28 Ақпан, 2017

Сырт көз - сыншы

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Уақыт ағымына сай құжат

Мен – Қазақстанның мемлекеттік бағдарламасы аясында осы елде оқыған алғашқы ауған сту­дентімін. Сондықтан, үнемі Қазақ­стандағы өзгерістерге, оның даму бағытына назар аударып жүремін. Жақында Қазақстан Прези­денті «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына Жол­дауын жариялады. Менің ойым­ша, бұл құжат Қазақстанның экономикалық әлеуетін арт­тыруға тікелей ықпал етеді, сондай-ақ халықтың тұрмысын одан әрі көтеруге жол ашады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз елін даму­дың даңғыл жолымен бастап келеді. Оған Қазақстанның 25 жыл көлемінде қол жеткізген табыстарын нақты дәлел ретінде ұсынуға әбден болады. Әрбір мемлекеттің басшысы өз халқының тари­­хын, салт-дәстүрін, мәде­ние­­тін және басқа да құндылық­тарын ескере келіп, елдің даму бағы­т­ын айқындауы тиіс екенін атап өткім келеді. Осы орайда, Пре­зид­ент Нұрсұлтан Назарбаев өз хал­қының көңілінен шыға­тын жұ­мыс­тарды жүйелі түрде атқаруда. Жалпы, Қазақстан өз Тәуел­сіздігінің 25 жылында халық­аралық және аймақтық күрделі мәселелерді шешуде талайға үлгі болуда. Мұндай іс татулығы жарасқан, тұрақтылық пен орнық­ты дамуға қол жеткізген, мақсаты айқын қуатты мемлекеттің ғана қолынан келеді. Бесмелла ТАБАН, Ауғанстан Қаржы ми­нистр­лігі арнайы опе­ра­циялар де­­пар­­таментінің жетекшісі  

Жаһандық жарыстың ұлы дүбірі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 31 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бүгінгі күндері әлем елдерінің назарында. Бұл Жолдаудың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуының өзіндік мәні бар деп ойлаймын. Өйткені, осы Жолдау «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегияларының, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты түбегейлі мақсаттардың тікелей жалғасы болып отыр. Қазақстанның көп ұлтты халқы тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдың ішінде батыл бастамашыл, көреген де болжамшыл, алғыр да табанды Н.Ә.Назарбаевтай Ел­басының басшылығымен адам айтқысыз үлкен белестерді бағын­дырды. Бұл сөзіміздің бұлтарт­пас дәлелі Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік сала­ларда қол жеткізген зор табыс­тары, жасампаз жетістіктері болып табылады. Атап айтсақ, қарқынды өсіп келе жатқан экономикалық көр­сеткіштер, ауыр өндірістердің ірі орталықтары, жаңа­дан ашылған жұмыс орын­дары, соңғы жылдары жүзеге асқан инфрақұрылымдар, Сарыарқадай сайын дала төсінде бой көтерген елорда – әсем Астана, тағысын тағылар. Сондай-ақ, Қазақстан Респуб­ликасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, Сирияда шиеленіскен саяси дағ­дарысты реттеуде әлемдік ықпал­ды елдер арасына дәнекерлік көр­сете білді, өркениетті елдермен тере­зесі тең түрде жүргізіп отырған сали­қалы саясатының арқасында Қазақ­станның халықаралық аренадағы беделі күрт көтеріле түсті. Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы Жолдауы ғылыми және инновациялық технологияның заманауи жетістіктеріне сүйене отырып, әлемдік Төртінші өнеркәсіп революциясын ұтымды қабылдау, жаһандық ұлы өзгерістер мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жаңа жағдайға уақыт ұттырмай тез бейімделу, осы арқылы эконо­микалық өсімді қамтамасыз етіп, макроэкономикалық тұрақ­тылық­ты сақтау, адами капиталдың қадір-қасиетін көтеріп, халықтың әлеуметтік тіршілігін жақсарту, жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту, биз­нес-ортаның мүмкіншілігін толық пайдалануды арттыру, ел өр­кеніне тұсау болған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресті күшейту сияқты сан-салалы аса маңыз­ды мақсаттарды қамтыған стра­т­е­гия­лық кешенді бағдарлама деп бағалауға әбден лайық. Осынау Үшінші жаңғыру табысты орындалса, Қазақстанның әлемнің озық 30 елінің қатары­нан орын алу мақсатына межелі уақытынан бұрын қол жеткі­зе­ті­ніне де еш шүбә келтірмеуге болады. Қысқасы, Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы – жаңа заман жаңғырығы, жаһандық бәсеке дәуірі­нің ұлы дүбірі!

Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, ғылым докторы, профессор