Жаптым жала, жақтым күйе
Он екіде бір гүлі ашылмаған мектеп оқушысын зорлау оқиғасы М.Жұмабаев ауданында орын алған еді. Шағын елді мекенде орта мектеп болмағандықтан, Валяның әке-шешесі қыздарының оқуды Булаево кентінде жалғастыруын жөн деп шешкен. Осындағы көп балалы туыстарында тұрудың ыңғайы келмегендіктен, бір танысының үйіне орналастырған. Табиғатынан томаға- тұйық қыз баланың жаңа ортаға бірден үйренісіп кете алмай, өзін саяқ ұстағанын сот материалдары да, куәгерлер де айғақтайды. Ауылдан ұзап шықпаған оны қаланың өзгеше өмір салты қызықтырды ма, әлде еліктеушілік пе, елден ерекшеленіп, жарқырай киінуді сән көрген. Алайда, жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан ешқандай оғаштық байқалмаса да, сыныптастары басқаша ойға жорып, бойларын аулақ салуға тырысқан. Мектеп мұғалімдері де, әлеуметтік педагогтар да бейтаныс ортаға тап болған оқушының оқшаланудан, жатырқаудан арылуына, өз орнын табуына мүмкіндік жасап, қамқорлық-көмек көрсетудің орнына санда бар болған соң санатта жүргенін қанағат етумен шектелген тәрізді. Булаево – қала мәртебесін иеленеді демесең шағын кенттердің бірі. Тұрғындар тонның ішкі бауындай араласпаса да, бір-бірін жақсы таниды. Сол сияқты Валяның ата-анасы да бұрыннан білетін үй иесінің ішімдікке үйір екенін білмеуі мүмкін емес. Ондай санаттағылардың «арпа ішіндегі бір бидай» құсап көзге тез түсетіні, тәртіп сақшылары назарына лезде ілігетіні бар. Жұртшылық арасында әрқилы пікір тудырған оқиға кәмелетке толмаған қыздың жанына айықпас жара салып, бұдан былайғы өмірін мүлдем өзгертіп жіберді. Сол күні оның жастайынан кесел болып жабысқан демікпе ауруы сыр беріп, дәрігерге қаралған соң пәтерге оралады. Келсе, үй иесінің бір бейтаныс жанмен арақ ішіп отырғанын көреді. Сотта 23 жастағы жігіттің өзінің анасындай әйелмен бірге тұратыны анықталады. Адамгершілік қасиеттерден жұрдай екіаяқты қорқаудан бәрін күтуге болатынын оқушы қыз, әрине, білмейді. Бірақ аш қасқырша жалаңдаған нәпсіқұмарлық көзқарасынан сескеніп қалады. Есікті іштен орындықпен тіреп қойып, көпке дейін елегізіп ұйықтай алмайды. Түн ортасы ауа бөтелкелесінің ауыр ұйқыға кеткенін біліп, арам ойын ішіне бүккен залым көрші бөлмеге қарай ұмтылады. Есікті бұзып кіріп, не керек, аққа қара дақ салып тынады. Сот-сараптама қорытындылары көрсеткендей, қаршадай қыздың қарсылығын басу үшін бірнеше ауыр дене жарақатын салады. Бас-көз болып жүр деп сеніп тапсырған үй иесі болған оқиғаны тиісті орындарға хабарлаудың орнына, абыройы айрандай төгілген қыздың өзін кінәлап, ешкімге айтпауға көндіреді. Өң мен түстің арасында мең-зең қалпы қалған ол қапелімде не дей қойсын? Көңіл-күйі мен ұнжырғасының мүлдем түсіп, өңінің өліктей бозарып жүргеніне мектептегілер назар аудара қоймайды. Әке-шеше тарапынан да жылы қабақ танытылмайды. Жан азабын күшпен қанша тежесе де, ар-ұятына ие бола алмайды. Ішке шемен болып қатқан мұң-шерін немере ағасына ақтарып, көз жасын көлдей етеді. «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман». Жұртшылық оған дейін-ақ ел ішін алатайдай дүрліктірген оқиғадан құлақтанып, сыпсың сөз тарап кеткен еді. Үй иесінің сөзіне алданып, жасырып келгені оның басына таяқ болып тиді.Өлімнен ұят күшті
Зорлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес іс қозғалғанын біле тұра, айыпты тарап бейбіт түрде мәмілеге келудің жолдарын іздестіріп, алайда, бұл әрекеттерінен түк өнбегеннен кейін «жақсы қорғаныс – шабуыл» дегендей, жас қыздың нәзік жанын жаралайтын ғайбат сөздерді қарша боратады. Мәселен, дене шынықтыру мұғалімімен төсектес екен деген сықылды әңгімелер де таралды. Валяның бұған дейін пәк екенін, ешқандай жыныстық қатынаста болмағанын дәлелдейтін психологиялық-психиатриялық, медициналық сараптама қорытындылары жала жабу науқанын тоқтата алмады. Жарайды, «ит үреді, керуен көшедінің» кері делік мұны. Ал болған оқиғаны боямалап көрсетіп, мектеп оқушысын жеңілтектікке, жеңілжүрістікке телушілердің жуан ортасында зорлаушының адвокаты жүруі ақылға сыйымсыз көрінгенімен, фактінің аты – факт! Көлденең көк аттылардың бірі адамгершілік арынан аттап жатса, «е, қойшы соны, өресі жеткені сол да», деп қолды бір сілтей салуға болар еді. Құзырлы соттың биік мінбесінен ауыр айыптардың айтылып, оның соңы неге соқтырарын сорлап қалған қыздан басқа ешкім білмеген. Жабық жағдайда өткен сотта прокурор Максим Доровик бұлтартпас айғақтар негізінде күдіктінің қылмысын дәлелдеп бергеніне қарамастан, қорғаушы, керісінше, оны зардап шегуші ретінде ақтап алудың, жауапкершіліктен құтқарудың небір айла-шарғыларын ойлап тапты. – Ол үшін Валяны барынша жағымсыз жағынан сипаттап, сабақ үлгерімі төмен, тәртібі нашар, өтірікші, жеңілтек оқушы ретінде көрсетуге тырысты. Тіпті, оны куәгерлердің Валя жайлы айтқан араша сөздері де еш ойландырмады, – деген зардап шегушінің адвокаты Светлана Кормщикова тергеуалды шараларының әу бастан дұрыс жүргізілмегенін айтты. Қоғамдық ортадан қағажу, көзтүрткі көрген, моральдық қолдау таппаған қызға тергеушілікке ер азаматтың белгіленуі, сұрақ-жауап алу процесіне психологтың қатыстырылмауы, адвокат тарапынан сот әдебінің өрескел бұзылуы ауыр соққы болып тиген. Дәлелсіз айыптауларға прокурор да шыдай алмаса керек, Ар-намыс кодексін бұзған адвокатты жауапқа тартуды талап етіп, сотқа шағым түсірген. Біз осы мәселе бойынша облыстық прокуратураның екінші басқармасының жетекшісі Бақытжан Сәдібековпен сөйлескенімізде, адвокаттың іс-әрекетіне байланысты сот жеке қаулы шығармағандықтан, шағым түсіру құқығы жоқтығын, тек адвокаттар алқасынан әкімшілік шара қолдану сұралғанын жеткізді. Қылмыстық іс бірнеше мәрте қысқартылып, тергеушілер ауыстырылған. Мұның бәрі кәмелетке толмаған жасөспірімнің жан күйзелісіне айтарлықтай әсер еткені анық. Мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен күдікті кінәлі деп табылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылғанын Валя ести алған жоқ. Ары аяққа тапталып, жүйкесі сыр берген оқушының жарық дүниемен қоштасудан басқа амалы қалмаған еді. Өзіне өзі қол салған ол «мен бұлай өмір сүре алмаймын» деген бір жапырақ хат қалдырып, өзінің кіршіксіз адалдығын ажалмен дәлелдеген. Кінәлінің адвокаты шығарылған үкіммен келіспей жоғары инстанцияға талап арыз түсіруі заңдық тұрғыдан дұрыс-ау. Ал адамгершіліктің қай қалыбына сыяды деген сауал туса, кібіртіктеп қаларымыз кәдік. Жас қыздың ащы өлімі мұз жүректі жібіте алмаған сияқты. Жақында М.Жұмабаев ауданының прокуроры Арман Нұртазиннен білгеніміздей, қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс қысқартылған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданы