Парламент Сенатында Конституциялық заңнама сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ұйымдастыруымен «Жоғалған азаматтарды іздеу бойынша құқық қорғау органдарының қызметін нормативті-құқықтық реттеудің жай-күйі мен проблемалары» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров жоғалған азаматтарды іздеу адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғау конституциялық-құқықтық қана емес, сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық міндеті болып табылатынына назар аудартты.
Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда ішкі істер органдары 13749 хабарсыз кеткен адамға іздеу салыпты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, іздеудегі 8515 адамның қайда тұратыны анықталған. 2016 жылдың соңындағы дерек бойынша табылмағандар саны 1554 адам екен.
Сенат вице-спикері із-түзсіз жоғалғандарды іздеуде инновациялық технологияларды пайдалану оларды табудың тиімділігін арттыратынын және іздеу процесіне жұртшылықтың қатысуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Б.Бекназаров, сондай-ақ, жоғалғандар мен олардың туыстарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі назардан тыс қалмауға тиіс екенін көлденең тартты. Оның пікірінше, хабар-ошарсыз кеткен адамның барлық хабары анықталғанға дейін бұл iстегі оның қамқорындағы жандарды жапа шегуші ретінде тану жөніндегі мәселені қарастыру және уәкілетті органның шешімімен Зиянды өтеу қорынан төлемдер жүзеге асырылуы тиіс. Ал Мәжілістің қарауында жатқан «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заңда ол қорды құру қарастырылыпты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар осы істі алға жылжытуға қажетті құқықтық, жедел-іздестіру және сот жүйесін жетілдіруге бағытталған өз пікірлерін білдірді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.