Қазақ пен қалмақ - ежелден ат үстінде қатар желіп, алысып та, табысып та ғұмыр кешкен халықтар. Олардың тарихи атқонысы моңғолдармен іргелес болса да, біраз бөлігі соңғы үш ғасыр жарым уақыттан бері әуелі Еділ-Жайық өзендері арасын мекендеп, одан Еділден әрі өтті. 1771 жылдан бастап Ставрополь өлкесінің бір пұшпағы, Вологда облысының іргелес Астраханының батыс өңіріндегі кең даланы түбегейлі қоныс етіп келеді.
Бір кездері Астраханьды бас қаласы санаған олар кеңес дәуірінде әуелі Автономиялық облыс (04.10.1920 ж.), кейін Автономиялық республика (04.11.1935 ж.) мәртебесін иеленді. Астанасы – Элиста қаласы. Қазір онда республикада тұратын 150 мың тұрғынның 70 мыңы мекендейді. Негізгі тұрғыны қалмақтар, тағы да қазақ, орыс, дарғын, украин, татар, басқа да ұлт өкілдері бар.
Республика халқы негізінен ауыл шаруашылығы, оңтүстік бөлігі балық өнеркәсібі, егін шаруашылығымен айналысады. Жері қызыл қоңыр, қоңыр топырақты құмдауыт сортаң, көбіне-көп жусан, бидайық шөптер өседі. Өзен-көлдері жоққа тән. Соған сай, тұрғындар жерасты суын пайдаланады. Тіпті, Элистаның өзінде күнделікті қолданыстағы су көзі техникалық, ауыз суды тасып ішеді.
Республика халқының бір бөлігін (4,5 мың) қазақтар құрайды. Олар негізінен Яшкул, Юстинская, Лаган, Черноземель аудандарында тұрады, көбінесе мал шаруашылығымен айналысады.
Қазақтар мен қалмақтар – әуелден аралас-құралас халықтар. Бірақ қалмақ даласына қандастарымыз екі түрлі себеппен қоныс аударған. Алғашқысы – басқа жердегі сияқты отызыншы жылдарғы Қазақстандағы колхоздастыру, байларды тәркілеу кезінде қолдағы мал-мүліктерінен айырылып, күнкөрісі қиындаған шекаралас облыстардың қазақтары осы аймаққа көше бастаса, екінші себеп, Ұлы Отан соғысы жылдарында депортация жасалынған қалмақтар жеріне тағы да көршілес облыстардың, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы малшы қазақтарды отбасымен өкіметтік тәртіппен күштеп орналастырылды.
Кейін 1943 жылы (27.12) үкімет қаулысымен таратылған Қалмақ автономиялық республикасы қайта құрылып (29.02.1958 ж.), депортацияланған қалмақтар тарихи отандарына орала бастады. Осы кезде біраз қазақ отбасы өз елдеріне оралып, кейбірі қалмақ даласын жерсініп, тұрып қалды. Біз сол қазақтардың бүгінгі жай-күйін білу мақсатымен жолға шықтық. Қасымызда ауыл шаруашылығы саласының ардагері, республиканың еңбек сіңірген қызметкері, жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Астрахань қазақтарының «Жолдастық» тіл және мәдениет қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Бекмұқанов және жолсерігіміз Аслан Мұқашев бар.
Қалмақ елінің шекарасы Астраханьның іргесінен басталады екен. Көсілген жазық дала. Ұзыннан ұзақ созылған аласа дөңдер бір-біріне иек артып, алдыңнан әлсін-әлсін жарқыраған айдын көлдер шығады. Әуелгіде үзік-үзік тоғандар ғой, балығы көп-ау деп мәз болсақ, көктемгі өр суы кезінде ресейлік ағайындар Қазақстанға бағыт алған Еділ суын осылай бұрады екен. Сол кезде мына айдындар бір-бірлеп лықылдап, жалғасады. Бірақ жаз ортасы ауа буланып бөлінеді, шағын-шағын сорға айналады, былайша айтқанда ащы сулы шағын тоғандар.
Әуелі алдымыздан Колькутта ауылы, одан сәл әрі жылжығанымызда Утта, тағысын-тағы елді мекендер бірінен соң бірі кезікті. Бір кезде тағы бір ауылдың қарасы көрініп еді, жанымызда отырған астраханьдық Өмірзақ Қабылұлы «Мынау Яшкул селосы. Бұл Калмыкияның ең үлкен ауданының орталығы» деп таныстырды. Сөйтсе, ауыл шетінде бір топ азаматтар күтіп тұр екен. Ортасындағы екі иығына екі кісі мінгендей еңгезер жігіт өзін Асқар Бақтығалиұлы Тілемісовпін деп таныстырды. Осындағы қазақтардың «Жерлестер» қоғамының төрағасы екен. Бұрындары мал фермасын басқарған. Кеңес өкіметімен бірге кеткен кеңшардан соң әлдебір мекеменің есігін баққан күзетші көрінеді. Жанында тағы да үлкенді-кішілі он шақты қазақ бар. Көңілі ғой, бізді шағындау дәмханалардың біріне кіргізіп, құрғақ қара шаймен әңгіме бастадық. Қандастарымызда әкетіп бара жатқан жұмыс жоқ, бірі жүргізуші, екіншісі құрылыс саласы, тағысын тағы барып кел, алып келдің адамдары көрінеді. Өйткені, ауылда тұрақты жұмыс жоқ. Бұрынғы мал, егін саласындағылар зейнетке шыққан. Кейінгілер екі қолға бір күрек табылса, оған да мәз.
– Ауданда ұзын саны 1100 қазақ тұрады. Барынша ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпауға тырысамыз. Соңғы 35 жылдан бері Наурыз мерекесін тойлап келеміз. Бірақ ол дәл күнінде емес, сәуірдің аяғында өткізіледі, – дейді ауылдың 67 жастағы тұрғыны Қайып Берқалиев.
Біз болсақ, «дәл күнінде өткізілмеген мерекенің қандай қызығы бар?» дейміз.
– Бізде 22 наурызда күн салқын, сондықтан Ұлыстың ұлы күнін жер арқасы қызғанда атап өтеміз, – дейді ол.
– Ауылымызда мешіт жоқ. Балаларымыз дінсізденіп бара жатыр, – дейді 83 жастағы Ақмыш Боқанов ақсақал.
– Теріс ағымдағы жастарыңыз бар ма?
– Мешіті жоқ жерде дін бола ма? Әзірге одан аманбыз, – дейді қария.
– Немерелеріңіз қай тілде білім алады?
– Тек қана орыс тілінде. Мұнда қазақ түгілі қалмақтың өзінде ана тілінде мектебі жоқ. Ұрпағымыз түгелдей орыстанып барады. Аралас неке көбейіп кетті. Дінсіздік ұлтжандылықты азайтады екен. Балаларымыз орта мектепті бітіргенде жоғары білімді Қазақстан емес, Мәскеу, Санкт-Петербург, Ростов, Одесса қалаларынан алғанды жақсы көреді, – дейді қария.
Ойланатын, тіпті қиналатын жағдай екен. Даусыңды шығарып, уәж айту да қиын. Ақыры іштей тынып, атқа қондық.
Ендігі бағыт – Элиста. Онда бізді қазақ мәдениетінің республикалық қоғамының төрағасы Қатимолла Ыдырысов қарсылап, қалмақтардың діни ұстанымы – ламаизм ғибадатханасы – хурулға алып барды. Әуелгіде біз бұл үрдісті түсінбей қалдық. Сөйтсе, әңгіме діндарлық емес, хурул үйінің Элистадағы ең үздік сәулет құрылысы екенін және сол арқылы қалмақ мәдениетін көрсету мақсаты екен. Айтса айтқандай, ғибадатхана құрылысы аса шеберлікпен жүргізілген, еңселі, далиып жатыр. Келушілерді бірден баурайды, имандылық ұйыған жер, құлшылық төрі. Бұл үйді тұрғызуда республиканың бұрынғы басшысы Кирсан Илюмжиновтің еңбегі көп көрінеді.
Бұдан әрі қалада тұратын бір топ қандастарымызбен кездестік. Кездесуді қоғам төрағасының өзі ашып, Қалмақ қырында (қазақтар Қалмақ жерін осылай атайды) тұратын нәсілдестеріміз туралы айта бастады.
Республиканың дамуында қазақтардың үлесі мол. Тіпті, сонау 20-30-жылдарғы қалыптасу кезеңінде де басқару орындарында біраз қандасымыз еңбек етті. Ұлы Отан соғысының қызған шағында Астраханьға бағыт алған жауға алғашқы және соңғы соққы Колькутта асуында берілді. Кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген Қарсыбай Сыпатаевтың осы ұрыстағы ерлігі көпке үлгі. Келешекте республика жұртшылығы аталған батырға Шарнут кентінде ескерткіш қою ниетінде.
Республика бойынша 13 аудан болса, олар кезінде түгелге жуық мал шаруашылығының барлық түлігін өсірді. Олардан басқа аздаған мұнай, балық, тұз өнеркәсібі бар. Бірақ бүгінгі тірлік қиын. Жұмыссыздық өскен. Қолынан іс келетін, оқыған жастар түгелге жуық өзге өндірістік қалаларға кеткен.
Элистада бір-ақ университет бар. Онда әлемнің отыз елінен жастар оқиды. Соның бірі – Қазақстан. Қазір онда 75 қандасымыз мамандық игеруде. Жатар, тұрар орындары қолайлы. Біз де онда болдық, көрдік, ризалық сезім туғызды.
Республикада қазақтардың 5 тіл және мәдениет қоғамы бар. Өткен жылы олар поэзия алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арнап, республикалық деңгейде үлкен шара өткізді. Оған көршілес Астрахань облысының қазақтары да қатысты.
Кездесуде Марат Әдесов, Ғалиолла Оқасов, Бисен Дүйішев, Айбар Мырзабеков, Алтынай Садықова, Сәбит Дүйсәлиев, Өмірзақ Қажымғалиев, Өмірзақ Бекмұқановтар сөйлеп, қалмақ жеріндегі қандастарымыз өз тірліктерінен хабар берсе, астраханьдық өкіл 200 мыңға жуық нәсілдестер тұратын өңірде қазақ атын өшірмеу бағытындағы жұмыстар, ал, Өмірзақ Қажымғалиұлы келешекте әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу жолында еңбектеніп жатқан Мәңгілік Ұлы Дала елінің – Тәуелсіз Қазақстанда жүргізілген игі қадамдар жайлы әңгімеледі.
Қалмақ қырындағы қазақтар берісі 70-80, әрісі 100-150 жылдан бері сонда тұрып жатыр. Сонда ата-бабаларының бейіттері бар. Әкелерінің ізі қалды, өздерінің балалығы өтті. Отау құрды, ортан қол түтін түтетті. Өздері де біраз жасқа келді. Соған сай үйреніскен жерлерін тастап кеткісі жоқ. Бірақ олардың мында қалып жатқан балалары тағы жоқ. Өйткені, мұнда олардың өмір сүру дағдысына сай жұмыс табылмайды. Қыр асып, ел кезіп, туған ошақтан жырақта қоныс тапты. Көбі ана тілінен ажырады, өзге тілде шүлдірлейді. Шүлдірлейді дегеннен шығады. Біз Утта ауылында болғанда Сағындық Темірғалиұлы Көбенов деген 69 жастағы қарияны кездестірдік. Өзі Дыңғызылдың Батпақшағылынанмын дейді. Бұл жаққа тым жастай Бәйбектен келіпті. Бізді Колькуттадағы үйіне алып барды. Төргі бөлмесі жөндеуде екен, сенегіне тізе бүктік. Тамара Еджигараевна деген кемпірі қалмақ қызы екен, қазақ тілінде есіп тұр. Былқытып ет асып берді. Күрең шайын да еселей жеткізді. Қолымызға отыздан асыңқырап кеткен ұлы Салауат су құйды. Біз «балаң қайда, өзің неге құясың?» деп едік, сөйтсе әлі отау құрмапты. Бұдан үлкен тағы да ағасы бар екен. Ол да үйленбеген.
– Ата-аналарың үлкейді, келін алып, қолдарын ұзартпайсыңдар ма? – десек, ол бейтараптанып бетімізге қарайды. Біз де қараймыз. Сөйтсе, ол біздің айтқанымызға түсінбей тұр екен. Ол-ол ма? Әкесі мұсылмандық жолмен ислам дінінде алақанын жайса, анасы лама-пұтқа табынады. Ал Салауат болса, екеуінде де жоқ. Міне, қалмақтар арасындағы қандастарымыз осындай. Бірінің әкесі қазақ, екіншісі басқа ұлт. Қыздары қыр асып, дарғын, дағыстандықтарға әйел, діннің не екенін білмейді. Жаһанданумен жұтылып, ұлтсыздану ауруына ұшыраған.
Солай… Бірақ күдер үзіп, күңіренуге ерте шығар. Онда да ел бар, қазақ бар. Үлкендері үгітіліп біткен жоқ, кішілері көгеріп өсіп келеді. Жас өспей ме, жарлы байымай ма?..
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының басшысы