28 Ақпан, 2017

Ақтөбеде құс фабрикасы салынады

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтөбеде жылына 20 мың тонна құс етін өндіруге арналған фабрика салынады. Кәсіпкер фабриканы «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» тасжолының бойындағы ауылдардың біріне салу үшін жергілікті биліктен жер сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбеде жылына 40 мың тонна шұжық өндіріп, дайын өнімді ішкі нарықта және Ресейде саудалайтын «Рокос» компаниясы құс фабрикасын салуды қолға алды. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жоба құс өсіруге қажетті жем-шөптен бастап, дайын етті сатуға дейінгі аралықты қамтиды. Өнім алдағы уақытта Кедендік одақ аумағы мен алыс шетелге экспортталады. «Экспортқа бағытталған соң «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің бойын таңдап отырмыз. Бұл жол Ресейдің Орынбор облысына тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Қазір жер алу, несие рәсімдеу жұмыстарын бастаймыз. Біз қала ішінен емес, бір ауыл маңынан фабрика салып, сол ауылдың 200-ден астам адамын жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз»,- деді «Рокос» компаниясының инновациялық даму департаменті басшысы Вячеслав Шеканов. Жоба құны  50 миллион доллар. Фабрика жылына 20 мыңнан 32 мың тоннаға дейін құс етін өндіре алады. Мұнда тұтынушыларға тоңазытқышта мұзға айналған емес, салқындатылған құс етін сатуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамаға сай жер бөлуге уәде берді.