Жоғары хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Өскеменнің «Торпедо» командасы Ижевскінің «Ижсталь» хоккей клубымен күш сынасып, 3:2 есебімен басым түсті.
Бұл матчта алғашқы голды 21-минутта Максим Беляев салып, айдын иелерін алға шығарды. 29-минутта Константин Романов басымдықты арттыра түсті. Намысқа басқан «Ижсталь» ойыншылары 33-минутта Никита Панасенконың көмегімен есеп айырмашылығын қысқартты. Дегенмен, араға бес минут салып, Талғат Жайлауов «Торпедоның» үшінші шайбасын салды. Ал соңғы кезеңнің басында Евгений Банцерев кездесудегі соңғы голды соқты.
Плей-офф бәсекесінің алғашқы ойынында өскемендіктер 1:0 есебімен басым түскен. Ал келесі матч бүгін Ижевскіде өтеді.
Бұл сында өнер көрсетіп жатқан тағы бір қазақстандық клуб – Қарағандының «Сарыарқасы» «Звезда» командасын қабылдап, 0:4 есебімен ойсырай ұтылды.
Қонақтар сапынан Александр Шаров 5-минутта есеп ашса, Артем Антипов 25-минутта еселей түсті. Федор Колупайло 35-минутта басымдықты арттырды. Ал ойынның аяқталуына бірнеше секунд қалғанда Вячеслав Основин соңғы шайбаның авторы атанды.
Қос команда арасындағы алғашқы кездесуде «Сарыарқа» 6:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Енді келесі екі матч «Звезда» командасының айдынында өтеді.