Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, ҚХР Көлік министрі Ли Сяопэнмен кездесті. Екі жақты келіссөз нәтижесінде көрші елмен авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келiсiмге келді.
Биыл Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында Алматы-Бейжің әуе рейсі аптасына 5-тен-7-ге дейін, ал Астанадан Бейжіңге аптасына 2-ден 4-ке дейін артатын болады. Сондай-ақ, Астана-Үрімжі және Алматы-Үрімжі бағыттарына қосымша рейстер ашылмақ. «Бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық жан-жақты стратегиялық әріптестікке айналды. Биыл индустрия, көлік салалары бойынша бірлескен жаңа кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып отыр және экономиканың түрлі салаларын қамтитын жаңа жобалардың құрылысы басталады. Біз транзиттік-көлік саласындағы еуразиялық әлеуетті мейлінше жүзеге асыруға мүдделіміз», деді министр. Болжам бойынша 2020 жылға қарай аймақтағы сауда көлемі 1,2 трлн долларға жетеді. Ал, Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы тауар айналымы 800 млрд долларды құрайтын болады, жүк тасымалының көлемі 170 млн тоннаға дейін артады.
«Біз үшін Қытайдан Орталық Азия елдеріне, Ресей, Еуропа, сонымен қатар, Иран мен Таяу Шығыс елдеріне контейнерлік тасымалды арттыру өзекті мәселе болып тұр. Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша контейнерлік жүк тасымалдау – ұтымды жол. Қытай-Еуропа бағыты бойынша 2016 жылы қаңтар-қараша айлары аралығында 725 пойызбен 62 816 контейнер тасымалданды. Ал, Еуропа-Қытай бағыты бойынша 30 187 контейнер тасымалданған. Пойыздардың орташа жылдамдығы тәулігіне 950 шақырымды құрайды», деді Жеңіс Қасымбек.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»