Алматыда өндірушілер мен тұтынушылардың арасын тікелей жалғайтын сауда орталығы ашылды. Бұл бастаманың арқасында бағаны өсіретін екі арадағы делдал ұғымы жойылмақ.
«Mizam» аталатын бұл базардың аумағы да атшаптырым – 2,5 мың шаршы километр және бұл көрсеткіш алдағы жазда тағы да өсе түспек көрінеді. Делдалсыз сауданың арзанға түсетіні белгілі, бұл жердегі баға, басшылықтың айтуынша, сауда үйлерін былай қойғанда, қара базардағы нарықтан да төмен болмақ. Сондай-ақ, өнімдердің экологиялық таза болуы да қатаң бақылауға алынады.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің айтуынша, жылына 228 миллиард теңгеге азық-түлік тұтынатын тұрғыны бар мегополистегі бұл жоба екі тарап үшін де өте тиімді. Сатып алушы мен сатушының арасында тығыз қарым-қатынас орнаса, тауардың сапасы және артады. Сонымен бірге, бұл орталық бүкіл қаладағы азық-түлік бағасының төмендеуіне әсер етеді.
«Mizam» ЖШС көтерме-бөлшек сауда орталығының басшысы Досмұхан Керімбеков «Еуропа мен Азияның біраз елдерін араладық, жиырма шақты базарды салыстырып көрдік. Жаңа, тың формат іздедік», дейді. Ақыры Францияның «Ранжис» нарығының тәжірибесіне негіздеуді жөн көріпті. Сауда орталығында өз өнімін сатқысы келетіндер алып-сатар емес, нақты өндіруші болуы – басты талап. Бұл жіті тексерістен өтіп, уақтылы қадағаланып тұратынын айтады базар басшылығы.
Әзірге тұсауы жаңа ғана кесіліп, есігі енді ашылып жатқан орталықта 300-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Ал, негізгі жоспар бойынша 2000 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл ірі сауда орталығы алдағы уақытта тәулік бойы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ