Әлемге есімі әйгілі француз әншісі Мирей Матье мүлдем тұрмысқа шықпады, Патрисия Каастың әлі күнге дейін сүйіктісі жоқ. Белгілі тележүргізуші Опра Уинфри алпысты алқымдаса да, тұрмыс құрғысы келмейді.
Бүгінде «Махаббатқа сенбеймін», «өмірде махаббат жоқ», «намысты, келісті ер жігітті кездестіру қиын» деген сөздерді жиі естиміз. Мұны жай айтылған сөз деп қабылдасаңыз, қателесесіз. Бұл – фобия. Қайта-қайта сананы мазалаған үрей. Әлем бойынша ғылымда 10 мың фобия тіркелсе, соның ішінде сүюден, ғашық болудан қорқу филофобия деп аталады.
Психологиялық дерт атанудың алдында тұрған «Фобия» қазақ әйелі үшін де таңсық емес. Мамандардың жуырда жасаған сауалнама нәтижесі бойынша, әрбір үшінші әйел үйінен есігінің алдына боянбай шығуға батылы бармайтынын айтқан. Сауалнамаға үш мың әйел қатысқан. Әрбір оныншы бойжеткен сүйіктісінің көзінше үнемі боянып жүру керек деп есептейтінін жеткізген. Ғалымдардың айтуынша, адамның кемшіліктен қашу себебінен өзіне деген сенімділігі төмендейді. Осының салдарынан филофобтардың қатары күн санап артуда.
Тағы бір қырынан қарап көрсек, махаббат – химиялық формулалардың жиынтығы. Яғни, біреуді жақсы көрудің өзі биологиялық ағзаңызға байланысты болады. Мысалы, сүйіктіңізді еске түсіретін болсаңыз, денеңізде дофамин мөлшері ұлғаяды. Жүрек соғысыңыз жиілеп, қан айналымының жылдамдығынан адреналин бөлінеді. Қартаю процесі де дофамин мөлшері азайғанда басталады. Антрополог Ратджерс Хелен Фишердің айтуынша, дофамин жан-тәнімен ғашық болуға әсер етсе, серотонин бауыр басқан кезде бөлінеді. Окситоцин гормоны сүйіктіңізбен салмақты қарым-қатынасты, тіпті адалдықты қадағалайды. Ал ағзаңызда дофамин, серотонин мен окситоцин гормоны жетіспесе, миыңыздағы нейрондар зақымданып, сөзсіз филофоб болып шыға келесіз. Нобель сыйлығының иегері Уолтер Уайт «бәріміз химия элементінен құралғанбыз» деп бекер айтпаса керек.
Психологтар махаббатқа сенбейтіндердің көпшілігіне мына жағдайлар әсер етуі мүмкін дейді:
– балалық шағында ата-анасының бір-біріне деген суық сезімін көріп өскен бала махаббаттың барына сенбейді;
– әке-шешесінің ажырасып, өзгемен отау құрғанын қайталағысы келмейді;
– жауапсыз сезімді басынан өткергендер ғашық болудан қорқады;
– бостандыққа үйренген бойжеткендер басыбайлы болғысы келмейді;
– сәтсіз некеден кейін, екінші рет тұрмысқа шығудан тартынады.
Ғылым тілі былай дейді: фобияға душар болған адам мазасызданады, тамырының соғуы мен демі ұлғаяды, бозғылттанады және тез қызарады. Бұл белгілерді күйзеліске бейім адамдардың бойынан аңғаруға болады.
Жоғарыдағы белгілердің бәрі үмітсіздікке алып келеді. «Шал мен теңізді» жазған Эрнест Хэмингуэй: «Адамда қиыншылық пен қуаныш аяқталғанда, кеудені бос қуыс кернейді», деген еді.
Айтар ойдын түйіні, ғашық болудан қорықпаған абзал. «Қорыққанға қос көрінер» деген сөзді жадымызда берік орнатсақ, барлық ауыртпашылықтан арыла алады екенбіз.
Салтанат Сүгір