Астанада «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен бірінші корпоративтік қайырымдылық форумы өтті. Халықаралық сарапшылар, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнесмендер, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері өз пікірлерін білдіріп, идеяларымен және тәжірибелерімен алмасты, сондай-ақ, бүгінгі күні қайырымдылық көрсету қандай болуы тиіс, оған жұмсалған қаражатты барынша тиімді пайдалану үшін не істеу керектігі жайында өзекті сұрақтарға да жауап берілді.
Егер осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы, бизнес жаңа туындай бастаған уақытқа көз жүгіртер болсақ, қайы-
рымдылық көрсету жүйесіз жүргізіліп, тек атаулы, яғни «сұрады-бердік» принципі басым болды, дегенмен уақыт өте келе қайырымдылық шаралары мен бағдарламалары тәрізді, көмекке зәру жандарға көмек көрсету түрлері жұмыс істей бастады. Енді міне, коммерциялық ұйымның әлеуметтік жобаларды қолдауы мен мұқтаж жандарға ерікті түрде көмектесуі, яғни корпоративтік қайырымдылық түсінігі өмірімізге дендеп енді.
– Біз ұзақ мерзімге жұмыс істейтін компания ретінде халықпен, кәсіпкер-
лермен және мемлекеттік органдармен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз – деп атап өтті, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев бірінші пленарлық отырысының ашылуында. – Біз барған өңірлерге тек жұмыс орындарын құруға ғана емес, сонымен қатар мамандардың жетілуіне күш салуға, лайықты мұрагерлер тәрбиелеуге, жергілікті өндірісті қолдауға, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасауға, еліміздің аймақтарында тұрақтылық пен өсімі қамтамасыз етуге де ниеттіміз.
2011 жылдан бастап 2015 жылға дейін олар соғыс ардагерлері, әлеуметтік әлсіз және мүгедек адамдар, күрделі диагноз қойылған балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, белсенді жастар, спорт қоғамдастығы, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері арасынан 400 мың адам 70 млрд теңге көлемінде көмек алса, тек 2016 жылдың өзінде 200 000 адамға көмек көрсетіліп, 15 млрд теңге жұмсалды, бұл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тиімді.
Бүкіл әлем атаулы қайырымдылықтан ақылды қайырымдылыққа, яғни әлеуметтік инвестицияларға көшіп жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қоры да 2016 жылы «Менің елім» бағдарламасын әзірлеп, іске қосты.
Бұл қайырымдылық бағдарламасы науқандар немесе бір жолдық жәрдемдердін басқару құралдарының болуымен ерекшеленеді – мақсаттары мен міндеттері айқындалуы тиіс, алынған нәтижесінің бағалануы талап етіледі. «Менің елім» жобасының негізгі мақсаты – инвестицияларды тиімді басқару, компаниялар, жергілікті атқарушы органдар және азаматтық сектордың арасындағы байланысты нығайту.
Форум аясында презентациялар, семинарлар, талқылау алаңдары өткізілді. «Донорлар форумының» атқарушы директоры Александра Болдырева, Константин Хабенскийдің Қайырымдылық қорының директоры Алена Мешкова, «Газпром нефть» ЖАҚ әлеуметтік және қайырымдылық жобалары бағытының жетекшісі Владимир Шутилин тәрізді қайырымдылық саласындағы белгілі тұлғалар қайырымдылық қызметтің тиімділігін өлшеу құралдары жайында баяндап, корпоративтік волонтерлікті дамыту қажеттілігін алға тартты.
Форум аясында бірқатар келелі келісімдерге қол қойылды. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен және Павлодар облысы әкімдігімен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумдар бекітті.
– Форумда қайырымдылық көрсету жүйелі болуы керектігі туралы маңызды идея айтылды, – деді «Ерікті қайырымдылық қоғамы»
қоғамдық қорының директоры Аружан Саин. – Барлығына жететін ақша жинау мүмкін емес, сондықтан да егер біз церебралды сал ауруы бар балаларды ерте оңалту орталықтарын қамтуды мақсат етсек, онда елімізде тиісті орталықтар салу қажет, ал егер кейбір онкологиялық ауруларды емдей алмайтын болсақ, онда біздің дәрігерлерге тәжірибеден өтуге мүмкіндік беруіміз керек. Менің ұстанымым, еліміздегі бар бюджетті тиімді пайдалану қажет, ал бизнес бұл мәселеде экономикалық тәжірибесімен көмектесе алар еді. Бұл алаңда барлық үш жақтың да өкілдерінің белсене қатысуы тамаша, өйткені бірлесе отырып біз қайырымдылық саласында серпіліс жасап, жеңіске жете аламыз.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»