01 Наурыз, 2017

Ортақ мүдде өзара ықпалдастыққа жол ашады

399 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгін Пәкістанның астанасы Исламабадта Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) ХІІІ саммиті басталды. Халықаралық аренада өзіндік беделі зор ұйымның бұл айтулы жиынына еліміз атынан Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов қатысуда. Саммитте ЭЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму жоспары және ұйымды реформалау жөніндегі мәселелер қарастырылуда. Жалпы, Экономикалық ынты­мақ­тастық ұйымының еліміз үшін үл­кен маңызға ие бірлестік екені талассыз. Өйткені, Қазақстан осы Ұйым шең­бе­рін­дегі іс-қимылы арқылы бірқатар та­быс­тарға қол жеткізгені анық. Сон­дық­тан, бүгін ЭЫҰ тұрғысында аз-кем сөз қозғауды жөн көрдік. ЭЫҰ 1985 жылы құрылған, аймақтық ын­тымақтастықты дамыту құқығына ие Үкіметаралық ұйым болып табыла­ды. Алғашқыда ЭЫҰ өзінің үш құ­рыл­­­тайшысы – Иран, Пәкістан және Түркия мемлекеттерінің 1977 жылдың нау­рызы­н­­дағы Измир шартының келісімі бойынша қол қойылған жарғы аясында әрекет жа­сады. ЭЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық 1992 жылға дейін екіжақты қатынастағы си­­патта болды. Ұйым жұмысы 1992 жыл­дан бастап жаңа жеті мемлекеттің – Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Қырғызстан жә­­не Өзбекстанның қосылуына бай­л­а­ныс­­­ты белсенді түрде дамыды. Қазақстан ЭЫҰ-ға ресми түрде 1992 жылы 28 қарашада Исламабад қала­сын­да өткен Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше отыры­сында қабылданды. Дәлірегі, біздің елі­міз аталған жиында Ұйымның толық мү­шесі болып сайланды. Бұл дата ресми түрде ЭЫҰ күні болып есептеледі. Ұйым­ның ресми тілі – ағылшын тілі. Қазіргі таңда ЭЫҰ-ға мүше мем­ле­кет­тердің барлық жер көлемі 7 млн шаршы километрді алып жатыр, хал­қының саны 440 млн адамнан асып жы­­ғы­лады. Бұл өз кезегінде ЭЫҰ-ның эко­­номикалық әлеуетінің зор екенін көр­се­теді. ЭЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық мүше елдердің сенімді әріптестік және өзара түсіністік, сондай-ақ, тепе-теңдік қағидатына негізделген. Ұйымның не­гіз­гі міндеті аймақтың экономикалық да­муы үшін қолайлы жағдайлар жасау, ішкі қатынастарды өзара ынтымақтастыққа негіздей отырып, әлеуметтік, мәдени, ғы­лыми-техникалық салаларды дамыту, мү­ше елдерді уақыт талабына сай интегра­циялау болып табылады. Жалпы, ЭЫҰ стратегиялық маңызға ие энергия ресурстары мен қазба бай­лық­тары мол аймақтарды біріктіреді. Ұйым­ға мүше мемлекеттердің ортақ стратегиялық мақсаты – экономикалық инфрақұрылымды дамыту, заманауи институттар құру, өндірісті ілгерілету және аймақтық сауда көлемін арттыру. Осы орайда ЭЫҰ-ның экономикалық интеграция бағытындағы, аймақтық ынтымақтастықты дамытудағы рөлі зор. ЭЫҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан іргелі ұйым ретінде мойындалған бірлестік. Сондай-ақ, ол БҰҰ және ИЫҰ-дан (Ислам ынтымақтастығы ұйы­мы) байқаушы мәртебесін алған. Осы арада БҰҰ Бас Ассамблеясы өзі­­­нің 50-сессиясында ЭЫҰ-мен ын­ты­­мақтастық жөнінде арнайы қа­рар қа­­былдағанын да айта ке­тей­ік. Бұ­­лар­дан бөлек, ЭЫҰ отыз ха­лық­ара­­лық ұй­ым­ның, Еуропалық одақ, ШЫҰ­, АӨСШК және басқа да беделді бір­лес­­тіктерге мүше елдердің тарапынан мой­ындалған. ЭЫҰ аясында маңызы жоғары, түр­л­і саланы қамтитын 14 мекеме, 6 ма­­ман­дандырылған институт, 5 қор жұ­­­мыс істеуде. Бұған қоса, ЭЫҰ поли­ция­­сы (ECOPOL), Зерттеу орталығы жә­­не Коррупцияға қарсы күрес ведом­ство­лары және омбудсмендермен ынтымақтастық жөніндегі аймақтық орталық қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда ұйымға мүше мем­ле­кет­тердің алдында ЭЫҰ-ның әлеуетін арт­тыру, оның қызметін жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап беретіндей дамыту, уақыт талабына сай бейімдеу міндеті тұр. Сондықтан да, бүгінгі ХІІІ саммитте ЭЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму жоспары қарастырылуда. ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер эко­но­микалық даму бағытында аймақ­тық ынтымақтастықты кеңейтуге мүд­де­лі. Осы орайда, Ұйымның алдағы уақыт­та­ғы даму бағдарламасында сауда, көлік жә­не коммуникация, энергетика, туризм, ха­лықтың әл-ауқатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау салаларына басымдық берілмек. Сауда саласы ЭЫҰ-ға мүше мем­ле­кет­тердің өзара ынты­мақ­тас­тығының не­гізгі тірегі болып қала береді. ЭЫҰ-ның 2025 жылға арналған жоспарында эко­номикалық өсімге қол жеткізу үшін ай­мақтың әлеуетін тиімді пайдалану, ұйым­­ның әлемдік саудадағы үлесін арт­ты­­ру көзделуде. Сол сияқты, көлік және коммуника­ция, туризм, энергетика салалары да ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара ық­палдасуында аса маңызды рөлге ие. Сондай-ақ, 2014 жылы құрылысы аяқ­­талып, пайдалануға берілген, Қазақстан, Түрікменстан және Иран пре­­­з­иденттерінің қатысуымен тұсауы ке­­­с­ілген «Өзен – Қызылқия – Берекет – Гор­ган» бағытындағы ұзындығы 900 ша­қы­­рым­ды құрайтын трансұлттық темір жол желісінің орны бөлек екенін айтуы­мыз керек. Бұл – Қазақстанды теңізге шы­ғаратын ең қысқа жол. Аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың негізі факторы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ІЖӨ-нің 14,5 пайызы агроөнеркәсіптік ке­шеннің үлесінде. Ұйым елдерінің бел­сенді тұрғындарының 40 пайызы ауыл шаруашылығында жұмыс іс­тей­ді. ЭЫҰ-ның агроөнеркәсіп кеше­нін дамытуға арналған азық-түлік қау­іп­сіздігі жөніндегі бағдарламасы дайын­дал­­ған. Осы бағдарлама аясында мүше мем­­лекеттердің қатысуымен түрлі ай­мақ­­тық орталықтар құрылып, жұмыс іс­теу­де. Жалпы, ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, іскерлік байланысты өз деңгейінде орната білді. Қарым-қатынастың осылайша жақсы ырғақта дамуына ЭЫҰ саммиттерінің елеулі ықпалы бар екенін атап көрсету керек. Бұл алқалы жиындар әр саладағы проблемалар бойынша ай­мақтық сипатта немесе жаһандық ма­ңыз­да пікір алмасу болып табылады. ЭЫҰ-ның І саммиті 1992 жылдың ақ­панында Тегеранда өтті. Содан бері үзі­ліссіз ұйымдастырылып келе жатқан бұл саммит Ұйымға мүше мемлекеттерді одан әрі ұйыстыра түсіп, өз міндетін лайықты орындауда. Бүгін басталатын, Исламабад төрін­де­гі ХІІІ саммит те лайықты деңгейде аяқ­талады деп ойлаймыз. Саммит аясын­да Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен екіжақты және көпжақты шаралар ұйымдастырылады. Бұл үнқатысу алаңы қазақстандықтар үшін өздерінің экономика бағытындағы әлемдік және аймақтық бастамаларын алға шығаруға мол мүмкіндік береді. Бұған қоса, атал­ған саммит шеңберінде ЭЫҰ-ға мү­ше мем­лекеттердің ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесіне қатысуға қатысты дайын­ды­ғы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ис­лам ұйымының қызметі де басты назар­да болмақ. Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғының қызметін дамыту бойынша ЭЫҰ мүмкіндіктерін барынша пайдалану да маңызға ие. Бұл халық­ара­лық қаржы ұйымының негізгі қыз­ме­ті Астанада аймақтық капитал на­ры­ғын құру болып табылады. Ал бұл капитал нарығы Ор­та­лық Азия өңір­і­н­дегі түрлі ком­па­нияларға ЭЫҰ ай­ма­­ғындағы ха­лық­ара­лық қаржы және инвес­ти­циялық құ­ры­лымдардың қаржылық ресурстарын тартуға мүмкіндік туғызады. Исламабадтағы ЭЫҰ саммиті келер жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымы­ның Ғылым және технология саммитіне сапалы дайындық жасауға да жақсы мүмкіндік береді. Бағдат ӘМІРЕЕВ, Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі