Жуырда жоғарғы палатада өткен Парламенттік тыңдау "Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттің осы саладағы іс-қимылы" төңірегінде өрбіді.
Жиын барысында шараға арнайы қатысқан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында бизнес-ортаның ахуалын түбегейлі жақсарту және оның аясын кеңейту Қазақстанның Үшінші жаңғыруының негізгі басымдықтарының бірі болып белгіленгенін атап көрсетті.
«Мемлекет пен кәсіпкерлердің мүдделерін қатар ескере отырып, бизнестің дамуына тиімді әрі қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз болып табылады», деді Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаев айтып өткендей, дамыған елдерде мемлекет кәсіпкерлікке, технологияларды ұсыну, тиісті экономикалық ақпарат беру және инновациялық қызмет түрлерін ынталандыру арқылы ғана қолдау көрсетеді. Біздің елде өндіріс пен жоғары технологиялы бизнесті дамытуға ерекше назар аударылуға тиіс. Мемлекеттік қолдау дәл осындай кәсіпкерлікке бағытталуы керек, соның ішінде оларды квазимемлекеттік сектор тарапынан тапсырыспен қамтамасыз етудің маңызы аса зор.
Қ.Тоқаев өз сөзінде Үкіметтің Салық кодексін жеңілдетіп, кәсіпкерлерге ыңғайлы әрі қолайлы ету қажет екендігін айтты. «Сенат өз тарапынан бұл жұмысты заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге дайын», деді ол. Сонымен қатар, палата Төрағасы заңда қарастырылған ерекше жағдайларда ғана мүліктен күштеп айыру көзделетінін, сондықтан, жеке меншікке қол сұқпаушылық туралы Конституция ережесін қатаң сақтау керектігін қадап айтты. «Егер құқық бұзушылық, соның ішінде қылмыстық іс кәсіпкерлік қызметке қатысты болмаса, онда жеке меншікке қол сұғылмауы тиіс. Қылмыскер жасаған нақты қылмысы үшін ғана жауап беруі керек. Оның иелігіндегі меншік, атап айтқанда, бизнесі мен мүлкі бөтен адамдардың арасында бөліске салынбағаны жөн. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, бұл мәселеде ешқандай екіұштылыққа жол берілмеуге тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы Президент Жолдауын іске асыру аясында парламентшілер алдына экономика саласындағы қылмыстарға қатысты қолданылатын жазаларды жеңілдету, кәсіпкерлік ортадағы құқық бұзушылықтарға қатысты санкцияларды алып тастау бойынша заң шығару жұмыстарын жалғастыру мәселесін қойды. Бұл көп жағдайларда тым жалпылама түсіндіріліп, кәсіпкерлердің қызметіне зиян келтіріп отырған Қылмыстық кодекстің жалған кәсіпкерлік туралы бабына да жаңа көзқараспен қарауға қатысты.
Қ.Тоқаев өз сөзінде қоғамда кәсіпкерлікті насихаттау мәселесіне ерекше назар аударды. Ол айтып өткендей, кәсіпкерлік негіздерін оқытуды студенттік шақтан, тіпті, мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру керек. «Бизнес жүргізуге қатысты тиісті білім беру бағдарламалары қажет. Жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына тосқауыл болатын жағдайлардың жолын түбегейлі кесіп, бизнеспен айналысу тартымды, беделді әрі қолжетімді болуы үшін ең жақсы ахуал туғызуымыз керек», деді ол.
Сонымен қатар, Сенат Төрағасы шетел инвесторларымен қатар, отандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету мақсатындағы «бір терезе» жүйесін құру ісінің ұзаққа созылып кеткенін де сынға алды. «Бір терезенің» орнына қосымша «терезелер» пайда болуда, сондай-ақ министрліктер арасында әуре-сарсаңға түсу бар. Шетел инвесторларына ерекше назар аударып, оларға қызығушылық таныту жағы мардымсыз», деді Төраға.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекет пен кәсіпкерлер қауымының арасында өзіндік көпір міндетін атқарып жүргені мәлім. Парламенттік тыңдау барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлік саладағы бірқатар проблемаларды шешуге ықпал ететін басты-басты бағыттарды тілге тиек етті. Бұл орайдағы бірінші бағыт – салықтық әкімшілендіруді жетілдіріп, салық жеңілдіктерін оңтайландыру болып табылады.
«Бүгінде бұл салаларға объективті талдау жасау керек. Салық шаралары инвестиция тартуға, өндіріс секторын дамытуға, отандық экономика мен бизнестің басым секторларын дамытуға жұмыс істеуі тиіс. Екінші бағыт – экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету. 2015 жылдың соңында мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындар түрлі шаруашылық жұмыстармен шұғылданатын салалардан екі есеге дейін қысқартылған-ды. Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыру керек деп санаймыз», деді А.Мырзахметов.
Кәсіпкерлік сала мен бизнеске мемлекеттік қолдауды күшейтудің де маңызы зор. А.Мырзахметов, бұл орайда, Үкімет бизнес үшін өзіндік ортақ «терезе» ашып, жер, жер қойнауы, инфрақұрылым және құқықтық ақпараттандыру бойынша электронды деректер базасын құру керек деп санайды.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қадағалау органдары мен бизнес-ортаның өзара қатынасындағы кейбір проблемалар туралы баяндады. Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің жалған кәсіпкерлік туралы бабына өзгеріс енгізу қажет. Қылмыстарды жасыру туралы шағымдарды тіркеу туралы бапта экономика саласының ерекшеліктері назарға алынбаған деп санайды М.Ахметжанов. «Бұл норма жалпы қылмыстық процестерде жасырылған қылмыстардың санын азайтуға ықпал еткен болса, экономикалық қылмыстарға келгенде, біз бизнесті қылмыстандырып жібердік. Қылмысты жасыру туралы әрбір хабар мен мәлімдеме қылмысты тіркеуге себеп болып, артынша есепшоттарды тоқтату, тінту сынды кешенді жедел тергеу шаралары жүргізілетін болды. Оған қоса, бұл адамдардың беделіне де нұқсан келтіреді, ешкім қылмыстық тергеуге ілінген бизнесменмен жұмыс істегісі келмейді», деді Бас прокурордың орынбасары.
Кәсіпкерлердің құқын қорғау үшін мемлекет тарапынан қандай қадамдар жасалып жатқаны туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Оның айтуынша, 2016 жылы құқық бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік орган басшыларына қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 46 хаттама жасалып, айыппұлдар салынған, 41 қызметтік тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Парламенттік тыңдау барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф Вокурка, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков, Alageum Electric бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев және басқалары сөз сөйлеп, Сенат депутаттарының сауалдарына жауап берді.
Осы жиында Сенат депутаты Дариға Назарбаева мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясындағы жобаларды сараптау мен келісім рәсімдерінің күрделілігіне Ұлттық экономика министрінің назарын аударды. Сонымен қатар, сенатор ауыл шаруашылығы өнімдеріне және дәрілерге сауда үстемақыларын қосуға қатысты қатаң реттеу тетіктерін енгізуді ұсынды. Дариға Назарбаеваның пікірінше, экспортты дамытуды және бизнесті қолдауды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да тиісті деңгейде жүзеге асыра алады. «Бүгінгі таңда Президенттің сыртқы саясаттағы жұмыстарының және еліміз үшін стратегиялық экономикалық маңызы бар мемлекеттермен арада жасасқан келісімдерінің арқасында біз үшін барлық есік ашық деуге болады. Олай болса, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экспорттық маршруттарды одан әрі дамытумен және бизнесті қолдаумен неге өзі айналыспасқа», деді Д.Назарбаева.
«Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф Вокурканың айтуынша, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы елімізде жұмыс істейтін шетел инвесторларына ғана емес, сонымен қатар, отандық кәсіпкерлердің жұмысына да ерекше серпін береді. Себебі, алға қойылған әрбір міндет – жаңа инвестициялық мүмкіндіктер туғызады, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тың табыс көздерін қалыптастыруға, сол арқылы ел қазынасын нығайтуға жол ашады.
Еуразиялық интеграциялық зерттеулер және коммуникациялар орталығының атқарушы директоры, Ресей қоғаммен байланыс қауымдастығының президенті Станислав Наумов Қазақстанда бизнес-ортаны жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. «Мен бірнеше жылдан бері Қазақстан бизнес қоғамдастығымен, атап айтқанда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс істеп келемін. 2015 жылы «Атамекеннің» бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесі құрылып, бұл кеңес Одаққа мүше елдердегі бизнестің проблемаларын талқылайтын және шешетін алаңға айналды. Бизнеспен жұмыс істеудің қазақстандық тәжірибесі, «Атамекен» сынды заңнамалық тұрғыда өкілетті, бизнесмендердің мүддесі шоғырланған органның болуы қазіргідей құбылмалы нарықта үлкен артықшылық болып табылады», деді С.Наумов.
Қазақстандағы бизнестің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған отырыста ортаға салынған барлық ұсыныстар мен ескертпелерді тиісті органдар назарға алатын болды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»