28 Ақпан, 2017

Сұлтанмахмұт шығармалары жыл таңдауы атанды

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Бір ел – бір кітап» респуб­ликалық акциясы соңғы он жылдан бері ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау ісімен танылып жүр. Яғни, қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын жоғарылата түсуге дәнекер болуда. Кешегі аптада Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Бір ел – бір кітап» акциясында зиялы қауым өкілдері «Жыл кітабы-2017» таңдауы бойынша ұсыныстарды талқыға салды. Жиын барысында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі биыл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқуды ұсынды. – Биыл Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр, – дейді бұл жөнінде Дархан Қыдырәлі. – Осынау атаулы жыл ішінде жас­тарымыз тәлімін, тағылымын танып білсе деген ниетпен С.Торай­ғыровтың шығармаларын оқуды ұсынар едім. Арқалы ақын­ның рухты жырлары жастар­ды отан­шылдыққа тәрбиелеп, тағы­лымды ғұмыры көпке өнеге болатыны анық. Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөн­бейміз» деген философиясы бү­гінде Елбасымыз айтып жүрген «Мәңгілік Ел» идеясымен үндесіп жатыр. Сондықтан ақынның шығар­маларын жастарымызға үлгі ретінде көрсетуімізге болады. Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Несіпбек Айтұлы «С.Торайғыров әлеуметтік жырларымен танылған Абайдан кейінгі ақындардың бірі деуге әбден болады. Ұлт үшін күрескен осынау жалынды ақынның шығармаларын оқуға кеңес беремін», деп бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Шынында «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам!» деп жырлаған рухты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровты біл­­мейтін қазақ кемде-кем. Отты жырларымен қазақ поэзиясының көгіне өрмелеп шыққан арқалы ақынның шығармалары қанша заман өтсе де өз маңызын жойған жоқ. Содан болар осы жиынның модераторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Ғарифолла Есім және қаламгерлер Тұрсын Жұртбай, Мырзагелді Кемел, Ұлттық акаде­миялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева және комиссияның басқа да мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдап, ұлт үшін күрескен жалынды ақын Сұл­танмахмұт Торайғыровтың шығар­маларын оқу туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА