Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Сенат бюросының отырысында жоғарғы палатаның 2 наурызда болатын отырысының күн тәртібі талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенаторлар Қазақстан мен Польша арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді; Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуі туралы Өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы; «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы мен заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі мәселелері бойынша түзетулер енгізетін заң жобаларын қарайды.
Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары да бөлінді. Сондай-ақ, бюро мүшелері Қазақстан Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Парламент Сенатының Іс-шаралар жоспарын бекітті. Онда Жолдауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, құжаттың негізгі ережелерін түсіндіру мен насихаттау, сондай-ақ, Жолдауды іс жүзінде зерделеу мәселелері қарастырылған. Жоспарда бірқатар парламенттік тыңдаулар, комитеттердің көшпелі отырыстары, мемлекеттік органдар басшыларымен кездесулер бар.
Сенатта салық саясаты, діни қызметтер туралы заңдарды іске асыру барысы, экспорттық саясат келешегі, инвестициялар тарту, экономикалық қылмыспен күрес мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер жоспарланған.