01 Наурыз, 2017

Айша Абдуллина, Қазақстанның халық әртісі: Мен Елбасының маңдайынан сүйген бақытты жанмын

396 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Туған ел, Аман болса жас, кәрі де, Бірге өскен құрбы-құрдас, дос бәріңе, Туған ел, енді аман бол! Жарасқан әзіл, сауық аға-жеңгем-ай, Аларсың мені не деп естеріңе, Өскен ел, сен де аман бол!.. Биыл 101 жасқа қадам басқан атақты халық әртісі, қазақ өнеріндегі аты аңызға айналған тірі тарих Айша Абдуллина небәрі 16-ға толғанда қазіргі Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында ең бірінші сомдаған бас­ты рөлі – «Еңлік-Кебек» койылымында Еңлікті ойнағанда «осы арияны орындап едім» деп сызылта, нақышына келтіре отырып даусы бір қарлықпай әнді әуелете жөнелгенде, еріксізден басымызды шайқай бердік, шайқай бердік. «Кебектің бейнесін Жағда Өгізбаев сомдады. Жабалдың рөлін ойнаған Оразғали Жұмағұлов қан майданнан қайтпады. Драма театрда басты рөлдерді сомдап жүрген даңқты Күләш Байсейітова опералық театрға ауысып, оны алмастыру міндеті маған тапсырылды», деді ария аяқталған соң сөзін сабақтай түскен ол. Мәссаған!!! Дарабоз дарынына қоса, не деген ғажа-а-ап есте сақтай алатын қабілет, сирек кездесетін қасиет десеңізші. Айша апаның 85 жыл бұрын жаттаған ариясын, сахнадағы серіктерінің аты-жөніне, тағдыры не болғанына дейін баяндап беруі қатты қайран қалдырды. Былтыр наурыз айында Алматы қаласында өткен «Еңлікгүл» деп аталатын фестивальға қатысып көпшіліктің сұрауымен Еңлік ариясын орындағанда өнерсүйер қауым ұзақ уақыт тік тұрып шапалақ ұрыпты. Расында да, ол нағыз бақытты адам. Өйткені, қазақтың тарихына, өне­ріне, руханиятына ғана емес, ұлттық құнды­лықтармен ұштасқан арман-мұраты жүзе­ге асуына, болашағы баянды болуына өзін­дік өшпес қолтаңбаларымен өлшеусіз еңбек сіңірген, тіпті, өз өмірлерін бәске тігуден де тайсалмаған біртуар арыстармен етене араласты, шапағатын көрді, батасын алды. Сол дәуірде әртістермен қоян-қолтық араласып жұмыс істеген классик жазушы Бейімбет Майлиннің мұның маңдайынан иіскегені де көз алдында. «Қызыл сұң­қар­ларды» қойып жатқан кездегі Сәкен Сейфуллиннің сұлу бейнесі, ол тіктеп қараған кезде, қазақ қызына тән ұяңдықпен төмен қарайтыны да есінде. Қайталанбас саңлақтар Құр­ман­бек Жандарбеков, Манарбек Ержа­нов, Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды алыптармен бірге жүріп, сахнада бірге ойнағаны қазір ойлап отырса тарих. Айша апа әлі ештеңені ұмытпаған. Әрбір қойылымындағы кейіпкерінің аты-жөні, айтқан сөзі, қай жылы қайда барғаны, кімнің не дегені...бәрі-бәрі есінде екен. – Апа, осының бәрін қалай ұмыт­пайсыз? – дедік таңғалған біз. – Қалай ұмытамын?! Неге ұмытамын? Ұмыта алмаймын, – деді Айша апамыз. Айша апаның өнеріне бала кезден ғашық болып өскендердің бірі – театр сыншысы Әшірбек Сығай еді. Пәни дүниедегі талқаны таусылғанша сахнаның сырын аша түсуге тер төккен ол өзінің «Ой төрінде – театр» атты кітабында Айша Абдуллина туралы: «М.Әуезов, В.Шекспир, Н.Тренев, Н.Гоголь, А.Островский, Ш.Құсайынов, Ә.Әбішев, К.Гольдони, Ғ.Мүсірепов, Д.Исабеков, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Жүнісов, О.Бөкей, С.Мұқанов, С.Ахмад сынды тағы басқа қаламгерлердің туындыларында көсіле қайрат көрсеткен актриса еңбегі әлдеқашан театр тарихында алтын әріппен таңбаланған», – деп жазды. Ал халық әртісі Асанәлі Әшімовтің Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрында өткен Айша Абдуллинаның 95 жылдық мерекелік кешінде: «Кезінде қазақ сахна өнері майталмандарымен бірге жүріп, солардан көп нәрсені сұрап қала алмағаныма өкінемін. Айша апай қазақтың маңдайына біткен біртума дарын иелерімен бірге жүрді. Ол – көзі тірі шежіре. Сондықтан кейінгі ұрпақ үшін, тарих үшін бұл кісіден көп нәрсені сұрап қалуға тиіспіз», – деп толқи сөйлегені есімізде. 95 жасына дейін сахнадан қол үзбеген Айша Абдуллина осы мерейтойын атап өткеннен кейін Қырғызстанда тұратын жалғыз перзенті Айгүлдің шаңырағына көшіп баруға шешім қабылдапты. Бішкек қаласындағы Тоқтағұл көшесінде орналасқан 77-үйдің 69-шы пәтерін сұрастырып жүріп таптық. Есікті күлімдеп келіп ашқан Айгүл апамыздың жасы биыл 79-да екен. Сырт көзге жасы 60-тың төңірегінде сияқты. Жездеміз Саид Өмірзақов жұмысқа кетіпті. Үйдегі отбасылық фотоальбоммен танысқанда ол кісінің де қартайып тұрмағаны аңға­рылады. Сексен жасқа келсе де Бішкектегі жоғары оқу орнында студенттерге дәріс оқиды. Олар Мәскеуде білім қуып жүріп танысыпты. Айгүл апамыз 45 жыл бойы Бішкектегі мұрағатта еңбек етіпті. Оның 15 жылын директор болып қызмет атқарған. Зейнеткерлікке шыққан соң да ғылыммен айналысуын тоқтатпаған. Ғылымға әуес ерлі-зайып­тылар және В.Плоских деген автор үшеуі бірлесіп былтыр желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне «Қырғызстанның тарихындағы Тұрар Рысқұлов» деген деректі жинақты жарыққа шығарыпты. Айша Абдуллина үш немере сүйген бақытты әже. Екі ұл, бір қыз. Бүгінде өздерімен бірге тұратын үлкен немересінің есімін Арман деп кезінде өзі қойыпты. Одан тараған шөбересі, алақанынан май жалатқан Дастанымен біз де таныстық. Ұзын бойлы бозбала «Апатай» деп асты-үстіне түскеніне риза болыстық. Жалпы, ол жақта үлкені де, кішісі де Айша апаны бірауыздан «Апатай» деп атайды екен. Екінші немересі Әзиз Америкада. Бизнеспен шұғылданады. Келіншегі Алтынай қазақ, Алматының қызы. Алтынай сол жақтан жеке балет мектебін ашқан. Үшінші немересі Айсұлу Канадада тұрады. Ол да отбасылы. Апатайы алыс­тағы немерелерімен, шөберелерімен ғалам­тордың мүмкіндігін пайдаланып «скайп» арқылы жиі тілдесіп тұрады. Көзқуаныштарымен тірідей тілдескенге, аймалап мауқын басқанға не жетсін?! Әттең, бірнеше сағат ұшақпен сапар шегуге денсаулығы көтермейтінін түсініп, амалсыз көндігеді. Енді олар келетін жазғы демалыс уақытын асыға күтіп жүр. Ғасырдан да ұзақ жасаған абыз ана, аңыз адам Айша Абдуллина ешкімнің сүйемелдеуінсіз алдымыздан өзі шығып, «айналайындар» деп, бетімізден сүйіп амандасты. Әлі тың. Әдетте, қарттықтың белгісі ертерек байқала бастаған адамдар жайлы «қайтсін енді, тағдырдың ауыртпалығын басынан көп кешіру оңай емес қой», деп ой тастап қоятынымыз бар. Сол тағдыр шіркін Айша апаға әбден теперіш тартқызса да мойымаған мық­тылығын айтсаңызшы. Жалғыз ұлы сәби шағында шетінеп кеткенінің өзі пенде атаулының басына салмасын дейтін ауыр сынақ қой. Анасы Бибіхадишадан айырылғанда небәрі 3 жаста болған. «Анам қайтыс болғанда жылағаным есімде. Анашымнан айырылғанымды сәби жүрегім сезді ме, әлде ағаларымның жылағанына қосылдым ба, білмеймін», деді бір сәт жүзі мұңайып. Анасының ешбір суреті қалмағандықтан түр-түсінің қандай екенін де білмейді. Әжесі жарықтық «Сен әкеңе тартқансың, шешең өте көрікті еді, оған ағаларың ұқсаған», деп отырады екен. Әкесінің есімі Төкебай. Анасы сырқаты асқынып өлер алдында «Айшаны нағашы әжесі бақсын», деген өсиет айтыпты. «Әкесі Төкебай мен өлген соң үйленіп кетеді, алған жарының қандай болары беймәлім ғой», депті. Айша апаны өсірген де, адам қылған да нағашы әжесі. Есімі Бейауан. Негізінде Айша апаның дүние есігін ашқан кезде қойылған есімі Бибіғайша. Кіндік қаны тамған жер – Алматы қаласы. Балалық шағында Күләш Байсейітова екеуі бір көшеде тұрыпты. Алматыдағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке оқуға барады. Төкебаева Бибіғайша болып жазылған бүлдіршін уақыт өте келе нағашы атасының ұйғарымымен Айша Абдуллина атанады. Сын сағатта Айша апа да нағашы жағының жақсылығын еселеп қайтарды. Соғысқа кеткен наға­шы ағасының екі баласын асырады. Өзіне жетімдіктің тауқы­метін тарттыра қоймаған нағашы ата-әжесі де бер­тінге дейін қолында болды. Жиендерін жетілдірді. Құдай қосқан қосағы Әнуарбек те соғысқа қатысқан. Бұл әулеттің де тағдыры ауырлау болған. Әкесі бай болған деген желеумен 18 жасында Әнуарбек қа­мау­ға алынып, нақты тағар айып табыл­мағандықтан, абырой болғанда бір аптадан соң босатыпты. Әнуарбек кейінірек кедейдің баласымын деп, құжат туралап, Ленинградтағы сауда институтында оқыған. Соғысқа барып келген соң оқуын жалғастырып, Ленинградтағы жоғары экономика курсын бітірген. Алматыдағы асханаларда басшылық қызметтерді атқарады. Уақтысында үлкен лауазымды қызметке де ұсынылған екен. Алайда, сол кезде айналасындағы күндеушілер «бұл байдың баласы, кедейден шыққанмын деп құжат туралаған», деп арыз жазыпты. Осыдан кейін оны жұмыстан да, партия қатарынан да шығарып жіберген. Күйеуінің ағасын 1937 жылы ұстап әкетіпті. Ал қайын енесі бертінде қайтыс болыпты. – Енеңіз бен қайынағаңыздың есімі кім еді? – дедік ойымызда ештеңе жоқ біз журналистік қызығушылықпен. – Мен енем мен қайынағамды қалай атаймын? – деп өзімізге қарсы сұрақ қойды. Әңгімеге қызы Айгүл араласып қайын­атасы Шәкей, қайынағасы Мағауия, енесі Рахия екенін білдік. Не деген ізеттілік, ата салтқа деген адалдық пен шынайы құрмет десеңізші. Біз де Айша апа берік ұстанған қазақы дәстүрге сәйкес ғасырдан да ұзақ ғұмыр сүрген абыз ананың, қазақ руханиятының тарихында әзірге басқаларға бұйыра қоймаған өзіндік өнері мен өмірбаяны бар көзі тірі аңыз адамға кәдесый жасап, батасын алайық, теберік ретінде тілегін тыңдайық деген ізгі ниетпен бүгінде жаңаша бетбұрысы оқырман көңілінен шыға бастаған, енді екі жылдан кейін 100 жылдығы кең көлемде тойланатын «Егемен Қазақстан» газетінің атынан ұжым басшысы, Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жолдаған ыстық сәлемді жеткіз­дік, сыйымызды ұсындық. Алдағы 8 Наурыз мерекесімен құттықтай отырып басына ақ жаулық жаптық, үстіне қазақы ою-өрнекпен зерленген камзол кигіздік. Сөз арасында «Егемен Қазақстан» елдің талап-тілегіне, Елбасының саясатына қарай бағыт-бағдар түзген ең та­ралымы көп басылым екенін атап айтып өттік. Айша апамыз 97 жасқа дейін га­зетті көзілдіріксіз оқи беретін болған. Соңғы 3-4 жылда газет оқуға көзі толық жете бермейді. Теледидарды да жақын­нан көреді. Бішкекте қазақша арна­лардан тек бір арна («Хабар» арнасы) көрсетеді. Телеарнадан Елбасы Н.Назарбаевтың сөздерін мұқият тыңдауға құмарлығына таңдандық. Оған біз ала барған басылым нендей тақырыптарды қаузағанына қысқаша шолу жасап бергенімізде, «Егемен Қазақстан» газетін қолына ұстап тұрып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы тамаша естелігінің түйінін тарқатты. – Қайбір жолы, 10 жыл болды-ау шамасы, Елбасы Шымкенттегі күрделі жөндеуден өткен Шәмші Қалдаяқов атын­дағы филармонияның тыныс-тір­шілігімен танысуға келді. Сол кезде бір топ зиялы қауыммен кездесті. Мен сол жолы Президенттің маңдайынан сүйіп, батамды берген бақытты жанмын. Бірге суретке де түскенбіз. Назарбаевтай Президент әлемде жоқ. Құдай Назарбаевты қазақтың бақыты үшін берген. Елді жақсы басқарып жатыр, соның саясатының арқасында зейнетақымызды да жақсы аламыз. Президенттік стипендия да алып жүрміз. Ел басшымыз аман болсын. «Сексенге келгенде ел ағасы, тоқсанға келгенде ел атасы, жүзге келгенде ел бабасы» болсын», деп үнемі айтып отырамын, дейді халық әртісі. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Шымкент –Бішкек – Шымкент  

Еліме, Елбасына шексіз ризашылығымды білдіремін

Алла тағала маған бір ғасыр өмір сүруді нәсіп етті. Осыған шүкіршілік ете отырып айтатыным, әуелі Алла, содан соң көрермендерімнің ықылас-пейілінің арқасында осы жасқа жеттім. 95 жасқа келіп сахнамен қоштасар сәтте көрермендерімнің бірі «Жүзге келіңіз, апа!», деп еді. Мінеки, жүз бірінші көктемімді қарсы алып отырмын. «Көп тілегі қабыл» деген осы. Көп тілегі қабыл демекші, көктем мерекесі қарсаңында еліме, көрермендеріме өзімнің ризашылығымды білдіргім келеді. Өнердің құдіретін, қадір-қасиетін бағамдай білетін мемлекет пен халық қана өнер қайраткерлерін алақанына салып аялайтыны анық. Құдайға шүкір, Қазақ елі Елбасының арқасында осындай кемел қоғамға қол жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениеттің өркендеуіне басымдық беруінің арқасында қазақ өнері бүгінде төрткүл дүниеге танылды. Сондай-ақ, өнер қайраткерлеріне арнайы стипендияның тағайындалуы мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың бірі ғана. Сол себепті мен Елбасына өзімнің риясыз алғысымды жеткізгім келеді. Айша АБДУЛЛИНА, Қазақстанның халық әртісі