28 Ақпан, 2017

2016 жылы Оңтүстік Қазақстанда 300 млрд теңге салық өндірілген

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы 300 млрд теңгеден аса салық өндірілген. Өңірлік Мемлекеттік кірістер департаменті басшылығының сөзінше бұл сома бекітілген жоспардан 11 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілгенін көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Департамент басшысының орынбасары Ғалымжан Орыновтың сөзінше, бүгінде өңірде 325 мыңнан астам адам 211 мың шағын және орта бизнесте жұмыс атқарады. 2016 жылы облыс бюджетіне бизнес өкілдерінен 150 млрд. теңге түскен. «Бюджет түсімдерін толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету бойынша бекітілген жоспар 104 пайызға қамтамасыз етілді. Нақты айтқанда, бекітілген жоспар 291 млрд. 197 млн. теңге болса, бюджетке 302 млрд. 920 млн. теңге өндіріліп, артығымен 11 млрд. 724 млн. теңге түсті. Өткен жылмен салыстырғанда, өсу қарқыны 126% немесе 62 млрд. 288 млн. теңгеге өскен»,- деді Ғалымжан Орынов. Ал республикалық бюджеттің жоспары 189 млрд. 803 млн. теңге болса, нақты 196 млрд. 915 млн. теңге өндіріліпті. Кеден саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндаған департамент басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаевтың айтуынша, облыстың сыртқы тауар айналымы 1 млрд. 763 млн. АҚШ долларын құраған. Кедендік төлемдер мен салықтар 19,6 млрд. теңгеге немесе 58 пайызға өсіпті. Бүгінгі күні, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін, облыстың 18 ауданы мен қалаларында 26 ақпаратты қабылдау, өңдеу және беру орталықтары орналасқан. Мемлекеттік кірістер органдарымен барлығы 53 қызмет түрі көрсетіледі. Сондай-ақ, көлеңкелі бизнеспен күрес барысында департамент қызметкерлері  көптеген кәсіпкерлер құйтырқылық әрекеттерге барып жататындығын айтады. Мәселен, жеке компанияларын  бөтен адамдардың аттарына тіркеп қояды. Олардың қатарында студенттер, қарттар мен үйсіз жүрген азаматтар бар екен.