Қазіргі кезде 7 000 мектепте интернет орнатылған. Соның ішінде жылдамдығы 4 Мб/с асатын интернет тек 2000 мектепте ғана бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты.
«Еліміздің мектептеріндегі интернетті орталықтандыру керек. Сондай-ақ барлық сыныпқа Wi-Fi қондыру қажет. Бұл өте маңызды. Мұндай аппарат орнату аса қымбат емес», - деді министр. Сонымен қатар ол балаларға арналған жаңа деңгейлі цифрлық білім ресурстарын дамыту керектігін атап өтті.
«ЦБР – бейне және интернактивті сабақтар. Еліміздегі мыңнан астам мектеп, олардың ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері «BilimMediaGroup» компаниясы ұсынған ресурстарды 2014 жылдан бастап қолданып келеді. Биылғы жылы 11 мыңнан астам «үштік» - компьютер, процессор және экраннан тұратын жинақтар алынбақ. Ең алдымен ауыл мектептері және интернетке қосылу мүмкіндіктері жоқ білім ошақтары жабдықталады», - деді Сағадиев.
Министр бүгінгі таңда 73 ақпараттық жүйе барын баяндады. Олардың бәрі мәліметтерді 4 платформаға жібереді. Біріншісі – ҰБМБ (Ұлттық білім беру мәліметтер базасы) – бұл білім беру жүйесі бойынша барлық әкімшілік ақпарат. Екіншісі – бұл электронды күнделік – ағымдағы үлгерім, мектептер мен ТжәнеКБ-нің академиялық ақпараты. Үшіншісі – «бұлтты» бухгалтерия – еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарының бірыңғай бухгалтериясы. ЖБББЖ (Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесі) – ЖОО-лардың ақпараттық жүйесі.
«Аталған платформаларды енгізу үшін мектептердегі интернет жылдамдығын арттыру және олар үшін байланыс төлемін бірыңғай органда орталықтандыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапкершілікті жүктеу қажет», - деп атап өтті Е. Сағадиев.
Айта кетейік, былтыр осындай 7 300 комплект алынса, 2018 жылы 12 мың жинақ сатып алынады.