28 Ақпан, 2017

«Күнделік» жобасы жол тартты

555 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі білім саласында электронды жүйені енгізу мақсатында қолға алынған серпінді жобалар туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған министрліктің Ақпараттық технологиялар департаменті директоры Алмат Ищанов, заң департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов пен мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева қатысты. Аталған ведомствоның өкілдері елімізде электронды күнделіктер жүйесінің қанатқақты жобалары туралы баяндады. Бұл жобаны 2015 жылы «Күнделік» САЖ ұсынған болатын. Ол электронды журналдар мен күнделіктер жобасы бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі тұжырымдамасының жобасын ұсынды. Осы­ған байланысты министрлік жобаның тиім­ділігін қарастырып, уәкілетті органдарға жі­берді. Ал былтыр тұжырымдама жобасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, «Атамекен» ҰКП мен «МЖӘ Орталығы» АҚ-қа жолданды. – Қазіргі уақытта Kundelik.kz ресурсы «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес ақпараттық жүйелердің мемлекеттік бірыңғай операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымында орналастырылды. Бүгінде жүйеге 3887 мектеп пен 2,5 млн адам тіркелген. Олардың ішінде 174 006 мұғалім, 1 467 286 оқушы мен 854 280 баланың ата-анасы бар. Жүйені барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары мен 177 қалалық және аудандық білім бөлімдері қолданып отыр, – деді А.Ищанов. Брифингте министрліктің өкілі әріптес компаниямен тікелей келіссөздер жүргізіп, жүйені жетілдіру бойынша барлық ұсы­ныс­тар­дың қарастырылып жатқанын айтты. Со­нымен бірге ол қазіргі кезде «Күнделік» ком­­паниясының іскерлік беделіне нұқсан кел­тіретін ақпараттардың тарап жатқанын да жасырмады. – «Kүнделік» жүйесіне еліміздің кез келген мектебі қалаған уақытында тегін қосыла алады. Ол мектептердің оқушылары мен олардың ата-аналары өз бағаларын, үй тапсырмаларын, сабақ кестелерін, мектептегі жаңалықтарды және басқа да ақпаратты қарап отыруға арналған. Ата-ана өз пайдаланушы аты мен құпиясөз арқылы кundelik.kz сайтына кіріп, «Балалар» – «Күнделік» деген бөлімдері арқылы өз баласының электронды күнделігіне кіріп, оның бағаларын, үй тапсырмаларын тегін көре алады. Мектептерден де сайтты пайдалану үшін ешқандай төлем алынбайды, – деді ол. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»