28 Ақпан, 2017

Универсиада нысандары елге қызмет етеді

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қысқы спортты сүйген қауымды қуанышқа бөлеген XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың спорттық кешендері енді кімге қызмет етпек? Хан сарайындай «Halyk Arena» мен «Аlmaty Arena» спорт нысандары мамандардың айтуын­ша, келешекте қала тұрғындарының спорттың қалаған түрлерімен айналысуына қызмет етуге сақадай-сай екен. Мысалы, «Аlmaty Arena» сарайы 12 мың адамға деп есеп­телінген болса, «Halyk Arena» ғимаратында 3 мың адам емін-еркін отыра алады. Ал, Атлеттер ауылы 5 мың адам­ға есігін айқара ашқан болатын. «Универсиада мұрасы» атты жаңа жобаның аясында Атлеттер ауылындағы 140 мыңнан аса тұрмыстық заттар мен арнайы тех­никалық қондырғылар Ал­маты шаһарындағы 500-ге тарта әлеуметтік мекемелерге таратылды. Бұл да қала өміріндегі игілігі зор сауапты істің бірі бол­ғаны сөзсіз. Медициналық қон­дырғылар мен кеңсе техникалары қалалық ауруханаларға, мектептерге, емханаларға, балабақ­ша­ларға, спорт мектептеріне, жатақ­ханаларға және ардагерлер үйлеріне жеткізіліп берілді. Міне, көптің көңілінде жүрген бұл мәселе де өз шешімін орнымен тапты. Сонымен қатар, Атлеттер ауылындағы пәтерлер «Универ-сиада мұрасы» жобасы аясында шаһардағы жылдар бойы үй алуға кезекте тұрған мұқтаж жандарға ретімен бөлініп бе­рілетін болады. Осындай ха­лық үшін жасалынған игі жақ­сылықтар мемлекеттегі сындарлы саясаттың арқасында іске асып отыр. Ал, енді Универсиадаға арналып салынған спорт сарайлары жайлы тарқата айта кетейік. Зәулім спорт кешендерінің іші жарыс өткеннен кейін қаңырап бас қалмасы бесенеден белгілі. Ал, сол ғимараттардың ішін спорт­­құмар халыққа толтыру үшін жаттығу бағасын аспандатпай, қалта көтеретіндей етіп қой­са ғана бұқара халықтың спорт­қа деген ынтасы арта түсері хақ. Универсиада-2017 дирекциясы басшысының орынбасары Дидар Сағадиевтің мә­лім­деуінше, аталған спорт ке­шендерінің барлығы дерлік қарапайым халықтың игілігіне жұмыс істейтін болады. Ди­дар Сағадиев қысқы спорт түрлерінің үйірмелеріне балаларын бергісі келген ата-аналарға спорт ке­шендерінің есігі қашанда ашық екенін, жаттығам деушілерге қойы­латын баға да қолжетімді болатынын атап өтті. Универсиада аяқталғаннан кейін қала тұрғындарының қысқы спорт түрлеріне деген қызы­ғушылығының арта түс­кені байқалады. Мысалы, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, Айза Имамбек, фристайлдан Жанбота Алдабергенова, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, шорт-тректен Абзал Әжіғалиев бастаған қара­көз жүй­ріктеріміз, биатлоннан Г­алина Вишневская, Алина Рай­­­кова сынды алтын жүлделі саң­лақ­тарымыздың жарқын же­ңістері бұл спорт түрлеріне деген сүйіспеншіліктің артуына серпін береді деп ойлаймыз. Ибн Сина «Дене шы­нық­тыру жаттығуларымен ай­на­лыссаң, дәріге пысқырып та қарамайсың», деген екен. Ден­саулығын қада­ғалап, спорт­­пен айналысып жүр­ген адамға ауру да жоламайды. Адамның бақытты болуының оннан то­ғызы осы денсаулыққа байланысты екені тағы рас. Олай болса, деніміз сау, тәні­міз сергек болсын десек, осы бір ел игілігі үшін салынған ға­ламат спорт сарайларының жа­нынан айналып өтпей, ішіне бас сұғып, бір уақ денсаулыққа кө­ңіл бөлгеніміз ләзім болар еді. Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ, журналист АЛМАТЫ