «От­қанжар» жауапкершілігі шек­теулі се­­ріктестігінікі екен. Бұл шаруа­шы­лық­­тардың биылғы жоспары бойынша, Жа­ңа­арқа, Нұра аудандарына қарайтын же­ке-жеке шаруашылықтарды коопера­тив­ке біріктіріп, 40 мың қойды шет елге экспорттамақ. Осы ретте, сыртқа шы­ғарылатын өнімді бір орталықтан қа­да­ғалайтын зертхана керектігін айтады. Бұл мә­селе Үкімет тарапынан қолдау тап­па­ған жағ­дайда, жекелеген ірілі-ұсақты ша­руа­шы­лықтар не ауру, не сапасы төмен өнім экс­порттап «бір құмалақ бір қарын майды ші­рітуі» мүмкін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен жасалған Бес инс­титуттық реформаны жүзеге асыруға ар­налған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ая­сында экспорт тауарларын арттырып, әлем­дік нарыққа шығару Қазақстанның ал­дын­­да тұрған өзекті тапсырмалардың бірі. Бұл тапсырманы Қарағанды қарқынды орын­дап келе жатқан сыңайлы.

Кәуапты жегендер сауапты білмей ме?

Жалпы, қой бағу қазақтың ата кәсібі деп күнде айтып жатырмыз. Десек те, сол шаруашылықтың соңы қалай болар екен дейміз. Басында да айттық, бәрін ысырып қойғанда, «қойшы», «шопан», «сақман» деген сөзді ескі әдебиеттерден ғана еститін бол­дық. Ықылым заманнан бері қазақпен қа­тар жасасып келе жатқан ата кәсібімізді ауыл­мен қоса ұмытып кету қаупіміз бар. Қой шаруашылығымен қоса қазақтың тілі мен ділі, иммунитеті қоса өліп қалмаса игі. Бұрын «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деуші едік. Қазір шығыны шаш-етектен дейтін болыпты. «Қорада тұрған бір қой бір аттың шөбін жеп қояды екен», «жүнін далаға лақтырамыз, терісін ит жұлмалайды», «қойшының бір кезегі – үш мың теңге» дегендерді естіп, қой өз құнын өзі ақтамайды екен деп қаласыз. Әлихан Бөкейханның 1904 жылы жарық көрген «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» деген монографиясын оқыған адам қыста қолға қараған бір қой, атап айтқанда, Қарқаралы уезінің Кент болысындағы бір сау­лық – 7 фунт (2,8 келі) шөп жейтінін біледі. Жүз жыл бұрынғы қой бүгінде аттың жеген шөбін жейтіндей айдаһар бола қойған жоқ шығар. Жас кәсіпкерлердің жалындаған жігерін осындай дәлелсіз әң­гімелер басып тастамасына кім кепіл? Мәселе, өсіріп отырған тұқымды асылдандырып, етін экспорттап, сүтін емдік шараға қолдануды білмейміз. Рас, Арқа тө­сінің қысы қатты, қары қалың, селеуі – найза. Шаруалардан сұрағанымызда, қыл­шық жүнді, суыққа төзімді, терісі қа­лың қой болмаса биязы жүнді қойды қыста аяз сорып, жазда селеу буып тас­тайды. Уақытында қырқып, көк дәрісін құй­ып, креолиніне тоғытып, қадағалап, құрт­тап отырса, «жатып қалған бір тоқты, жайылып» мың қой болмай ма? Қой жарықтықтың Құранда айтылған қасиетін бұл жерде жазбай-ақ қойдық. Сауабын емес – кәуабын ғана білетін ұрпақпыз-ау... Қойдың жүні қор болған заман. Оны іс қылатын бірлі-жарым адам болмаса, жүннен байпақ тоқып, сырмақ сыратын әжелеріміз бен аналарымыз қалмапты. Оның үстіне, заман талабына сай жүн өңдейтін фабрикалар жоқ. Тоқсаныншы жылдарға дейін Қарағанды маңындағы Сұрыптау кентінен пима басатын фаб­рика жұмыс істеп тұрды деп естиміз. Бұл жайлы Ақтоғай өңірінің тумасы, қарағандылық зейнеткер, қолөнер шебері Қамаш Төлеубаева анамызбен сұхбаттас болғанда егжей-тегжейлі білдік. Ол кісінің айтуынша, ісмер әйелдер қазір жоқ­қа тән. Оған Үкімет те көңіл бөліп отырған жоқ. Әйтпесе, жүнді табыс көзі қылуға әбден болады. Мысалы, Қамаш анамыз 2013 жылы Қазақстанның атынан Непалда өткен «Шебер-2013» атты халықаралық байқауына қатысыпты. Көрмеге апарған бұйымы – сырмақ. Оны дайын­дауға өңделген таза жүнді Жамбыл об­лысындағы жүн өңдеу фабрикасынан ал­ған. Сондай фабрикаларды Қарағандыда сала­тын мүмкіндік туса, Қамаш Төлеубаева бас­таған облыс орталығындағы «Шебер» қол­өнер ұйымындағы қаншама өнерлі жан­дар қой жүнінен түрлі-түрлі үй-жайға қа­жетті жабдықтардан бастап, киім-кешек, тө­сеніш-жамылғының бәрін дайындауға бей­іл. Сондай-ақ, Қамаш апа ЭКСПО көр­месіне бірнеше бұйым дайындап жа­тыр. Шет елдің қымбат, синтетикалық киі­мі­нен гөрі, табиғи, экологиялық таза, же­ңіл әрі жылы қой жүнінен тоқылған киім неғұрлым тиімді әрі арзан емес пе? «Қа­зақстанда жасалған» деп биязы қой жүні­нен тоқылған биялайдан бастап, бас киімге дей­ін сатсаңыз, мемлекет қолдап-ақ отыр. Кі­нә, өзімізде-ау...

Түйін

Қойдың әр мүшесі – бұйым. Тобығын тығып, асығын атып ойнай беріңіз. Кәрі жі­лігін – біз, ортан жілігін – шүмек қылу­ға болады. Сондай-ақ, бір деректерде қа­з­ақ­тың көрші елмен арасында туған жер дауы­нда қойдың құмалағы – таласып отыр­ған жердің қазақтыкі екеніне дәлел бо­лып, құйқалы қыраттың кімге тиесілі еке­ні айқындалған. Ендеше, өмір бойы қой ба­ғып келе жатқан қазақтың атының тұяғы ға­на емес, қойының құмалағы шашылған жер­дің бәрі қазақтыкі болуы керек... Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы