Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат: дамудың жаңа кезеңінің міндеттері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг басталды.
Үш күнге созылатын шара Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
Семинар-тренинг барысында Президент Әкімшілігінің, ҚХА Хатшылығының, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Орталық сайлау комиссиясының мамандары, Астана медициналық университетінің профессорлары дәріс оқымақ.
Шараға еліміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының мамандары, құқық қорғау органдарының мамандары, ҚХА-ның өңірлердегі хатшылықтарының жетекшілері, этнос-
таралық және конфессияаралық қатынастар, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер қатысып, дәріс тыңдайды.
– Жалпы, этносаралық және конфессияаралық қатынастарға қатысты саясатты жүргізуде мемқызметкерлердің білімі мен біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Осы семинар-тренингте дәріс тыңдаған мамандардың кәсіби біліктілігі артады деп үміттенеміз. Үш күн ішінде еліміздің өңірлеріндегі этносаралық ахуал, көші-қон үдерістерінің негізгі бағыттары мен оның тұрақтылыққа тигізетін ықпалы сынды тақырыптар бойынша дәріс оқылады. Еліміздегі діни ахуалдың бүгінгі жағдайы мен болашағына шолу жасалады. Үшінші жаңғыру бойынша экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне талдау жасалады, – деді Мемлекеттік басқару академиясының шараны ұйымдастырушы маманы.
Семинар-тренинг қорытындысы бойынша оған қатысқан мамандарға тиісті сертификаттар тапсырылады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»